Алматы. Қамшы порталы – Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігіндегі ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Саят Нюсуповтың қатысуымен 2015-2016 оқу жылына мектеп оқушыларын оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендермен қамту мәселелеріне арналған мәжіліс өтті. Аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен білім бөлімдерінің меңгерушілері, «Атамұра», «Мектеп», «Алматыкітап», «Арман ПВ» сынды баспалардың өкілдері шақырылған жиынды облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов жүргізді. Аталған жиында хабарлама жасаған облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Альбина Елшиева оңтүстікте оқушылар санының жыл сайын артып келе жатқанын тоқталып, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға жергілікті бюджеттен 1 млрд. 326 млн. теңге бөлінгенін айтты. Қосымша 1 млрд. 410 млн. теңгенің қажеттілігі анықталып, оның 925 млн. облыстық қазынадан бөлінсе, қалған 484 млн. 898 мың теңгесі аудан, қалалардың бюджеті есебінен шешіледі деді. Сондай-ақ, оқулықтар әзірлейтін 12 баспамен 104 келісімшарттың түзілгенін жеткізіп, дайын өнімді тасымалдауда кездесетін мәселелерге назар аударды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Е.Айтаханов оқулықтар мәселесінің 20 тамызға дейін шешіліп, барлық білім мекемелеріне тасымалдап беру жөнінде жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді. Мәжілістен кейін аудандар мен қалалардағы білім бөлімдері оқулық дайындайтын баспалармен екіжақты келісімшартқа отырды.
Дереккөзі: ОҚО әкімінің баспасөз қызметі