...бала тапқан күні - өзіңді жоғалтасың...
Өзің дегенім - ол ішкі "менің". Балалы болмай тұрып, ішкі күйзеліс, ізденіс, қорқыныш, қуанышты, тағысын тағы сезімдерді басу үшін адамдар іздейсің сөйлесуге, кітаптан іздейсің жауапты, табиғатқа "үңілесің", әйтеуір, бір қарбалас күй кешумен өмір сүресің. Әлдебір жақсы, я жаман ойлар ойлайсың. Соныңды дереу қағазға түсіруге тырысасың. Лайық деп, көпшілікке пайдасы тиер деп ойласаң немесе өзің жауабын таппағанның жауабын адамдардан сұрайсың. Сол үшін көпшілік назарына шығарасың ішкі "әлеміңді". Біреу мақтайды, біреу даттайды, біреу көмектеседі, біреу құзға итереді сөзбен. Әйтеуір, сол ойды бір жағына шығарасың. Жаңа дүниелер үйренуге талпынасың. Үйретуге тырысасың. Білуге құмартасың. Кейде тіпті бәрінен жалығып, жалғаннан баз кешіп кеткің келеді. Айдаланы аңсайсың, Адамдардан жалығасың. Кеше тамсанған табиғатқа қарағың келмей қалады. Күнде көріп жүрген адамдар мезі қылады. Тіпті тағамдар да дәмсіз бола бастайды. Сүйікті киімдеріңді өртеп жібергің келеді. Ұнамды заттарыңды лақтырып тастағың келеді. Адам мекен етпеген әлдебір утопиялық аралды аңсайсың. Қысқасы, жалығасың бәрінен, барынан...Өзіңмен-өзің күресіп, жоқ жерден қиындық көріп, оңай істің шешімін таба алмай, шарқ ұрасың... Сенен бастап барлық адам жерде бақытсыз сияқты көрінеді...
Енді бірде күннің шыққанына қуанып, желдің самалы анаңның алақанындай тиіп, табиғат жұмақтай, адамдар періштедей көрініп, жегенің жұмақтың асы, кигенің жібектей, өзің құстай самғап жүресің. Ойыңның бәрі аспанға жазылып жатқандай, адамдардың бәрі бақытты сияқты көрініп, керемет күйге енесің... Жан біткеннің бәрі туысыңдай, қайсыбірін құшақтағың келіп, алғыс айтқың келіп, ішкі әлеміңді бүкіл әлем көріп тұрғандай, сондай ақкөңіл, сондай адал, сондай сенгіш болып кетесің... өмірім солай өтеді екен...балалы болғанша...
Балалы болған соң, бәрі қалады... Ойыңа келеді әрнәрсе. Қазір қағазға түсіремін деп, балаңның киімін жуса салайын, тамағын бере салайын деп жүргенде, ол ой ұшады да кетеді. Кешегідей ішкі күйзеліс, ізденіс, арпалыстың бірі де жоқ. Болса да, оны ойлап, оған қайғыратып уақыт та жоқ. Бұрынғыдай табиғатты тамашалап, қиялға берілмейсің. Бала бір жақта, әкесі бір жақта, туыстарың бір жақта... қызық өмір басталып та кетеді екен осылай... Дұрысы осы. Осылай ішкі әлеміңе жібермей, жабырқатпай, көңілсіз күйге түсірмей ойыңның бәрін отбасың жаулап алғаны дұрыс. Дұрыс, әрине... Өмірдің кезекті кезеңі ғой, уақытылы келетін. Әйтпесе, бәріміз де қиял болып кетер ме едік, кім білсін... Балалы болудың ең бір қызығы - өзіңнің бойыңда бар деп ойламаған жасырын жатқан қырларың, сырларың, өнерлерің ашылады екен. Қызығушылығың да өзгеріп шыға келеді. Бұрын-соңды істеп, жасап көрмеген дүние қолыңнан келетінін көргенде, байқағанда, таң қаласың. Өзіңе таң қаласың. Бұл мен бе? Осыны мен жасадым ба деп... қызық өмір - балалы өмір...
Дегенмен, сағынамын... Сағынамын... сол Мақпалды... ішкі әлемімді... құстай ұшып кететін ойларымның етегіне жармасып қалғым келеді... ішкі "менімді"...жоғалтып алмасам да, өзімді ұмытып кеткенім анық... кейде бір сәт тыныштық орнай қалса, ішкі әлемім "мен де бармын ғой" деп "лүп" етеді... ізінен бөпем "шыр" етіп, я "мама, жүл, жүл" деп жетектей жөнеледі... сосын реалды өмірдің етегіне жармасып, бөпемді жетектеп, бөпеммен бірге далада құстардың ұшқанын, желдің соққанын, ағаштың сыбдырын бірге қарап, естіп, қалай сүйсініп жүргенімді байқамай да қаламын... Балалы болу - тағы бір мәрте өмірге келу сияқты екен... Тәтті сезім! Ыстық сезім! Мамаңды сағындыртатын ғаламат күшті сезім! Шынтуайтында, лайықты сөз де жоқ-ау Алланың бұл сыйын айтып, жеткізер... Аллаға шүкір. Әйелмін. Келінмін. Анамын. Аллаға сансыз мадақ! Бүгініме! Барыма! Бәріне!...
Дегенмен... іште бұғып жатқан, өкпелеп жатқан Мақпалды да сағынамын... Күте тұр, сәл күт, ішкі әлемім, мен саған да уақыт табамын...аз қалды...
Бақытты іздемейік, күтпейік... барымызбен бақытты болайық, бақытты қылайық...тым құрығанда, тырысайық...
Пікір қалдыру