Мені жас ақын-жазушылардың республикалық жиынына шақырды. Жас прозаиктердің секциясын Тәкен Әлімқұлов пен Оралхан Бөкеев басқарды. Екеуі бәріміздің жазып әкелген шығармаларымызды жинап, қолтықтап алып кетті. Ертесіне Тәкен Әлімқұлов аға: – Нағашыбек, «Көңіл» деген әңгімең әдемі екен! Сен жазушы боласың. Дулат Исабековке тапсырдым. «Жалын» журналына жарық көретін болды! – деді. Әлі бір дүниесі республикада жарық көрмеген ауылдағы маған бұл ғажап жаңалық болды! Содан кейін Тәкен ағамен жиі хабарласып, қалаға келген сайын жолығып, үйінде де болып, шәй ішіп, кеңінен әңгімелесіп, пікірлесіп жүрдік. Ол кісі мына тұрған Ұзынағаштағы маған хат жазатын. Әдебиет жайлы, әдебиеттің қыры-сыры, жазу өнері туралы жазған хаттары қандай!.. Университетті бітіргенде сыншы Төлеген Тоқбергенов шығармалары негізінде Тәкен Әлімқұловтың прозасы жайлы өз пікір-пайымымды білдіріп, дипломымды беске қорғадым.
Тәкеңдей классик жазушы зерттеушісін жете таба алмай жүр-ау деуші едім. Осы кезеңде Қансейіт Әбдезұлы тәкентану әлеміне ден қойды, терең зерттеп, зерделеп, кестелеп жазды. Т.Әлімқұлов Б.Майлиннен кейінгі қазақтың қара сөзін құлпыртып, мәйегін ұсынған аса талантты прозаик екенін айқындап берді. Тәкен шығармалары ғасырдан ғасырға жасай беретін көркемдігі жоғары, қазақ прозасына эталон болатынын, әдебиет әлеміндегі орнын қадап көрсетті. Міне, Қансейіт Әбдезұлы – тәкентану ғылымын кеңейтіп, жаңа арнаға бұрып, биікке көтерген талантты әдебиеттанушы. Қансейіт қай тақырыпта жазса да тереңнен зерттейді, бүгінгі әлем, заманауи әдеби орта, тарих және келешек бағдар бәрін саралап, жаңаша ой түйеді. Бұл ғалымның білгірлігі мен талғам биігі. Содан бері Қ.Әбдезұлы қаламынан шыққан дүниелерді үзбей іздеп оқитын, оқығанды зерделеп, өзімен пікір бөлісетін сырлас досыма айналды. Қансейіт Әбдезұлы Тәкен Әлімқұловтай талғампаз қаламгердің шығармаларын, көркемдік ерекшелігін, тілдік құнарын терең талдады. Тәкен шығармашылығы жайында бұрын да, кейін де жазғандар аз болған жоқ. Қазақ сынының атақты өкілдері Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Сайлаубек Жұмабек төгілте талдаған. Қанекең де Тәкен әлеміне тыңнан жол салып, талант куатын таныта білді. Ол жалғыз Тәкен емес, қазақ әдебиетіндегі талай шығармаларды талдап, талай қаламгерлердің әдеби портреттерін сомдады. Көркем проза талдауында Мұхтар Әуезовтен бастап, шығармаларын атамағанның өзінде авторлардың есімдерінің өзі біразға созылары анық. Қашанда қарапайым қалпынан танбайтын Қанекең өзінің сыншылық, әдебиеттанушылық жолы отыз жылдан асты. Тәкен туралы екі монография, жекелеген бес кітап жазыпты. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі Қансейіт Әбдезұлы бірнеше жылдан бері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы. Қазақ әдебиетінің тарихына арналған бірнеше оқулықтар мен оқу кұралдарының авторы. Т.Әлімқұлов шығармашылығы жайында «Ел мен жер» атты тұңғыш зерттеу еңбегін жариялады.1995 жылы «Рауан» баспасынан «Кейіпкер және тартыс», «Санат» баспасынан «Т.Әлімқұлов және қазақ прозасы», 2001 жылы «Ғылым» баспасынан «Т.Әлімқұлов және 60-80 жж. қазақ әдебиеті» атты кітаптары, 2002-2003 жж. «Қазақ университеті» баспасынан «Әдебиет және өнер» атты зерттеуі, «Жазушы және заман шындығы» атты сын мақалалар жинағы жарық көрді. 2004-2008 жылдары «Қазығұрт» баспасынан «Тарих және тағдыр» атты кітабы, «Арыс» баспасынан «Т.