Еліміздің электрондық ақпарат құралдарында, Қытайдың ресми сайттарында жарияланған мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына нұқсан келтіретін, тіпті елімізді қаралайтын материалдардың жарияланғанына қарсы мақалалар жарық көріп, пікірлер айтылды. Бұл орынды азаматтық ұстаным. Бұл мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министірлігі қытайлық әріптестеріне наразылық білдіріп нота жолдады. Бұл еліміздің орынды жасаған реакциясы. «Албасты қабаққа қарай басады» деген де сөз бар емес пе?!
Қытайдың Қазақстанның аумағына таласы ХІХ ғасырдың ортасында патшалық Ресей империясы мен қытайлық Цин империясының Қазақ даласындағы өзара мемлекеттік шекарасын айыру кезінде басталған болатын. Олар мемлекет шекарасын делимитациялаудың принциптеріне көп таласқан. Цин империясы жоңғарлардың атының тұяғы тиген жерлер Қытайға тән болу керек, өйткені жоңғарлар Қытайдың құрамындағы ел десе, Ресей империясы қазақтардың этнотерриториясы Ресейдікі болады, себебі қазақтар Ресей құрамына енген ел деген уәж айтты.
Ақыры Ресей империясы Цин үкіметін айтқанына көндіріп, 1864 жылы орыс-қытай (Чугучак) шекара келісімшартына қол қойғызған. Содан 1882 жылға дейін және бірнеше қосымша шекара шарттарына қол қойылып, «енді екі ел тату тұрады» деп уәделескен болатын.
ҚКП билік басына келген соң ҚХР үкіметі, Қытайдың «апиын соғысынан» (1840-1842ж.) кейінгі шетелдермен қол қойған келісімшарттардың барлығы теңсіз жасалған шаттар, Ресеймен жасалған шекара келісімдері де Ресей империясының қысымымен қол қойылған, Цин империясының басқаруында болған Балқаш көлінің оңтүстігі мен шығысындағы 440 мың шаршы шақырым аумақты Ресей жұтып (аннекциялады) қойды деген мәселе көтеріп, шекара мәселесі бойынша қайта келіссөз жүргізуді талап етті. Бірақ оған Кеңес үкіметі мүлде келіспейді. Сонымен екі ел арасындағы территория мәселесі КСРО-ҚХР қатынастары шиеленіскен жылдары ушыға түсіп, екіжақ бір-бірін отарлаушы деп айыптап жатты. 1985 жылдан кейінгі КСРО еліндегі өзгерістерден соң, қос тарап шекара мәселесіне қайта оралды, бірақ КСРО-ның ыдырауы бұл мәселені аяқсыз қалдырды.
1991 жылы Кеңес одағы ыдырап, Қазақстан қатарлы Орта Азия мемлекеттері тәуелсіздік алды.
Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылы мемлекет басшысы ретінде ҚХР-ға жасаған алғашқы сапары кезінде, қытайлық әріптестері мемлекеттік шекара мәселесін қайта қарауды ортаға қойды. Елбасы да шекара мәселесін «келер ұрпаққа қалдырмау керек» деп санады. Сонымен екі тарап өкілдері шекара келіссөзін жүргізді. Нәтижесінде екі мемлекеттің басшылары Цэян Цзэмин мен Нұрсұлтан Назарбаев 1998 жылы Қазақстан аумағындағы таласты учаскелердің 53%-ын Қазақстанға қалдырып, 47%-ын Қытайға беруге келісіп, мемлекеттік шекара мәселесін түбегейлі шешті.
Шынымды айтсам, сол кезде мен ХVІІІ ғасырдан бергі Қазақстан – Қытай қарым-қатынастарын зерттеп жүрген маман ретінде ол шешімді әділ болмады деп санаған едім, қоғамда да сондай пікір қалыптасқан болатын. Бірақ қазір Елбасының ол шешімінің дұрыс екеніне көзім жетті.
Қазақстан мен Қытай арасындағы территория мәселесі немесе шекара дауы осымен аяқталуы керек еді. Бірақ содан бері Қытайда шығып жатқан тарихи еңбектерде, жоғары оқу орындарының оқулықтарында, тіпті 12 томдық «Қытайдың тарихи картасында» «Балқаш көлінің шығысы мен оңтүстігі Цин империясының басқару территориясы» санайтын ескі сарын өзгере қойған жоқ.
