56 жастағы ақтөбелік азаматша карантин кезінде желіде жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Полицейлер әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында қоғамдық көлік тасымалдаушы компаниясы қызметкерінің Whatsаpp мессенджерінде жалған ақпарат таратқанын анықтаған.
"Аудио жазбада 56 жастағы әйел Ресей Федерациясының шекарасынан Ақтөбеге қоғамдық көлік автобустарымен 500 адамды әкелгені туралы, ал бүгін жаңа топ студенттерін күтіп жатқанын және коронавирус індетімен ауыратындардың саны статистика бойынша әлдеқайда көп және ауруханада науқастар толық деп ақпарат таратқан. Алайда, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді" делінген департамент таратқан хабарламада.
24 сәуір күні азаматшаға Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодекстің 478-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Осылайша қаланың мамандандырылған әкімшілік соты оған 40 АЕК көлемінде айыппұл төлеуді талап етті.
Ақтөбе облысының Полиция департаменті азаматтардан жалған ақпарат таратпауды жане тек ресми дерек көздеріне сенуді сұрайды.
Пікір қалдыру