Қазақстанда Байқоңыр айлағынан ұшырылатын «Протон» зымыран-тасығыштары 2025 жылғы дейін тоқтатылмайды. Бұл туралы ҚР Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев ҚР Парламенті Сенаты отырысында мәлімдеген. Бұл туралы «Қамшы» порталы ҚАЗИНФОРМ-ге сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Сенат депутаттары Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаевқа ғарыш саласындағы бірқатар түйткілді мәселелерді төтесінен қойып, Қазақстандағы киіктердің жаппай қырылуына гиптилдің себеп болғандығын алға тартқан. Депутаттардың сауалына нақты жауап бере алмағанымен агенттік төрағасы тақырыпты «Протонның» шегерілуіне қарай бұрып әкетті.
«Біз қазір «Протон» зымырандарын ұшыруды азайтуға қатысты жұмыстар жүргізудеміз. Бізде қазір заңды құжаттар бар. Ол құжаттар негізінде «Протон» зымырандарын кезең-кезеңімен тоқтату мәселелері қарастырылған. Сонымен, 2025 жылы «Протон» зымыран-тасығышы толығымен тоқтайтын болады. Біз бұл мәселеге үлкен мән беріп, қолға алдық»,-дейді Талғат Мұсабаев.
Сондай-ақ төраға мырза бір реттен «Протон» зымырандарын тоқтату мүмкін еместігін айта келе, Байқоңырдың болашағы туралы сөз еткен.
«Егер «Протон» зымырандарын ұшыруды тоқтататын болсақ, онда Байқоңыр Ресей Федерациясы үшін керексіз болып қалады. Сосын олар кетіп қалады. Ал «Протон» зымыран-тасымалдаушысы экономикалық жағынан жерсеріктер мен ғарыш аппараттарын жеткізуде қазіргі таңдағы ең озық зымаран болып табылады. Бұл РФ-ның басты көзірі. Олар «Протон» арқылы пайда тауып отыр»,-дейді ҚР Аэроғарыш комитеті төрағасы.
Сонымен қатар, Т.Мұсабаев мыналарды ескерткен:
Тағы 11 жылға дейін Қазақстан мен Ресей арасында мемлекетаралық келісімдерге қол қойылған. Яғни, «Байқоңырдан» 2025 жылға дейін «Протон» ұшыру тоқтатылмайды. Ал гептил мен амил арқылы ұшырылатын зымырандар «Байқоңырдан» қазір кетпейді.
«Қазіргі таңдағы басты мәселе болып отырғаны «Бәйтерек» ғарыш кешенін жеделдетіп қолға алу. Бұл туралы РФ мен ҚР арасындағы 2004 жылдың 9- қаңтарындағы келісім бар. Егер «Бәйтерек» кешені жолға қойылатын болса, гептил мен амил арқылы ұшатын «Протонжарды» тоқтатуға әбден болады. Біріншіден ол жергілікті тұрғындардың денсаулығына айтарлықтай зиян. Екіншіден, ел экологиясына қыруар зардап келтіруде»,-дейді Талғат Мұсабаев.
Нұрзат Тоғжан
Пікір қалдыру