Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетін бітірген. Көп жылдар ҚРТРК-де қызмет атқарған. Қазақ теледидарының «Балалар мен жастар», «Ізбасар» , «Кел, балалар оқылық», әйел-аналарға арналған «Сырласу» авторлық бағдарламасының жүргізушісі, әрі редакторы. Қазір Қазақ радиосының «Қайырлы таң, Қазақ Елі!» таңғы бағдарламалар редакциясының бастығы, бас редакторының орынбасары, әдеби-саз бағдарламалар редакциясының жетекшісі.
Қазақстан Журналистер Одағының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері. «Сыр мен мұң», «Өмірдің өзі новелла» атты кітаптардың авторы.
Аққу арман
Менің Алматы қаласына келгеніме үш күн болды. Қала шетіндегі «Алатау» шипажайына орналасқанмын, бірақ ем-дом қабылдау, демалу деген ойымда жоқ. Таңертеңнен кешке дейін сенделіп, қала көшелерін кезіп өзіңді іздеп жүрмін, Сәния!
Қайда екенсің?
Күн ұзаққа жаяу жүріп, әрбір жанға сен бе деп тесіле қарап шаршадым да. Жол бойындағы аялдамаға келіп отырып, бір сәт өзіңмен жүрген, сонау алыста қалған ауылдағы кездерді қиялыммен шолып өттім. Мен Целиноград қаласындағы ауылшаруашылық институтын тәмамдап ауылға оралғанда саған бірден көзім түсті.
Менің таңертеңгілік ерте тұрып, денешынықтырумен айналысатыным бар еді. Бірде таңертең ауыл шетіне шығып, жүгіріп жүргенімде өріске мал айдап шыққан үлкендердің арасынан сені көрдім. Марқұм ата-анаңды да, өзіңді де оқушы кезіңнен білетінмін. Қалай өзгеріп кеткенсің. Нәп-нәзік, аққудың көгілдіріндей талдырмаш, сұлу бойжеткен болыпсың...
Күнде таңертең алаңдап сені іздейтінді шығардым... Біздің жақта күз ерте түседі ғой, сондай бір қара суықта сен ауылға түсірген шөпті белің майысып, жалғыз өзің мал қораға тасып жүргеніңді көріп, шыдамай қасыңа жүгіріп бардым.
- Сәнияш, мен көмектесейін. Сен үйге барып жылынып ал. Жаурап қалыпсың,- ғой дедім. Алма жүзің шиедей болып қызарып:
- Аға, ыңғайсыз болар, өзім-ақ тасимын ғой.
Сол күні саған көмектескеніме өзіме ырза болдым. Соңғы уақытәр нәрсені сылтауратып, көршілерің Ахат досымның үйіне де жиі баратынды шығардым. Ахаттың анасы ақ жарқын адам еді. Үнемі сендерді мақтап отырады. Әр қылығыңа сүйсініп, еңбекқорлығыңды, ұқыптылығыңды, бауырларыңа деген қамқорлығыңды өзгелерге үлгі қылатын. Неге екенін білмеймін, саған деген сезімім үдей түсті. Күнде сені көргім келіп, аулаңның қасынан өтетінмін. Сіздің үйдің мұржасынан ерте шыққан түтінді көріп қуанатынмын. Алғашқыда саған оянған аяушылық сезімімнің махаббатқа ұласып, өзіңді жақсы көріп қалғанымды да сезбей қалдым. Бір күні кешке сені киноға шақырып келгенімде:
- Аға, кешіріңіз, балалардың тамағын жасап, сабақтарына қарауым керек. Оның үстіне үйдің де шаруасы бар. Киноға бара алмаймын. Және Гүлбаршын тәте көріп қойса, ұят болар.
Мен үнсіз төмен қарадым. Гүлбаршын екеуміз мектеп тарпасынан бірге жүрген, сезімімді білдірген сыныптасым еді. Институтта оқып жүріп, хат жазысып, үйленуге де уәделескенбіз. Бірақ, өзіңді көрген соң Гүлбаршынды да ұмыта бастағандаймын. Тек өзіңді ойлаумен жүрдім. Гүлбаршынның әкесімен менің әкім бір ауданды басқарып отырған отырған жақсы жора-жолдас, кейінгі уақытта бірін-бірі кұда атап кеткен тату жандар еді. Екі оттың ортасында жүрдім. Осыны сезген анам:
- Балам, «шеше қарғысы боқ, әке қарғысы оқ» деген, бір аудан бетіне қарап отырған әкеңді жерге қаратпа! Сенің ана жетім қыздың үйін жағалап жүргеніңді қазір бәріміз де білеміз.
Анамның даусы қатқыл шықты. «Жүрекке әмір жүрмейді. Мен Сәнияны сүйемін, оны бақытты етіп, бауырларына көмектескім келеді»,-деп айтқым келетін. Әттең, айта алмадым. Әке мен шешенің қас-қабағына қарап өскендіктен оларға қарсы шыға алмай, Гүлбаршынмен отау құрдым. Бәрі дұрыс. Ата-анам да, Гүлбаршын да риза. Ел-жұрт, ағайын-туысқан үшін аудандағы бақытты шаңырақтың біріміз. Бірақ менің жүрегім сені іздей берді, Сәнияш!
Сол жазда бауырларың мектеп бітірген соң, Алматыдағы нағашыларың сендерді көшіріп әкетті. Кейін біздің ауылдан Алматыға барғандар көк базарда алма сатып жүргеніңді көрген екен. Міне, арада отыз екі жыл өтті. Қазір қайда, қандай күйде жүр екенсің, Сәнияш?! Сені қайдан іздеп, қалай тапсам екен, Сәния?
Мен осындай ой құшағында отырғанда қасыма ұзын бойлы сұлу жігіт келіп:
- Мұрат аға, ассалаумағалейкум! Танымай қалдыңыз ба? Мен Ахат доосыңыздың көршісі Бақытпын ғой.
«Сәнияның інісімін» дегенде көктен іздегенім жерден табылғандай қуанып кеттім. Бірақ сабыр сақтадым. Қал-жағдайын сұрастырдым. Сенің атыңды атауға бата алмай тұр едім. Бір кезде Бақыт:
- Аға, сізді көріп, сонау ауылды көргендей болып тұрмын. Үйге жүріңіз. Болмаса бір мейрамханаға барайық, әңгімелесейік дегенге келісе кеттім.
Мен үнсізбін. Бақыт Алматыға алғаш келген күндерін, басынан өткергендерін маған айтып отыр.
- Аға, Алматы деген қала біздің аудан емес екен. Алғашқы жылдары көп қиындық көрдік. Пәтер жалдап тұрдық. Сәния тәтем бізді оқыту үшін үй иесі тетя Клаваның алмаларын базарға апарып сататын. Әйтеуір тыным таппады. Ұйықтамады, тұрмысқа да шықпады. Бізді асырап оқытта, тәрбиеледі, адам қатарына қосты. Тырнақтап жүріп тиын жинап, қала шетінен бір үй сатып алдық. Бізді көшіріп алып келген нағашымыз ауру болып қалды. Басқа сүйенеріміз де жоқ. Біз үш жетім тек Сәнияға қарап өмір сүрдік. Мен үйленіп, сәбилі болдым. Бір жылға дейін бөлек шықпадық. «Күйеуге шықпаған апаңмен бірге тұрмаймын» деп әйелім кетіп қалды. Осы соққы Сәнияға ауыр тиді. Тек, менен кейінгі Азамат пен Айғаным жоғарғы оқу орнын бітіріп, өз жолдарын тапқан соң тірлігіміз қайта түзеле бастап еді. Бірақ, соңғы уақыт Сәния көп ауыратынды шығарды. Жиі –жиі құлап қала беретін. Дәрігерге қаратсақ, басында қатерлі ісік бар екен. Кіші қарындасым Айғанымның ата-енесі адамгершілігі мол жандар. Атасы Астанада үлкен шенеунік болса бірге қарасып, Алматының ортасынан үлкен сарайдай үй сыйлады. Кезінде кетіп қалған әйелім қазір үйден шықпайды. Бірақ менің бір суынға көңілім жылынар емес. Бір жағынан баламды да қимаймын. Қазір үйге барғым келмейді. Оның үстінде Сәния да жоқ.
Оны Германияның Лейпинг қаласындағы бір клиникаға Айғаным қарындасым мен Сәнияның енесі Клара екеуі алып кетіп емдетіп жатыр. Біздің құдаларға деген алғысымыз шексіз. Олар құда-құдағи емес, әкеміз бен анамыздай қамқор болды. Шүкіршілік деймін, тек Сәния аман-есен болып, тәуір болып кетсе деген үлкен тілегіміз бар. Осылай Аға, осындай өмірді бастан кешіп жатырмыз.
Ол алдындағы шарапты тауысып ішіп қойды. Мен Бақыт бауырымның үйге жүр деген сөзіне уәж айтып мекен-жайын, телефон нөмірін жазып алып, Бақытты бауырыма ұзақ басып қимай қоштастым. Олардың жақсы азамат болғанына қуандым. «Жарлы байымай ма, жетім өспей ме, көкейіңді теспей ме?» деген сөз рас қой. Арқамнан үлкен бір жүкті түсіргендей болдым. Астанаға тезірек кеткім келді. Іштей Сәнияның сауығып кетуін тіледім.
-Сәнияш, сен қыз бала болып, бұлғақтауды білмедің. Сен жар болып бала сүйіп, әйел бақытын сезінбедің. Сені шын сүйе тұрып, саған жар болып, қамқорлық көрсете алмадым. Өзіңнің бейнеңді жүрегімнен өшіре алмай, өтірік ғұмыр кешкендеймін де. Кешір мені, қалқам. Қайда жүрсең де, аман бол! Сен менің қолыма қонбаған аққу арманым, айтылмаған әнім боп қалдың, Сәнияш!..
Пікір қалдыру