Елбасы сенген еркелер

/uploads/thumbnail/20170708190224613_small.jpg

Қазақстан Тәуелсіздігін алған ширек ғасырдың ішінде ҚР билік басынана түрлі саяси топтар келді. Ішкі саясаттағы  Президент Назарбаевтың тәрбиелеп, қалыптастырған  шәкірттері көп жағдайда сенімге селкеу түсіріп жатты.  Про-Президенттік фигуралардың мұндай еркелігіне ел түгілі Елбасының өзі қайран қалып, кейбірін жазалауға көшкенде жұрт «командадан» шығып қалған ойыншыларды ағаш атқа мінгізіп қойып қаралауға көшті.

24 жылда Қазақстандағы президенттік басқару жүйесі  әбден  орныққандықтан, елдегі билік орындарына кімдерді, қандай фигураларды  қоюды Президент өзі шешетіні әмбеге аян. Президенттік басқару жүйесі дегеніміз  дәл осы, міне.  Ендеше соңғы жылдары үлкен ойыншылар қатарынан шығып қалған немесе сызылғандар кімдер? Елбасының  елден ерекшелеп, үкілеп үміт артқан еркелері неге сенімнен шықпай қалды? «Қамшы» порталы Президенттің  бұрынғы һәм қазіргі командасындағы еркелердің тізімін жасаған еді.

Сонымен қазіргі Президенттің сенген серкелері кімдер?

1. Кәрім Мәсімов:

Лауазымы: ҚР Премьер-министрі.

2. Өмірзақ Шүкеев:

Лауазымы: «Самұрық-Қазына» АҚ қорының басқарма төрағасы.

3. Тимур Құлыбаев:

Лауазымы: Қазақстан ұлттық экономикалық «Атамекен Одағы» палатасы президиумының төрағасы.

4. Әділбек Жақсыбеков:

Лауазымы: Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі (2009 ж), Астана қаласының әкімі.

5. Ахметжан Есімов:

Лауазымы: Алматы қаласының әкімі, экономика ғылымдарының докторы.

Жоғарыдағы саяси фигуралар ұзақ жылдардан бері ҚР ішкі саясатындағы майлы сүйекті мүжіп келген, Президенттің қазіргі еркелері. Алайда бұлардың қатарындағы бірқатар шенеуніктердің дәурені  аяқталып, соңғы жылдары саяси аластауға ұшырағаны да жасырын емес. Мысалы:

   1.Серік Ахметов:

Лауазым, мансабы: ҚР Премьер-министрі, ҚР Мемлекет қайраткері, э.ғ.д.

Не үшін айып тағылды:  Аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқыру, қосымша 6 қылмыстық іс қозғалған. Тергеу жұмыстары аяқталмаған және қазіргі таңда оның қылмысына қатысты мәліметтер 326 томды құраған.

   2. Аслан Мусин:

Лауазым, мансабы: ҚР есеп комитетінің бұрынғы төрағасы, ҚР Президент әкімшілігінің экс-басшысы, ҚР Мемлекет қайраткері.

Не үшін командадан шықты: www.uralskweek.kz және «Адам bol » журналдарының болжамынша, Маңғыстаулық ақсақалдардың ел тізгінін батыстықтарға тапсыру туралы «жасырын хатына» қатысы барлығы әшкереленген-мыс. Сонымен қатар  Аслан Мусиннің  ұлы діни-экстримистік топпен байланысы анықталған. Осы үшін бірнеше уақыт үй қамаққа алынып, кейін Президенттің рақымымен, Қазақстанның Хорватиядағы елшісі болып тағайындалған.

   3. Рахат Әлиев.

Лауазым, мансабы: ҚР ҰҚҚ-нің бұрынғы төрағасы, м.ғ.д. және э.ғ.д. экс-саясаткер. Генерал-майор лауазымын иеленген. 2008 жылы барлық атақ-лауазымынан айырылған.

Не үшін айып тағылған:  Қазақстан соты Рахат Әлиевті екі банкирдің (Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасенов) өліміне кінәлі деп тапқан болатын. Бұл екеуі 2007 жылы ұрланып кеткен, олардың мәйіті 2011 жылы табылды. Әлиевке елімізде  40 жылға бас бостандығынан айыру жазасын беруге сырттай үкім шығарылған.

Австрия Әлиевке өз отанында әділ сот төрелігі қамтамасыз етілмейді деген шамалаумен оны Қазақстанға беруден екі рет бас тартты.  2011 жылдың шілдесінде құқық қорғау органдары Мальтаға кетіп үлгерген бұрынғы елшіге қатысты өзіндік тергеу бастады. Ал 2015 жылы Рахат Әлиевтің өлі денесі Вена түрмесінде табылды деген ақпарат пайда болған еді.

  4. Бақытжан Жұмағұлов:

Лауазым, мансабы: мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Білім және ғылым министрі (2012 жылдан бастап).

Саяси былықтары: “INSIDERMAN” интернет-басылымында “Министр Жумагулов подозревается в масштабном и беспринципном пла­гиате” атты материал жарық көрдi. Автордың (А.Құдайқұлов) айтуынша, Қазақстанның Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов өзiнiң 1997 жылы қорғаған докторлық диссертациясын түгелге жуық өзге ғалымдардың еңбектерiнен ұрлап ал­ған. 2013 жылы Қаржы полициясы білім министрі  Бақытжан Жұмағұловтың орынбасары Саят Шаяхметовтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Атқамінерге құрылыс компаниясының екі басшысымен ауыз жаласып бюджеттің 1 жарым млрд теңгесін қалтаға басқан деген айып тағылып отыр. Қыруар қаржы Өскемендегі 700 орындық  кәсіптік мектепті салуға жұмсалуы тиіс екен. Осыдан кейін-ақ, Жұмағұловтың жолы болмай қойды.