Мен кезінде өзімнің зерттеу еңбектерімде Цин империясы құрығының (билігінің) Балқаш көлінің оңтүстігі мен шығысына жетпегенін, Қазақ хандығының Цин империясының вассалы болмағанын, Цин империясының Қазақ хандығымен дербес мемлекет ретінде саяси-дипломатиялық және сауда экономикалық байланыс жасағанын, олардың Орда күнделік хаттамалары арқылы дәлелдегем (бұл мәселеге қызығатын оқырмандар болса менің «ХVIII-XX ғасырлардағы қазақ-қытай байланыстары» 1996 ж.; «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920)» 2000 ж.; «Дипломатиялық қатынастар және қытайтану мәселелері» 2010 жылы баспадан шыққан еңбектерімді оқуына болады).
Қытайдың мемлекеттік шекара-шебін негізінен Цин империясы қалыптастырған, ХІХ ғасырдың екінші жартысында анықталған. Цин империясы – Қытайдың Шығыс-Солтүстігінде өмір сүрген Алтай тілі жүйесіндегі жартылай көшпенді мачжурлер құрған (1644) абсолютты феодалдық патшалық. Оның алғашқы кезеңінде (ХVII- XVIII ғ.) Қытайдың әлеуметтік экономикасы шарықтап дамып, дүниежүзі ІЖӨ (GDP)-ның 30%-ын өндіріп, экономика бойынша әлемде 1-ші орын ұстады. Сонымен Қытай төңіректегі мемлекеттерге өктемдігін күшейтті, тіпті Вьетнам, Корея сияқты мемлекеттерді толыққанды вассалына айналдырып, онда саяси-әскери күштерін ұстады.
Қытай Цин империясы «әлемде бар нәрсенің бәрі өзімде бар, ешкімге ісім түспейді» деп жабық есік саясатын қолданып, әлемнен оқшауланды. 1840 жылы Ұлыбритания зеңбірегінің гүрсілі Тәңір патшалығын тәтті ұйқысынан шошытып оятты. Сонда ғана олар өзінің ғылыми-техникада әлемнің артында қалып қойғанын қатты сезінді. Сол кезде Англияның жершарының қай жерінде тұратынын білетін адамы да болмапты.
1885 жылы Франция Вьетнамның солтүстігіне орналасқан Қытайдың Қара тулы әскерінің быт-шытын шығарып, 3 мың армиясын айдап шығып, Вьетнамды өзінің отарына айналдырды. Ал 1894-1895 жылдары Кореядағы қытай-жапон соғысында Қытайдың теңіз армиясы күйрей жеңіліп, кемелері суға батып кетті. Ақыры Цин үкіметі соғысты тоқтатып бейбіт келісімге келуді өтінді. Сонымен ол соғыста жеңілгенін мойындай отырып: Кореяның тәуелсіздігін мойындады; Қытайдың Ляодун түбегін, Тайвань және оның төңірегіндегі аралдарды Жапонияның басқаруына беруге; соғыс шығыны үшін 200 млн лян (liang) ақ күміс төлеуге және басқада шарттарды орындауға мақұл болып келісімшартқа қол қойды.
Бірақ қытай ақпарат құралдары «Вьетнамның солтүстігі, Корея тұтастай Цин (Цин ғана емес, Мин патшалығының) патшалығының басқаруында болған жер» деп айта алмайды. Вьетнам Қытаймен таласып келген – Парасель аралдарынан соңғы жылдары мұнай игере бастады. Оған Қытай анда-санда әскери кемелерін жіберіп бақылап қайтудан арыға бара алмай отыр. Себебі, Вьетнам онда Ресеймен бірлесіп мұнай игеріп жатыр. Корея елдеріне де ондай сөздер айтпайды, өйткені Оңтүстік Кореяда АҚШ-тың Зымыранға қарсы базасы орналасқан. Ал Солтүстік Кореяның Атом базасы Қытайға жақын жерде тұр, олардың қытығына тисе «көрге бірге кіруге дайын». Cондықтан оларды тым ашықтырмай, ашуландырмай ұстауға мәжбүр болып отыр.
Соңғы жылдары Қытайдың электронды ақпарат құралдарында Ресейдің Қиыр Шығысы, Моңғолия, Қазақстан, одан әрі Жерорта теңізіне дейінгі кеңістікке бағытталған агрессиялық метериалдар ұдайы жарияланып келеді. Мысалы, 2013 жылы 5 наурызда «Путин қатты ашуланатын болды: Орыстың екі үлкен аймағы Қытайға оралады» деген тақырыпта мақала жарияланып талқыға түсті. Сайтта мақала авторлары көрсетілмегенімен оның белгілі деңгейдегі маманның қолынан шыққаны анық байқалады.
Аталмыш мақалада: «Қазір 2 млн Қытай азаматы Ресейдің Қиыр Шығысына барып тұрақтады. Қытай тұрғындары саяси жақтан өзін-өзі басқару талабын қоятын болса, Ресейдің Қиыр Шығысының оңтүстік бөлігі, ХІХ ғасырдың ортасындағы жағдайға қайтып барады (Қытайдың қарамағына демекші –Н.М.).
Қазір ақырындап сездірмей экономика мен жылжымайтын мүліктерді иелене беретін болсақ, іс жүзінде Қиыр Шығыс Қытайдың отарына (колониясына) айналады. Ресейдің Қиыр Шығысын Қытайдың шикізат отарына айналдыру – экономикалық жақтан оларды Ресейден толығымен бөліп жіберу болып табылады.
Бұл аймақтың экономика бойынша Қытай рыногімен тікелей жалғастырылуы – Ресейді Жапониядан, АСЕАН мемлекеттерінен, АҚШ пен Канададан бөліп тастау. Болашақта Қиыр Шығыс экономикасын Қытайға шырмап тастау керек.
Қытайдың әлемдік экономика мен саясатындағы ықпалының өсе түсуіне байланысты, Амур өзені жағалауы аймақтарын болашақта күштеу тәсілі арқылы Қытайдың территориясына қайта оралту қажет» дейді. Оған үн қосушылар: «....қазір Жапония және басқа мемлекеттермен таласты территорияларды шешіп аламыз, одан соң Қиыр Шығысқа қайта ораламыз» дейді, ашықтан ашық.
2017 жылы Қытай сайтында «Моңғолия парламентінде кейбір депутаттар Қытайға қайта ораламыз («gui hui») деп еді, Қытай қабылдамады» деген материал жарияланған. Сол жылы жазда мен Бейжинде өткен «Қытайтану және заманауи Қытай» атты халықаралық конференцияға қатыстым. Осы конференцияға Моңғолиядан келген «Ұланбатыр Конфуций институтының» директорынан аталған мәселені сұрадым. Ол «ондай ұсыныс болуы мүлде мүмкін емес» деді.
2018 жылы көктемде Қытайдың Әскери Академиясының жас инспекторының оқыған лекциясы ғаламторды шарлап жүрді. Онда әскери инспектор Әлем картасын іліп қойып, бір топ курсанттарға дәріс оқиды, оқығанда картаны нұсқап тұрып былай дейді: «мынау Байкал көлі, мынау Балқаш көлі, анау Каспий теңізі, анау Жерорта теңізі, бұл кең-байтақ дала – Қытайдың ежелгі территориясы, атақты ақынымыз Ли Бай осы Балқаш көлінің маңында туған, бұл жерлерде биологиялық ресурстар өте мол, осы жерлерді қайтарып алуымыз керек!». Бұл сөзге тыңдаушылар шабыттанып, дүркіреп шулап қолшапалақтап қолдап отыр.
Екі-үш күннің алдында қытайдың бір зиялысы: «Короновирустан АҚШ күйрейді, енді оның елу штаты өз алдарына дербестеніп кетеді, оның кейбіреулері Қытайға қосылуды талап етеді» деген мағынада материал таратқан. Бұлардың бәрі «Қазақстан Қытайға қашан қосылады?», «Қазақстандағы Ли Байдың ұрпақтары жерімен Қытайға қосылуды аңсап отыр» деген сияқты парадокстер. Бұлар әсте демократиялық елдердің сөз бостандығынан шыққан жел сөздер емес. Өйткені ҚХР – бір партиялық тотаритарлық мемлекет, соңғы жылдары ҚКП ақпараттық бақылауды барынша күшейткен, миллиондаған «Интернет сақшылары» тәулігіне жұмыс жасайды, ҚКП-ның идеологиясына, мемлекеттің саяси бағытына қайшы келетін бір сөйлем, бір сөзді қалт жібермей қағып тастап отырады. Олай болса, БҰҰ-ның заңына қайшы, ҚХР өзінің дипломатиялық «бес приципіне» де кереғар келетін, әлем бейбітшілігіне зиянды экспанциялық насихаттардың Қытайдан тарай беруін қалай түсінуге болады? Соңғы жылдардағы Қытай саясатындағы өзгерістердің астарына терең үңілсек, оны түсіну онша қиынға түспейді.