Әлімқұлов және қазақ прозасы» атты зерттеуі, «Қазығұрт» баспасынан «Таным көкжиегі» атты публицистикалық және сын мақалаларының таңдамалысы шықты. «Ең шәкірті көп ұстаз» атанған ағадан дәріс алған кешегі ұл-қыздардың өздері бүгін елге сыйлы, ғылымға, білімге, әдебиетке, жалпы рухани кеңістікке өз үлестерін қосып жүрген танымал талант иелеріне айналған. «Бейнеттің зейнеті» деген осы шығар, бәлкім. Қазақ әдебиетінің тарихын, қазақ прозасын, оның ішінде қазақтың суреткер қаламгерлерінің көрнектісі Тәкен Әлімқұлов шығармашылығын үзбей зерттеп келеді. «Тәкен Әлімқұлов шығармашылығы және 60-80 жылдардағы қазақ прозасы» атты монографиялық зерттеулерінде озық ойлы Т.Әлімқұлов туындыларының тұлпар тынысы жан-жақты зерделеген. Тәкеңдей талғампаз қаламгердің суреткерлік феноменін ой елегінен өткізсек артық емес. Туған әдебиетіне тұп-тура жарты ғасыр адал қызмет еткен, қаламы қолынан түскенше тек қана жақсы шығармалар жазған Тәкен Әлімқұлов шын мәнінде соңына қымбат мұра қалдырды. Ал қазірде Қ.Әбдезұлының қазақтың сыншылары жайлы сериялы мақалалары жарық көріп жатыр. Олардың ішінде Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Сағат Әшімбаев, Зейнолла Серікқалиев, Рымғали Нұрғали тағы басқалардың шығармаларын жан-жақты талдап жазған зерттеулерінің құны жоғары. Қазақ әдебиетінде, әдебиеттану ғылымында өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған нар тұлға Зейнолла Қабдолов жайлы оның шәкірті Қ.Әбдезұлы былай дейді: «Жалпы З.Қабдоловтың қаламынан шыққан көркем туындылардың (роман, повесть, әңгіме, публицистика, эсселері, т.б. ) алтын арқауы, темірқазық идеясы – біреу. Ол – адамның ар-ожданы, имандылығы, кісілігі, кейіпкердің ішкі жан дүниесінің тазалығы, рухани болмысы». Қансейіт Әбдезұлының «Семсер» атты зерттеу еңбегінде қазақ әдебиеттану ғылымының, әдеби сынның өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосқан ірі-ірі қайраткерлердің рухани мұрасы жайлы мақалалары топтастырылған. «Ғарифолла Есім және қазақ философиясы» тарауында өз елінің рухани қазынасына деген Ғарекеңнің сүйіспеншілігі, перзенттік махаббаты әрбір сөзінен самалдай есіп, сезіліп тұрғанын айтады. Ғарекеңмен алғаш сұхбаттасуынан алған әсері, сезім-күйі қаншама жылдар өтсе де жүрегінде терең із қалдырғанын еске алады. «Мәдени мұра» бағдарламасымен шыққан 10 томдыққа қатысып, оныншы томын жазуға атсалысып, «Қазақ әдеби сыны» деген еңбегі жарыққа шығыпты. Үлкен ақындарымыз, даналарымыз, өнер иелерінің образдары сомдалған «Қазақ әдебиеті және қазақ әдебиетіндегі өнер тақырыбын» зерттеді. «Қазақ прозасының тарихы» атты еңбегі жарық көрді. Қазақ әдеби сынын жаңа биікке көтерген әлемдік әдебиеттің жаңалықтарын игерген, жан-жақты көп қырлы сыншылар жайлы мақалалары ойшылдығымен тамсантады. «Абайтанудың және Шәкәрімтанудың» жаңа ғылыми бағыттары» деген тақырыпта үлкен ғылыми жоба бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Қазақ прозасының тарихын толыққанды зерттеуде Қанекең де, шәкірттері де үнемі ізденіс үстінде. Қансейіт негізінен қазақ прозасының зерттеушісі ретінде танылды. Қ.Әбдезұлының 2009 жылы Алматыда «Арыс» баспасынан басылған «Таным көкжиегі» атты ғылыми еңбегінде ғасырлар бойында жасап келе жатқан киелі әдебиетіміз бен қасиетті өнеріміздің мәңгілік құнын жоймайтын көркемдік болмысы, әлемдік руханияттың қазынасына олжа салған ұлтымыздың саңлақ өнерпаздары мен олардың қаламынан қалған өнер туындылары, тарихи тұлғалар тағылымы, тарихи шындық, бүгінгі әдебиетіміздің тыныс-тіршілігі әңгіме арқауына айналған. Ғалымның іріктеп, таңдап, талғаған тұлғалар, сол тұлғалар туралы айтылған-жазылған ой-пікірлер, еңбектер лайықты сараланып бағаланған. Әдебиетіміздің бүгінгі тыныс-тіршілігін, тақырыптық-идеялық ізденістерін осы кітаптан табасыз. Тарихи тұлғалар тағдырын арқау еткен