   5. Жақсыбек Құлекеев:

Лауазым, мансабы: ҚР статистика агенттігінің төрағасы, ҚР экономика министрі, ҚР экономика және сауда министрі, республикалық бюджеттің орындалуына бақылау жасау жөніндегі Есеп к-тінің төрағасы. 2003 жылдың мамыр айынан ҚР Білім және ғылым министрі. Мемлекет қайраткері, ғалым, экономика ғылым кандидаты.

Не үшін айыпталды? Қазақстандық олигарх топтардың арасындағы кикілжіңнің құрбаны болып кеткен тағы бір фигура – Құлекеев еді. Ол «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы болып тұрған кезде аса ірі көлемде пара алды деген айыппен темір торға тоғытылды.

   6. Жақсылық Досқалиев:

Лауазым, мансабы: ҚР бұрынғы денсаулық сақтау министрi. ҚР МҒА академигі. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденімен марапатталған.

Жазасы: 2009 жылы Президенттік компаниядан аластатылып, қаржы полициясы Жақсылық Досқалиевтің үстінен «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып бойынша қылмыстық іс қозғаған.

   7. Бергей Рысқалиев:

Лауазым, мансабы: Қазақстанның мемлекет қайраткері, Атырау облысының  (2006 - 15.08.2012) және Атырау қаласының әкімі.

Қылмысы: Рысқалиевтың ізіне түскен Қаржы полициясы «Рысқалиев биліктік өкілеттікке ие бола тұра, мемлекеттік қаражатты ұрлау мақсатында 35 адамнан құралған 3 ұйымдасқан қылмыстық топтан тұратын ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық құрған» және «Рысқалиев басқарған қылмыстық қауымдастықтың әрекеті нәтижесінде мемлекетке және өзге тұлғаларға аса ірі мөлшерде жалпы сомасы 71 млрд.теңгені құрайтын залал келтірілген» деген ұйғарымға келген.

8. Виктор Храпунов:

Лауазым, мәнсабы: 1997 ж. 2004 ж. желтоқсанына дейін Алматы қаласының әкімі қызметін атқарды. 2004 ж. желтоқсанынан Шығыс Қазақстан облысының әкімі. 2007 ж. қаңтар айынан Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі.

Не үшін жазаланды: ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі оған Халықаралық іздеу жариялаған. Алматы қаласының және Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, экс-министр Виктор Храпуновқа қатысты 20 қылмыстық іс тергелуде. Виктор Храпуновқа сырттай айып тағылып, сотпен оны қамауға алу санкцияланды.

  9. Бауыржан Әбдішев:

Лауазым, мансабы: мемлекет және қоғам қайраткері, Қарағанды облысының әкімі.

Айыбы:  2014 жылы Қызметтік өкілеттілігін теріс пайдаланды деп айыпталған Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев қамауға алынған.

   10. Талғат Ермегияев:

Лауазым, мансабы: ҚР Мемлекет қайраткері, ҚР Спорт және туризмнің экс-министрі. «Астана EXPO» ұлттық компаниясының экс-төрағасы.

Айыбы: Бүкіләлемдік көрменің бар қаржысын жеп қойған-мыс. Астана қаласындағы Алматы ауданының №2 аудандық сотының шешімі бойынша Талғат ЕРМЕГИЯЕВ мырза әзірше екі айға үйқамаққа алынды. Оған еліміздегі Қылмыстық кодекстің 176-шы бабының 4-ші және 6-шы тармақтары бойынша айыптар тағылып отыр.

   11. Қажымұрат ҮСЕНОВ:

Онымен қоса, осынау ғаламат көрменің «тігісін жатқызып» жатқан құрылыс департаментінің экс-директоры, әлгі ұлы МАҚСАТ «қазақстандық Шумахер» атанғаннан кейін өз еркімен қызметінен бас тартып, әйтсе де «сол маңайдан» кете қоймай, там-тұмдап кеңесшілік қызмет атқарып жүрген Қажымұрат ҮСЕНОВ-те қамауға алынған.

Сонымен, Президентің ерекше қамқорлығының астында шалқып-тасып жүрген шенеуніктеріміз бірінің артынан бірі ұстала бастады. Тіпті, Президент Назарбаевтың өзі, Үкіметтің кезекті жиынында (ағайынды Рысқалиевтерді меңзеп) «Осынша уақыт тәрбиелейсің, адам қыласың саясатқа араластырасың, оларды баптайсың. Ал олар болса, соған масайып, банды құрып, сеніміңді быт-шыт етеді» дегені есіңізде болар. Иә, Елбасы сенген еркелерге не болып жатыр өзі – кейінгі кездері… Көп асаймын деп жоқ асаптының кебін кигендер үшін енді Президенттік команда «Бақ деген құс, тақ деген түске» айналған. Енді олар бұрынғы мәнсабына қайта орала алмайды. Себебі, жолдары кесілді, әлде олар біреудің... Ал сіздің  осы тізімге алып-қосарыңыз бар ма, құрметті оқырман?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

«Қамшы»  сілтейді

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар