Маңғыстау облысында сот екінші топтағы мүгедекті жұмысына қайта орналастыру туралы шешім шығарды

/uploads/thumbnail/20170708192041529_small.jpg

Ақтау қаласының №2 соты азамат Б-нің "Жалғызтөбемұнай" ЕЖШС-не еңбек шартты бұзу туралы бұйрығын заңсыз деп тану туралы, шипажайлық-курорттық емдеу ақысын төлеуді міндеттеу туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қарады.

Талапкер өз арызында жауапкерде газ электр дәнекерлеуші ретінде вахта әдісімен жұмыс жасап жүріп, өндірістік жарақат алғандығын көрсеткен. Өндірістегі жазымды оқиға туралы актке және жазымды оқиғаны арнайы тергеу актіне сәйкес, жазымды оқиғаның себебі жұмыс өндіруді дұрыс ұйымдастырмау болып анықталып, жұмыс берушінің кінәсі 100% деп белгіленген. Жалпы жұмысқа жарамдылықты жоғалту деңгейі туралы анықтамаға сәйкес, талапкерге мүгедектіліктің екінші тобы тағайындалған. Жауапкер онымен еңбек шартын Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 223 бабы 2 тармағының (мүгедектер еңбегін ауыр жұмыстарда, зиянды (ерекше зиянды), қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда пайдалануға тыйым салынады) талаптарына сүйене отырып, Еңбек кодексінің 54 бабы 1 тармағы 4 тармақшасы негізінде бұзған.

Сонымен қатар, "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" ҚР Заңының 34-бабына сәйкес, жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған және (немесе) кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектердi жұмысқа орналастыру үшiн жұмыс берушi кәсiптiк оқытуды немесе қайта оқытуды, арнаулы жұмыс орындарын құруды осы Заңға сәйкес жеке қаражаты есебiнен қамтамасыз ететіндiгін жауапкер ескермеді.

Сот жұмыс берушінің кінәсінен жұмысшы Б. екінші топтағы мүгедек болғаны анықталып, сондықтан жауапкер талапкермен еңбек шартын бұзбай, оны оқытып, ол үшін жұмыс орнын ашуға міндеттелген.

"Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" ҚР Заңының 20 бабы 4 тармағына сәйкес, жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедекке шипажайлық-курорттық емделуге жолдама Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушiнiң есебiнен берiлген.

Сөйтіп, жұмыс беруші          еңбек жарақатын алған жұмысшыға шипажайлық-курорттық емделудің шығындарын төлеуге міндетті.

Сот Б-нің талап арызын толық қанағаттандыру туралы шешім шығарған.

Шешім заңды күшіне енді.

 

Қайнар: 

Ақтау қаласы №2 сотының баспасөз қызметі

Қатысты Мақалалар