"Ғасырдың жүгін арқалап..." Ғалым, профессор Өмірхан Әбдиманұлы 60 жаста

/uploads/thumbnail/20170708151017301_small.jpg

    Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің деканы, белгілі әдебиеттанушы ғалым, халықаралық Айтматов академиясының  академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлын  60 жасқа  толған мерейтойымен құттықтаймыз!       

     Бұл дүниеде ғұмыр кешіп, өмірде де, өнерде де өз орныңды табу үлкен бақыт. Еңбек етіп, өз жөніңді өз жолыңды білу ол да бір берекелі беталыс. Адам болып аяқ басқан соң, азамат боп қалыптасу әркімге парыз. Алайда, ізденіс пен  күрескерлік, талап пен табандылық қана парықты істің  парасатына бөлейді. Міне,  осындай ізгі мұрат жолында іргелі іс атқарып, ел ағасына айналған ғалым, әрі ұстаз Өмірхан Әбдиманұлының  өмірі мен  шығармашылығы жолы   ізденіске толы.

    Өмірхан Әбдиманұлы 1953 жылы Жамбыл облысы, Құлан өңірінде дүниеге келген.  1976 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түскен. 1979 жылы М.В.Ломоносов атындағы Москва  мемлекеттік университетінің  журналистика  факультетіне ауысып, 1982 жылы бітірген. 

        Бір ғажабы,  Өмекең  ғылымға батыл   бас сұғып, іркілмей  іздене  білді. Алаш атты  ардақты  есімдердің  өмір кезеңіне, ұлағат сөздеріне  ден  қойып, байыпты көзқараспен, шығармашылық қабілетімен олардың құпия сырына терең үңіле түсті.Шаршамай зерделеп, шалдықпай зерттеп  –  жаңа Қазақстан  тарихының мәдени өміріне, әдеби дәуіріне қомақты үлес қосты. Ғылым көкжиегіне  қол артып,  қазақтың ұлттық идеясының жаршысындай болған  алаштану  монографиялық еңбектері Өмекеңнің  ғалымдық өрісін кеңейтіп,  ұстаздық  даралығын  аша түсті. Халықтың  рухани молшылығының  көрсеткішіне  айналған әдебиет – әдепті  ізденіс пен білім, ғылым өнеріне тартып,  ауыр да жауапты міндеттер  жүктейді. Оны  ердің естісі, азаматтың абзалы  көтереді. Яғни,  ғылым жолы ауыр болғанымен  оның сәулесі төңірегін  шуақтандырып тұрады. Орыс жазушысы Л.Н.Толстой  «Ғылымның ісі – адамға қызмет ету»  депті.  Демек, Өмірхан Әбдиманұлы  еліне, халқына,  ұлтына қызмет еткен жан деп нық айта аламыз. Ғалымның  ғылым жолындағы тамаша табыстарына ризалық білдірген профессор Темірхан Тебегенов: «Өмірхан – байтақ алаш – қазақ даласының барлық атыраптарын перзенттік  махаббатпен  сүйген халық перзенті»,- деп зор сүйіспеншілікпен баға беріпті, өзінің  «Алматы Ақшамы»  газетіндегі  «Алаштанушы  Әбдиманұлы» атты еңбегінде. Расында  Өмекең  кешегі мен бүгінгінің  арасын дәнекерлеп, қазақ әдебиетінің  халықтық  сипатын ғасырлық  деректермен  толықтырды. Ғылымға  адал келіп, ақ пейілділігімен, жарқын, мінезімен ұлтына, рухани сана тәуелсіздігінің қазақ әдебиетіндегі ерекше орнын ашып көрсете білді.

 Өмірхан Әбдиманұлының ғылыми дәрежесі:

 «1982-1983 жж облыстық «Жезқазған туы» газетінде әдеби қызметкер. 1983 жылдан ҚазҰУ-де қызмет істеп келеді. 1992 ж «А.Байтұрсыновтың  әдеби публицистикалық  мұрасы» атты  кандидаттық  2007 ж «Ұлт-азаттық идеяның ХХ  ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі  көркемдік мәні  мен жаңашылдық сипаты»  тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 2009-2012 жж. қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі» қызметтерін  атқарды.  

   Өмірхан Әбдиманұлының  ғылыми еңбектері турасында мынандай ресми деректерді айтуға болады:

 «Ұстаз ғалымның  «Қазақ» газеті  (1993), «Ахмет Байтұрсынұлы» (2007), «Қазақ әдебиетіндегі  ұлт- азаттық идея» ( 2007), «Қазақ әдебиетіндегі ұлттық рух» (2010) атты  монографиялық  зерттеулері,  жоғары оқу орындарының  филология журналистика факультеттеріне арналған  «ХХ ғасыр  бас кезіндегі қазақ әдебиеті» (2002), Қазақстан Республикасы  Білім және  ғылым министрлігі  бекіткен  «ХХ  ғасыр  басындағы қазақ әдебиеті» (2012),  орыс тілінде  білім беретін орта  мектептердің  қоғамдық-гуманитарлық және математика-жаратылыстану бағытындағы  11-ші  сыныбына арналған  «Қазақ әдебиеті» (2011) оқулықтары, 300-ден аса ғылыми мақаласы, оннан астам оқу құралдары мен көмекші әдістемелік құралдары жарық көрген».

         Ұлттық құндылықтардың  ғасырлық әдеби  тарихын саралаған Өмірхан Әбдиманұлы  өзіндік ұстанымы бар, мақсаты берік ғалым. Ғылыми ізденісінің  орнықты байламы да алаш дәуірінің рухани идеясын нақтылай түсіп, қоғамдық-әлеуметтік, ағартушылық бағытты ұстанып,  ұлт әдебиетінің кезеңін  шындық дүниесімен табыстырды. Еңбегі еленіп, мемлекеттік  марапаттауларға лайықты болды.

       «Өмірхан Әбдиманұлы Республиканың білім жүйесіндегі  шығармашылығы  және  Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан  Республикасы  Білім беру ісінің үздігі» белгісімен  (1997)  Ахметтануға  қосқан  зор үлесі  және жоғары оқу орындарына  оқулықтар жазудағы көп жылдық  нәтижелі еңбегі үшін  Қазақстан  Республикасы  жоғары оқу орындары  қауымдастығының  А.Байтұрсынов  атындағы  алтын медалімен  марапатталған (2012). Қазақстан Журналистер Одағының Мұхамеджан  Сералин  атындағы сыйлығының иегері (1994)».

         Бүгінде ұстаздық келбеті кең, ойы терең, әркез ашық мінезімен көптің көңіліне  жақын тұратын Өмірхан Әбдиманұлы  60 жасқа толып, мерейтой иесі атанып отыр. Алаштану ғылымының биігіне шығып, іргелі еңбектерімен  ел сеніміне ие болған, Өмекең әлі талай ізденістің  нәтижесіне қол жеткізері сөзсіз. Білім беріп, шәкірт тәрбиелеуде  де  өнегелі жол көрсетіп, өрісті бағытқа  көтерілері де даусыз. Сондықтан еңбегіңіз  жемісті болып, абыройыңыз арта берсін деген барша көпшіліктің ниет тілегі қабыл болсын!

Ізгі  ниетпен  шәкірті  әрі  әріптесі Молдахан Кәріпбайұлы

"Қамшы"  сілтейді

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар