Сөз өнерін кие тұтқан қалам иелеріне қай қоғамда өмір сүрмесін айналасына сергек қараумен қатар, өмір құбылыстарынсезімталдықпен суреттеу тән. Өткен дәуірдің тынысын, нәубет жылдардың шерлі шежіресін, өзі өмір сүріп жатқан қоғамның сан қатпарлы қияметін қапысыз аңғарып, жүйелі жазып жүрген қаламгерлердің қатарында Смағұл Елубайды, оның қаламынан туған «Аңшы бала», «Жарық дүние», «Ақ боз үй», «Мінәжат», «Қиямет - қайым ғасыры» т.б. шығармаларын атауға болады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде қаламгермен өткен кездесу көпшіліктің көңілінен шықты деуге толық негіз бар. Кездесуді ашып, жүргізіп отырған профессор Қанипаш Мәдібайдың, жазушы-ғалым Асылан Жақсылықтың қаламгердің шығармашылығы, дәуір үнін сипаттаудағы өзіне тән қолтаңбасы, философиялық тереңдікке негізделген қаламгерлік қарым-қабілеті жайлы байыпты ой-толғамдары, С. Елубайдың қоғамның көкейтесті мәселелерін дөп басып, тереңінен қозғаған салиқалы әңгімелері, қойылған мазмұнды сұраққа толымды жауап естіген студенттердің көңіл ауаны сөзімізге дәлел.
Кешті ұйымдастыруға ұйытқы болған куратор-эдвайзер Алтынай Жүсіпованың кураторлық тобы дайындаған жазушының шығармашылық әлемінен, қаламгерлік қабілетінен, азаматтық дүниетанымынан сыр аңғартатын слайдтар, бейнероликтер, кітап көрмесі жиынның мазмұнын байыта түскені анық.
«Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие. 2050 жылғы Қазақстан прогрессивті идеалдар қоғамы болуға тиіс. Біздің қоғамымыздың қазіргі көзқарастарының негізін дәл осы интеллигенция беруі керек. Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс. Біз жастарымыз бағыт алып, бой түзеуге тиіс өз заманымыздың жаңа қаһармандарын көрсету және жасауымыз керек», - деп Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсеткендей, қаламгерлер қауымына міндеттелер жүк, артылар сенім аз болмақ емес.
Смағұл мырзаның мазмұнды әңгімесінен соң кезек аудиторияны қамтыды. Жиын әңгіме-сұхбатқа құрылып, жазушыға сұрақтар қойылды. Болашақ тіл-әдебиет мамандарын мазалаған сұрақтар жазушының кинодраматургиядағы, қазіргі шығармашылығындағы ізденістерге және бүгінгі әдеби сын төңірегіне, қоғамның ділгір мәселелеріне байланысты өрбіді. Қаламгермен сұхбат жүргізу барысында жас буын өкілдері өздерінің білім деңгейлерінің жан-жақты, әрі терең екендігімен сүйсінтті. Руханияттың көкейтесті мәселелері аясында өткізілген жүздесудің жастарға берері мол, тағылымы зор болды.
Кездесу соңында студенттер мен ұстаздарға С.Елубай қолтаңба беріп, естелік суретке түсті.
Шоқан ШОРТАНБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аға оқытушысы
Пікір қалдыру