Жуырда әлеуметтік желідегі көптің талқысына түскен «Қатыным» әні шыққанын білеміз. Бірі бұл сөзге шамданса, бірі жөн санап, ұзын-сонар тартыс басталған. Qamshy.kz ақпарат агенттігі әншінің өзімен сұхбаттасып, әннің мақсат-мүддесін анықтап, шығу тарихын білуді жөн көрген.
Қош! Елдің бұл әнге деген көзқарасы туралы, әннің дүниеге келу тарихы, өнердегі азаматтардың пікірі жайлы біраз әңгімелестік. Әрі қарай оқи түсіңіздер.
- Солтүстіктің жігітіне «қатын» деген сөз қатты әсер еткендей ме? Желіде «хит» болған «Қатыным» әнін жазуға не түрткі болды?
- Бұл әнді жазудағы мақсатым – қолданыстан шығып қалған қазақтың төмен етектілер бағытына қарата айтатын «қатын» деген титулының мағынасын ашу еді. Мен өзім солтүстіктің жігітімін. Біз жақта бұл сөзді көп қолдана бермейтін. Біреу туралы кереғар пікір айтқанда, жамандағанда, ұрыс-керісте ғана ара-тұра естіп қалатынбыз.
Алматыға келгеніме он жылдың жүзі болды. Шымкент жақта, жалпы оңтүстік аймақтарда «қатын» деген сөзді көп қолданады. Алғашында маған да ерсі көрінетін. Келе-келе құлақ үйреніп кетті. Дәл осы әнді жазарда мен «қатын» сөзінің тарихын қазақы дәстүр бойынша, шариғат бойынша біршама зерттедім. Жоқ, қазір құлаққа түрпідей тиетін бұл сөздің әуелгі мағынасы мен тарихтағы қолданылу аясы айтарлықтай көлемді. Мағынаға салар болсақ абыройдан да кенде емес.
«Қатын» сөзі әйелді сабасына түсіреді...
Қазіргі уақытта күнделікті көріп жүрген бір жайт бар. Жігіттер келіншегін, сүйіктісін «жаным, күнім, айым, ботам» деп еркелетіп жатады. Менің зерттеуім бойынша, дәл осы «жылы» сөздер әйел адамның өз-өзін көтермелеуіне алып келеді. Ал қазақтың «әй, қатын» деген бір ауыз сөзі оны сабасына түсіреді екен.
Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Сол кезде ер адамның «қатын» деген сөзі өзіне рух беріп, қожайын екенін аңғартатын құдіретке ие.
Ән қалай шықты, идея қалай келді?
Біршама уақыт бұрын, мамыр айы кезінде «Жекпе-жек» деген бағдарлама болып, соған біздің топтың солисті Мақсат Рахмет қатысып, біз қолдауға бардық. Бағдарламадан шыққаннан кейін жігіттердің барлығын алып келіп әнді тыңдаттым. Ол жерде Елдос Үмбетәлі деген ақын, композитор бауырым, Айтбек Тұрсынбай деген ақын бауырым бар. Содан жігіттерге осындай ән шығарғанымда, енді сол әнге тақырып қажет екенін айттым. Елдос «тұрмыстық тақырып ал» деген ақыл айтты. Артынша «қатын» деп жазсай деді. Сол жерде бәріміз бұл тақырыпқа күлдік. Бірақ артынша ойлана бастадым. Дәл осы сөзді терең әрі жан-жақты зерттей бастадым.
Омар Жәлел, Мұхамеджан Тазабек сияқты ағаларымыз «қатын» сөзінің дұрыстығы туралы айтып жүр ғой. Бірақ бұл туралы ән жоқ, тақырып жоқ. Содан тәуекел етіп, бел байладым.
Бұл әннің сөзін жазу да аса бір қиындық туғызды деп айтпаймын. Жігіттер жиналдық. Таңнан кешке дейін жан-жақты дайындығымызды, жиған-тергенімізді бір пысықтап алдық. Негізі, әннің сөзін Елдос Үмбетәлі жазатын болған. Бірақ тура жазар кезде Айтбек бауырым Елдосқа өтініш жасады. Солай кіріскен бойда жарты сағат көлемінде жазып шықты сөзін. Екі ақын жазған сөзді Аманжол Рысмендиев ағамыз келіп түзеді, қарады. Осылайша «Қатыным» деген ән жарыққа шықты.
- Кім қалай қабылдады? Әсіресе үзеңгілес жігіттер, өнердегі достарыңыз қандай пікір білдірді?
- Ән жарыққа шыққаннан кейін біршама адам жақсы қабылдады, сәттілік тілеп жатты.
Кей жігіттер болды «Әзеке, бұл қалай болады екен?! «Алаш ұлы» тобының репутациясына келмейді ғой. Тойдың төңірегіндегі ойнақы дүние ғой» деген. Бірақ олар да әнді бірнеше қайтара тыңдап, бейнебаянын көргеннен кейін пікірлерін өзгертті.
- Бейнебаян тақырыбына өзіңіз ойыстыңыз. Бейнебаянда, тыңдармандар пікіріне сүйенсек, барлық кейіпкер өз орынын тапқан. Актерлар қалай таңдалды?
- Бейнебаян жылдам түсірілді. Ол үшін ағаларға, достарыма, актерларға алғысым шексіз. Актерлар таңдауға келгенде көптің пікірі түрлі сериалдарда ерлі-зайыптының рөлін сомдап жүрген Ақболат пен Мадинаға түсті.
Ақболат та, Мадина да бір ауыз сөзге келместан келісе кетті. Бірі Ақтөбеден, бірі Нұр-Сұлтаннан ұшып келді. Тағы бір биші Нұр-Сұлтаннан арнайы келді.
Қарап отырсақ, бейнебаян түсіруге айға жуық уақыт керек. Сценарий жазу керек, оператор, камера табу қажет, түсетін актерлармен келісу керек дегендей. Бізде, Аллаға шүкір деп айтайын, осының барлығы бір аптаның ішінде тәмәм болды.
Қымбат үй де, мейрамхана да, актерлер де, оператор камерасымен табыла кетті. Бұл ретте қолдау білдірген ағаларға, үйін түсірілімге берген Аманжол ағаға алғыс білдіремін.
Дұға жасап, бата алып жазған ән «хит» болады...
Неге екенін білмеймін, осы әнді жазарда ұстаздардың алдынан өтіп, іштей дұға жасап, имамдармен ақылдасып алдым. Осындай «қатын» деген сөзді тақырып етпекпін, осы сөзді қолданысқа енгізбекпін дегендей...
Әрине, мен білемін, бұл әннен кейін күллі еркек қаһарына мініп, әйеліне «әй, қатын» деп зекіп шыға келмесі анық. Десек те, ұлттың тарихында болған титулды жаңғыртып, «қатын» деген сөздің құлақта қалыптасқан жиіркеніштілігін азайтуға бір мысқал болса да үлес қосқым келді.
Мұқағали сөзі...
Мұқағали Мақатаевтың «қатын» сөзі туралы айтқан бір оқиғасы елдің ауызында жүр. Ол кезде ең алғаш көлік тізгіндеген төмен етектілердің такси бола бастаған уақыты. Ақын қол көтерсе жанына келіп бір көлік тоқтапты.
- Шопыр бола, шопыр бала. Көлігіңде орын бар ма? – десе рөлдегі әйел айтыпты:
- Мен сізге бала емеспін, мен қызбын!
- Әй, шопыр қыз, шопыр қыз, көлігіңе отырғыз, - десе рөлдегі әйел тағы да ренжіп:
- Неге маған қыз дейсіз, - деген көрінеді. Сонда Мұқағали:
- Шопыр қатын, шопыр қатын, - дей бергенде әлгі әйел бұлқан-талқан болып:
- Мені неге «қатын» деп кемсітесіз, - депті.
- Сен білсең, «қатын» деген сөздің әр әрпінде мағына бар, - деген Мұқағали сол тұста бұл сөзді тарқатып беріпті.