ҚХР-дың әлеуметтік экономикасының шарықтап дамуы соңғы қырық жылдан бергі реформа және ашық есік саясатының нәтижесі. Осы реформаның бас инженері Дэн Сяопин ҚХР-дың сыртқы саясатына: «сыр білдірмeу, дами түсу» (tao guang yang hui, you suo zuo wei); «Біз ешқашан бастамашы болмаймыз, бұл мемлекеттің негізгі саясаты. Бұл бастаманы біз алып жүре алмаймыз, оған күшіміз де жетпейді» деген принципті белгілеген болатын. Алайда ҚКП ХІХ съезінде «Қытай халқы орнынан тұрудан баюға, баюдан күшеюге» қадам басу саясатын қабылдады. Сондай-ақ әлемге бастамашы болып, адамзат тағдырының ортақ қауымдастығын қалыптастыруды көздеді. Дүниежүзі өндірісінің 30%-ын өндіретін, әлемде екінші орындағы экономикалық ірі мемлекетке айналған Қытай, енді «семсерді қыннан суыратын» («liang jian») кез келді деп отыр. Сондықтан ҚКП-ның қатты және жұмсақ күштерге сүйеніп, әлемге жетекшілік ету жолында күресіп жатқан жағдайында жоғарыдағыдай пікірлер оның негізгі саясатына қайшы келмейді. Сондықтан ондай материалдар жарияланды және жариялана береді.
Алайда оған қарап, «ойбай, Қытай соғыс ашқалы жатыр» деп дүрлігуге, жау шақыруға негіз жоқ. Ол пікірлер тек Қытай семсерінің қынан суырғандағы жарқылы ғана, психологиялық тамыр басу ойыны, одан соғыс оты лаулай қоймайды.
Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар екі жақтың ұлттық-мемлекеттік мүдделері негізінде қалыптасқан, екі елдің экономикасы бірін-бірі толықтыратын ерекшелікке ие. Сондықтан Қазақстан – Қытай арасында орнаған өзара достық ынтымақтастық қатынастар әлі де өз жалғасын таба беретіні сөзсіз.
2019 жылы Уханнан тараған Короновирус кімнің кім екенін және өзіміздің қандай екенімізді танытты. Бұл індет аяқталған соң әлемдік қауымдастықтар қайта ұйымдасады, бейне бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жағдай сияқты. Экономикалық жаһандану барынша әлсірейді. Мен 2003 жылы «Жаңа ғасыр және Қазақстандағы оралмандар мәселесі» атты мақаламда ХХІ ғасырда орын алатын тенденцияларға болжам жасаған едім. Сонда: «БҰҰ-ның беделі төмендейді, АҚШ сияқты номері екінші, үшінші супердержавалардың Халықаралық заңдарды аяққа басу құбылыстары орын алады. БҰҰ ара түседі, өзара қол қойған кепілдік келісімдер қалқан (қорғайды) болады деу – тым ақкөңілдік болатын сияқты» деппін (//Қазақ елі. 2003, №16, 3 б.). «Жаманның айтқаны келеді» дегендей, әлемдік тәжірибе менің сол болжамдарымның дұрыстығын дәлелдегендей.
Сондықтан әлі де айтарым – мына алмағайып заманда, тіпті де кез келген қағаз жүзіндегі келісімшарттарға, ауызекі айтылатын достықтарға сеніп арқаны кеңге салуға болмайды.
Әрине, Қазақстан қорғансыз ашық-шашық жатқан иен дала емес («Ұлы дала елі» десек, кейбіреулер солай түсініп қалды-ау меймін), мықты қорғаныс күші бар, Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымы (ОДКБ) сияқты ортақ қорғану жүйесі бар мемлекет. Дегенмен Қазақстан әлі де ұлттық бақуатты мемлекет құруға құлшынуы керек. Ортағасырлық емес, заманауи өркениетті халық тәрбиелеуге, жаңа өткір ғылыми-технологияларды меңгерген мемлекетке айналу бағытында құлшына жұмыс жасауы қажет деп ойлаймын.
Нәбижан Мұқаметханұлы,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
Пікір қалдыру