туындылар қазақ әдебиетінің көркемдік дамуында айрықша орын алады. Қазақ елінің тәуелсіздік жолындағы күреске толы күрделі тарихының елеулі белестері де «Тарих және тағдыр» атты шығармасында көркем бейнеленеді. Көркемдік құндылықтар бұл еңбекте тарихи кезең және тарихи тағдыр, сонымен бірге қаламгерлердің суреткерлік шеберлігі мен психологиялық талдау мәнері тұрғысынан сөз болады. Осы туындылардағы қазақ тарихында, қазақ қоғамында елеулі орын алған, әр ғасырда өмір сүріп, әр қилы тағдыр кешкен тарихи тұлғалар бейнесі оқырман назарын өзіне аударады. Олар: батырлар мен билер, көсемдер мен шешендер, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, өнер адамдары, бір сөзбен айтқанда, ісімен де, өнерімен де қазақ руханиятына айтулы үлес қосқан қайталанбас, біртуар тұлғалар шоғыры. «Әдебиет тарихы – ұлт тағдыры» атты көлемді мақаласында соңғы он бес жыл көлемінде жарық көрген әдеби-сын, зерттеу еңбектеріне танымдық тұрғыдан толымды шолу жасаған. Оның қаламынан туған дүниелер халықтың рухани қазынасына айналды. Қанекең университетте ұстаздық білім беріп қана қоймай, ғылыми-зерттеу саласындағы еңбегі де орасан зор. Ғалымдықтың өзі – өмірлік жүк. Ғалымның киелі әдебиетіміз бен қасиетті өнеріміздің көркемдік болмысын таразылаған тартымды еңбектерінің құны уақыт озған сайын биіктей береді. Адам бойындағы жақсы қасиеттер көп қой. Қансейіттің бойынан қарапайымдылық пен қайырымдылық, кісілік пен кішіпейілділікті көремін. Қалам қарымы қадірленіп, өнері бағаланып, 2006 жылы Ресей Ғылым Академиясының әдебиеттану ғылымы саласындағы М.Шолохов атындағы Алтын медалінің иегері атанды, 2008 жылы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» атағын иеленді. Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданының Құрметті азаматы, Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері.Осынша биікке адал еңбегімен, тынымсыз еңбекқорлығымен жеткен Қансейіт Әбдезұлының ұзақ жылғы еңбек жолын шолып шыққанымызда, оның ғалым-зерттеушілігі, сыншылығы, жемісті шығармашылық жолы, екіншісі –ұстаздығы, қайраткерлігі, басшылық қызметі. Осындай сан-салалы басшылық, ұйымдастырушылық қызметте жүріп Қансейіт Әбдезұлының бұл күнге дейін жүзге жуық әдеби-сын, ғылыми-зерттеу мақалалары мен әдебиеттануға арналған жеті кітабы жарыққа шықты. Бұған қаншама мектеп оқушылары мен студенттерге арналған оқулықтар мен оқу құралдарын қосыңыз. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеумен өткізіп келе жатқан ұлағатты ұстаздың әдебиетші мамандар дайындаудағы еңбегі ұшан-теңіз. Қ.Әбдезұлының жетекшілігімен 17 ғылым кандидаты, 3 ғылым докторы даярланыпты. Қаншама қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүретін, республикалық баспасөз арқылы публицистикалық мақалалар жазып тұратын Қанекеңнің соның бәріне қалай уақыт табатынына, үлгеретініне таңғаласыз. Халқымызда «Жақсы адам – елдің ырысы» деген тамаша мақал бар. Мен өзінің өнегелі өмірімен, қазақ прозасының зерттеушісі, талантты шығармаларымен танылған қарымды қаламгер Қансейіт Әбдезұлын елдің ырысына айналған ел ағасы деп бағалай аламын. Ол бұл құрметке сөзімен емес, ісімен лайықты азамат. Белгілі филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Қазақстан Республикасы Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі бүгінде қасиетті қара шаңырақ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы Қансейіт Әбдезұлы алпыс атты асқаралы асуға осындай жетістіктерімен жетіп отыр.
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ, жазушы, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты
"Ана тілі"
Пікір қалдыру