«Қ» дегенім – қадірлім.
«А» дегенім – асылым.
«Т» дегенім – тынысым.
«Ы» дегенім – ырысым.
«Н» дегенім – намысым.
Сол тұста әлгі шопыр «қатын» бұл жауапқа разы болып әрі қарай кете барыпты деседі...
- Өзіңіз білесіз, тарихта «қатын» деген сөз титул. Ханның, сұлтанның, абыройлы адамдардың жарын «қатын» деп әспеттеп атаған. Ал қазір кез-келген әйел адамға «қатын» десең шамданып, бұлқан-талқан болады. Титулды сөздің жиіркенішті, кемсіту сөзіне айналып кетуіне не себеп? Бұдан қалай құтылуға болады?
- Мен әнді шығарардан бұрын біршама зерттедім. Қарап отырсақ, қазақтың тұрмыстық сөздерінің көпшілігі отарлық кезеңде бұрмаланып кеткен. Өйткені, 60-70 жылдары қазақ тұрмысындағы ер мен әйелдің дәрежесі теңесе бастады. Шариғат пен қазақы заңдылықтар бұзылды.
Иығына кетпен асып егіндікке шыққан, таяқ ұстап мал баққан, қолы май болып трактор айдаған әйелдер көп болды. отбасыдағы һәм қоғамдағы әйел мен еркектің дәргейі теңесті. Содан бері әлгі «қатын» сөзі кемсіту, еңбегін бағаламау, гендерлік саясатқа қарсылық, артта қалушылық деген көзқарастың астында қалып кетті.
«Қатын» - қағанның жары...
Мемлекеттік қоғамдық құрылысқа дейін патшалық дәуір болды. ол кезде ханның, сұлтанның әйелдерін патшайым, ханшайым, ханша деп атаған. Ал одан әріде қағандық дәуір жүрді. Сол кезде қағанның жарын «қатын» деп атаған. Қазақ та солай атады. Қыз баласы өзге шаңыраққа келін болып түсіп, түтін түтеткен күннен бастап «қатын» титулын иеленген.
Өкінішке орай, қазір бәрі басқаша.
- Қазір қағандық дәуірден бері келе жатқан «қатын» титулын қазақтың көп жігіті қолданбайды. Бұл кімнің осалдығы? Әлде сөз ескірді ме?
- Ол рас. Қазір жігіттердің көпшілігі «жаным, күнім» дейді, болмаса, тіпті, орысша, ағылшынша еркелетеді. «Қатыным» деп айтқысы келетін жігіттер бар, бірақ айта алмайды. Жарын бұлай атаса, келіншегі шамданып, ренжіп қалады. Турасын айтқанда, «қатын» сөзі қазіргі қоғамда боқтық сөз сияқты сипат алған.
Менің өзім ән шыққалы бері ғана емес, бұрыннан келіншегімді қатыным деп айтамын. Нөмірін де солай сақтағанмын. Басында кішкене шамданып қалатын. Кейін мағынасын түсіне келе үйренді. Тіпті, «жаным» десең біртүрлі болып қалады. (күліп)
Әнді желіге жүктегеннен кейін байқап жатырмыз, «қатын» сөзін жақтайтын ерлер де, әйел адамдар да баршылық екен. өйткені, тыңдармандар қалдырған пікірлер осыны айғақтайды. Қарап отырсаңыз, әсіресе оңтүстік шаһарлар бұл үрдістен әлі жаңыла қоймаған.
«Қатыным» Канадада...
Ән шығардан бір күн бұрын бір кісімен танысқанмын. Ертеңіне сол кісіні қайта көріп қалдым. Маған «Сен әнші екенсің ғой?» деді. Ия дедім. Сол кісінің жақын құрбысы Канадада тұрады екен. содан құрбысына хабарлама жіберіпті. Мынадай керемет ән шығыпты деп. Оны естіп бір марқайып қалдық.
- «Қатыным» әні шықты. Оң бағасын алып жатыр. Әрі қарай дәл осы қарқынмен тұрмыстық әндерді жазу жоспарда бар ма?
- «Тоқалым», «Бірінші әйелге жетпейді», «Байым», «Өз жарымнан артығы жоқ» деген тақырыптар бар. (күліп) Әрі қарай осындай әндер жазу ойда бар. Асанәлі Әшімовтың «Жаман мал азығын бір күнде тауысады» деген сөзі бар. Мен де бәрін бірінің артынан бірін жібермеймін. Тізгін тарта отырып, күзге қарай бір туынды шығарсам ба деген ойым бар.
Қазір тыңдармандарға тәрбиелі, салмақты, рухты дүниелер ұсынсаң, тыңдату қиын. Әйтпесе «Алаш ұлы» тобының ән қоржынында 30-дан аса ән бар. Бәрі бірінен бірі өткен дүниелер. Сөзінен мін таба алмайсың. Жандарбек Бұлғақов, Болатбек Оразбаев, Төреғали Төреәлі сынды танымал ақындар жазған. Халық тыңдайтын бас-аяғы жеті-сегіз ән бар. «Батырлар ұраны», «Тұраным», «Угәй», «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз», «Махамбеттің жыры» дегендей. Қарап отырсаңыз, бұдан бөлек те қаншама әндеріміз бар.
Біз қазір «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтаруға» тырысып жатырмыз. Сосын осындай жеңіл әрі тәрбиелі дүниелер жасауға ұмтыламыз.
- Өзіңіз «Тоқалым» деген ән жазу туралы айтып қалдыңыз. Мен де сұрап қалайын. Жалпы, тоқал мәселесіне деген көзқарасыңыз қалай? Тоқал алар ма едіңіз?
- Мен бұл сұраққа да ата-баба ізімен, шариғат жолымен жауап бергенді жөн көремін. Еркектердің, жалпы адамзат баласының ең осал тұсы – нәпсі. «Қазақ, мұсылман төрт әйел алған» деген желеумен нәпсінің дегенін жасауға болмайды.
Менің ойымша, тоқал мәселесі – көптеген отбасыда қозғалатын мәселе. Мен үйленгенмін, менің де отбасымда бұл мәселе аптасына бір рет сөз болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) шариғаттың барлық шарттарын қарастыра келе үмбеттеріне төрт әйел алуға рұқсат берді. Мен бұған қарсы емеспін. Неге? Өйткені, жесір қалған, жолы болмаған, бала-шағасын әрең асырап жүрген қаншама әйелдер бар. Біреуінде үй жоқ, біреуінде тамақ жоқ. Неге соларға көмектеспеске?!
Әйелім де осындай мақсатта, адал ниетпен алар болсаң келісім беремін дегенді айтты.
Тоқал алу үшін материалдық жағдай керек. Материалдық жағдайы бар жігіттер екі әйел алып отыр. егер жағдайың жетіп тұрса, тоқал туралы ойлануға болады.
- Өзіңіз жүрген орта жайлы сұрайын. Белгілі әншілер, эстрада жұлдыздары «күйемін, сүйемін, сағындым» деген мазмұндағы әндерді айтып жүр. осындай әндердің уақыты өткен сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
- Иә, бұл сөзіңізді құптаймын. Тыңдармандар «Тоқтар, Мейрамбек айтатын әндер қайда» деп сұрап жатады. Енді әр заманның өз әншісі бар ғой. Бір кездері осындай мазмұндағы әндер керек болды, шықты. Қазір қажеттілігі азайды, бірақ сондай дүниелер толастамай тұр. Абай атамыздың «Сөз түзелді, тыңдаушым сен де түзел» деген керемет сөзі бар ғой. Осы сөзді терең ұғыну керек. Өкінішке қарай, қазіргі шығып жатқан әндер қазақ тілінің лексиконына кері әсер етіп жатыр. «Вай-фай», «Телефон», «Мегабайтым бітіп қалды», «Селфи» деген нәрселер шығып кетті. Белден төмен әндер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті.
