Егер теледидар өмір айнасы десек, әлбетте, ұлттық тележурналистика – шын мәнінде, бүтін бір ұлттың болмыс - бітімін танытатын барометрі. Ал көгілдір экранның ақпарат көзі, идеологиялық құрал, тәрбие тетігі, саяси алаң, әлеуметтік институт, көңілашар құбылыс ретінде қоғамға тигізетін оң әсері мен теріс ықпалының аражігін айырып, тізгініне ие болатын телеарна басшылары мен телеарна журналистері. Еліміздің телеақпарат кеңістігіндегі бір жағынан сауатсыз көшірмелерге көмілген, екінші жағынан, аспаннан жауған «жұлдыздар тасқынына» тап болған кейбір телеарналардың өз тірліктеріне сын көзбен қарауы үшін басып айтатын, ашып айтатын ағайынның ащы шындығына зәру екенін айтпасқа амал жоқ.
Бұл ретте отандық тележурналистиканың өзіне тиесілі міндеттерін қалай атқаруда деген сауалға жауап іздеуден гөрі оны неге атқара алмау себептерін сөз ету әлдеқайда маңызды екенін атап айту-парыз. Әлемдік тележурналистиканың қаншалықты қарыштап , қарқынды түрде дамып бара жатқанын ескерсек, еліміздегі телеақпарат кеңістігінің мүшкіл халі біздің мемлекетіміз үшін сөз бостандығының әлі де қол жетпес дүние екенін мойындауға мәжбүр етеді. Бүгінгі таңда Қазақстандағы телеиндустрия сандық шетелдік телеарналардың есебінен үлкен бәсекеге тап болды. Сол себепті толассыз ақпарат ағымында күн кешетін адам өмірдің сан қилы салаларынан хабардар болуы да ғажап емес. Осындай жағдайда өзінің шығармашылық жұмысын жүргізетін журналист үшін бұл үлкен кәсіби сынақ десек болады. Көрерменнің ойынан шығу, қажетті ақпарат ұсына білу, көкейіндегісін дөп басып, көңілінен шығу, тіпті, әдеттен тыс ерекше дүниелермен таң қалдыру журналистен толассыз ізденісті талап етеді. Ғаламдастыру үдерісінің қарқын алып, жас пен кәрінің интернет алдынан шықпай, сондағы ақпаратты оқып, содан қажеттісін тауып алып отырғанына қарамастан, телевизия өнімдеріне деген сұраныс артпаса төмендеген жоқ. Қайта әлемнің кез-келген елінің телеөнімін көру қол жетімді болған сайын, ауқымды аудиторияның назарын жаулап алу мүмкіндігінің аясы мейлінше тарыла түсуде. Себебі, өздерін жетілдіруге жан - жақты мүмкіндігі бар жастар ағылшын тілін еркін меңгеріп, «Би-Би-Си» жаңалықтарын қарап, мейлінше шетел бағдарламаларына қызығушылық танытатыны жасырын емес. Басқа елді былай қойғанның өзінде көршілес Ресейдің телеиндустриясындағы тележобалардың біздің отандық телеөнімдерден оқ бойы озық екенін тағы да мойындамасқа шара жоқ.. Жан -жақты зерттеу, мәселенің байыбына барып, терең зерделеу, журналистік ойдың дәлдігі мен оның берілу тәсілдерінің сан алуандығы, ақпараттың шынайылығы, жеделдігі мен өзектілігі тұрғысынан көршілес елдің журналистерінен көп дүниені үйрену қажеттігін уақыт көрсетіп отыр.Тележурналистиканың функциялары туралы тұжырым жасап, оның жүзеге асу барысы туралы ой тарқату үшін ғылыми еңбек жазу – журналистика теориясын зерттейтін ғалым ретіндегі кәсіби парызымыз. Бірақ, ғылыми еңбек тек ғылым әлемі шеңберінде (факультет ұстаздары мен студенттерінің ғана назарында) қалып қоятындықтан, бұл жолы публицистикалық мақала жазып ғаламтор сайтына ұсынуды ұйғардым. Тележурналистиканың функциялары, яғни, атқаратын міндеттері оның БАҚ жүйесіндегі алатын орны мен адамзат қоғамындағы атқаратын ролі негізінде айқындалады. Әлбетте, тележурналистиканың қоғамдағы атқаратын ролі қалың бұқараның қажетін өтеу қисынына орай жүзеге асады. Телевизияның бейнелік сипаты мен ақпарат таратудағы айрықша мүмкіндігі аясында атқаратын қызметтерін мынадай функцияларға топтастыруға болады: 1. Ақпараттық; 2. Мәдени – ағартушылық; 3. Интегративтік (адамзатқа тән құндылықтарды қамтамасыз ету) 4. Әлеуметтік – басқарушылық 5. Ұйымдастырушылық 6. Танымдық (білім берушілік) 7. Рекреативті (адамның күні бойы жұмсаған күш-қуатын қайта қалпына келтіру). Осынау телевизияға жүктелетін жеті міндетті түгел сараптауды сайтқа арналған мақаланың аумағына сыйғызудың қисыны келе қоймас. Сондықтан, ең маңызды екеуіне ғана тоқталып өтейік: Біріншісі - ақпараттық функция, яғни, күнделікті оқиғалармен хабардар ететін жаңалықтар қызметі. Әдетте, бір жаңалықты, яғни, белгілі бір оқиғадан түсірілген телематериалды сюжет етіп әзірлеп, барлық телеарна бір күнде береді. Телеарналардың бірінен соң бірін қараған көрерменнің бір жаңалықты сан рет қайталап көруден жалықпасқа шарасы жоқ. Өйткені, бәрі бір сарында, сол қалпында стандартты түрде ұсынылады. Әрине, салыстырмалы түрде бірі - ілгері, бірі – кейін. Тіпті, «Айқын» газетінің «Дидар» қосымшасындағы деректер бойынша «31- арнаның» «Информбюросы», «КТК» және «7- арна» телеарналарының жаңалықтар қызметі «Ұлу жылының үздігі» атанды. Бірақ, іс жүзінде күнделікті жаңалықтарды жедеғабыл,әрі дәйекті етіп жеткізуден алдына жан салмайтын дарабоз телеарнаны атын атап, түсін түстеп айдар тағатындай айғақ жоқтың қасы. Екіншісі – мәдени-ағартушылық қызмет. Дәл осы қызметтің бірегейі – қазақ музыкасының насихаты. Өкінішке орай, ұлттық музыка насихаты «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Телқоңыр» аясындағы айтуға ауыз ұялатын әңгімемен шектелуде. Әсіресе, «Ақбұлақ» әні туралы дау-дамай ән авторы Бәкір Тәжібаевтың аруағынан да, ұлттық музыкадан ұлағат алуға ұмтылған ұрпақтан да ұят болды. Дәл қазір кезек күттірмейтін екі мәселе бар: біріншісі: қайда қарасаң да санаулы жұлдызсымақтардың сан қилы жолмен бой көрсетуі (мысалы: «Еларнадағы» - «Фобия», «31 – арнадағы «Мама мия»,т.с.с.) екіншісі: жаңалықтар желісіндегі жетіспейтін дәлдік пен нақтылық, деректілік пен дәйектілік (күнделікті оқиғалардан түсірілетін сюжеттер жалпылама, бір сарынды болып келеді және стандартты сипатта баяндалады, бейнекөріністен де тілшінің баяндауынан да я көрермен назарын аударып алатын немесе ұзақ уақыт есте сақталып қалатын айрықша қолтаңба айында жылында бір жылт ететін, өте сирек құбылыс. Оның үстіне ұялмай-қызармай қайталанатын сюжеттерден көз сүрінеді).
Түптеп келгенде, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ұлтымыздың ұлы ойшыл ақыны, данышпан Абайдың «Әдептен озбайын, жүректен қозғайын,...» деген сөзі, ұлттық тележурналистика мамандары үшін кәсіби әдеп принципіне айналуы – шарт. Көгілдір экран мінберіне жармасқан актерсымақтардан сол принциптердің орындалуын он есе, тіпті, қажет болған жағдайда жүз есе талап ету керек. Сол талапты орындамайтын, тіпті, оған мойын бұрмайтын «жұлдызды науқастарды» бейнелі ақпарат айлағынан аластау керек. Сонда біріншіден, кәсіби тележурналистер өз теріміздің пұшпағын өзіміз илеп, дамуға бет аламыз да, ал өнер өрісінің мамандары репертуарларын байытып, бейнебаяндарын түсіріп, өз бағыты бойынша ізденуге кірісер еді.
Иә, қалай болғанда да республика аумағындағы барлық телеарналар бір төбе де, өзінің тарихымен, тағдырымен дараланатын «Қазақстан» ұлттық телеарнасы өз алдына бір төбе. Сондықтан, ұлттық арна атына айтылар жанашырлық сыни көзқарастың жөні - бір бөлек. «Қазақстан» телеарнасындағы дәстүр мен жаңашылдық, ұлттық телеарна мен оның тележурналистерінің имиджі, аудиториясы және перспективасы туралы көкейтесті мәселелер – келесі ойтолғамның өзегі.
Жидегүл Әбдіжәділқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты
Пікір қалдыру