«Бүгін концерт болады!» демекші, «бүгін митингі болады» деген күні көшеге шығайын. Әжептеуір халық жиналып қалған екен. Бір кезде полицейлер мен ОМОН-дар минингіге қатысушыларды қуалап, отын жинағандай көтеріп, арнайы көліктерге тоғытып жатты. Бір полицей бір кемпірді арқалап алыпты.
–Шырағым дік–дік етпей, жәй жүрші, ішіп ауырып кетті! –деді кемпір кетік тісін көрсете күліп.
–Апа, көп сөйлемеңіз!
–Мені қайда апарасың?
–Полиция бөлімшесіне!
–Онда пенсия береді ме екен?
–Апа, сіз заңсыз митингіге қатыстыңыз, жауап бересіз!
–Дүкенге нан алуға бара жатқан кейуананы ұстап әкету заңды ма сеніңше?
Полицей кемпірді көлікке күштеп кіргізіп жіберді де, менің жаныма келді:
–Неғып тұрсың?
–Жәй, сағыз шайнап...
–Митингі жанында сағыз шайнауға болмайды!
–Жоқ, жұтып қойдым.
–Ой–санаң қатысыпты. Жүр менімен!
Ол мені сүйрей жөнелді. Үшеу болып жабылғанда, шалбарым шешіліп қалды. Оған да қараған жоқ. Полицейлер көшеде шашылып жатқан ағаштарды жинап жатқандай ма? Естуімше, сол күні шымшықтарды да ұстап алмақ болыпты. Митингі болып жатқан көшеде қонақтап тұрғандары үшін! Қарқылдаған қарғаларды да үркітіпті! Ойебай, бәрінен де мыналары қызық... Төбеден төніп тұрған күнді де қамап тастамақ болған ғой! Күн биіктен күліп тұрыпты. Өресіз полицейлерге. Биліктің кейбір бөденелеріне... Күн... Күніміз ашық болсын, адамдар!
Мұхтар Шерімнің фейсбук парақшасынан алынған
Пікір қалдыру