Сондай әндерді шығатын байғұстарды аяймын. Ол типтегі әндердің ғұмыры ұзаққа созылмайды. Әрі кетсе бір ай, екі ай... бірақ қаншама ақша шығындалады. Ән шығарарда оның болашағын, арғы жағын ойлау керек қой.
Қара аспанды төндіре беруге тағы болмайды. Қазір де тарихта қалатын әндер жазылып жатыр. Мейрамбек, Сәкен, Жұбаныш, Өмірқұл сынды ағаларымыздың керемет әндері баршылық. Сол ағалардың ізін жалғап, сарынын бұзбай қолданатын, жалғайтын біз ғой. Олардың мұрасы, әннің мұрасы бізге аманат.
- Қазір ақталудың, сылтаудың мынадай түрі қалыптасқан. Неге мағынасыз, әуені жоқ, батыс стилінде ән шығарасыздар деген сұраққа әншілердің көпшілігі халықтың сұранысын орындап жүрміз деп жауап береді. Бұған не дейсіз?
- Бұл – қате түсінік. Ең оңай нәрсе бар ғой. Ақыл айту деген. Бәріне данышпансып ақыл айта бергім келмейді. Бірақ бір айтарым – олар өнер саласында бес жыл, он жыл бойы бекер оқыған жоқ. Сапалы дүние жасалу керек. Халыққа жаба беруге болмайды, керісінше, халықты сапалы дүниеге баулу керек, тәрбиелеу қажет.
Орысша, ағылшынша сөздерді қазақшаға араластырып жүрген адамдар бар. Мүмкін, мұндай әндер де керек шығар. Халықтың жағдайы да мәз емес. Әркім өзінің жүрек қалауын жасайды. Оларға жазба деп айту қиын. Айтқанмен, олар ешкімді тыңдамайды.
- Сіз жазар ма едіңіз осындай ән?
- Мен жазбайтын едім. Жазбаймын мүлде. Мүмкін, миллиондаған қаламақы ұсынар. Бәрібір жазбаймын. Қазақшама ештеңе араластырмас едім. Өйткені, дүние деген нәрсе уақытша. Ертеңгі күні ұрпағың «әкем» дегенде кімді көреді?!
- Шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе? Аға тұтқан ініге қандай қамқорлық көрсетіп жүрсіз?
- Арнайылап шәкірт тәрбиелеп жүрген жоқпын. Бірақ аға тұтқан інінің бетін қайтармаймын. Қолына домбырасын ұстап келетін жастарға жөн сілтеп келеміз шама-шарқымызша.
Әлеуметтік желіден көп жазады жастар. Өнер академиясында бес жыл сабақ бердім. Қаншама талантты жастар алдымнан өтті. Әуезов театрында да сабақ бердім. Кейін бір жылдай демалыс алдым. Қазір сағынып жүрмін. Алла қаласа биыл қайтадан ұстаздық жолға түспекпін.
- Достарыңыз туралы бір ауыз айтсаңыз. Ұшқын Жамалбек те жеке орындаушы ретінде кең танылып келеді. Топтағы жігіттердің барлығы осы бағытқа бет бұрып кетпекші ме?
- Ұшекең 2017 жылдан бастап жеке шығармашылыққа бет бұрды. Ол композитор ғой. Оның ішінде қаншама әуен қайнап жатыр. Барлығын шығару керек. Неге шығармасқа?!
Мақсат та, мен де жеке әндер жаздық, жазамыз да. Ерзаттың бағыты бөлектеу. Ол – заманауи қалыпта ән орындағанды ұнататын жігіт. Оның да біршама әндері шыққалы жатыр.
Қалай десек те, алғашқы орында «Алаш ұлы» тобы тұрады. Кейде тапсырыстар қатар түсіп қалады. Сол кезде де топқа қатты көңіл бөлуге тырысамыз. Алдымыз бұлыңғыр. Алла бұйыртқан бағытта қозғала береміз!
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Әділет Мәдениет
Пікір қалдыру