Түрксібтің оңтүстік және солтүстік тармағы түйісуінің салтанатты шарасы жоспардан 8 ай бұрын, 1930 жылғы 28 сәуірде Жетісу жеріндегі Айнабұлақ станциясында өтті. /Бұл елді мекен бұған дейін Оғыз-Қорған деп аталған екен./ Осыған орай, «Гудок» теміржол газеті былай деп жазды: «28 сәуір, түйісу сәті туды. Міне, рельстердің соңғы жұбы. Бір сәт және соңғы соққы! Осы уақытта жұмысшы қолының күрт серпілуі солтүстік пен оңтүстіктің қосылуын аяқтады. Түйісу жүзеге асты. Солтүстік және оңтүстік төсемдердің жүздеген жұмысшысы бір-бірімен кездесуге асықты. Жаппай қуаныш. "Ура!" деген дауыс даланы жаңғыртты. Бұл ұмытылмас сәт болды. Адамдар құшақтасып, бір-бірін жеңістерімен құттықтады. Құрылыс ардагерлері қуаныштан көз жастарын тыя алмады».
Салтанатты митингте РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т. Рысқұлов, Қазақстан ХКК төрағасы О. Исаев, Башқұрт ОАК төрағасы Т.Ш. Шафиков, Коминтерн Атқару комитеті президиумының мүшесі Сен-Катаяма, сондай-ақ Семейдегі Қытай Бас консулы Мо-Вей-Тун сөз сөйледі.
КСРО-ның түкпір-түкпірінен тілшілер, оның ішінде «Гудок» газетінің өкілі Илья Ильф пен Евгений Петров келді. Олардың әйгілі «Алтын бұзау» романында Түрксіб «Шығыс магистралі», түйісу орны – «Даңғырлақ бастау» деп аталады. Демек, астыртын миллионер А.И.Корейконың сырлы миллионды асқан шебер алаяқ Остап Бендерге беруі осы Айнабұлақ станциясында болған.
Жалпы, аңызға айналған алып құрылыс, кеңестік бірінші бесжылдықтың «қарлығашы» – Түркістан-Сібір теміржол магистралі Т.Рысқұловтың бастамасымен салынған еді. Ол сол кезде Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Түркістан-Сібір теміржолы құрылысына көмек беру комитетін басқарған болатын. Түрксібті салу туралы шешім 1926 жылы 3 желтоқсанда КСРО Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің отырысында қабылданды. Түрксіб құрылысының жетекшісі болып В. Шатов тағайындалды.
ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Орталық Азия мен Сібірді байланыстырған бірегей жоба Қазақстан үшін маңызды оқиға болды. Түркістан-Сібір темір жолының құрылысы (Түрксіб) 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдардың басында қазақ халқын біріктірді. Көпшілік үшін бұл жаңа, жақсы және жарқын өмірдің үмітіне айналды. Түрксіб тарихы – бұл ең алдымен теміржолда жұмыс істеген қарапайым қазақстандықтар. Құрылыс алаңына Кеңес елінің түкпір-түкпірінен жұмысшылар келді. Дала, өзендер мен таулар арқылы мыңдаған шақырым темір жолдар өтті. 1927 жылдың қыркүйегінде құрылысшылар темір жолдың бірінші буынын солтүстікте – Семей станциясынан, ал 1927 жылы қарашада – оңтүстік буынын Луговое станциясынан салуды бастады. Ал 1931 жылы Түркістан-Сібір темір жолы мерзімінен бұрын пайдалануға берілді. Ол бастапқыда 5 жылға жоспарланған болатын, ал іс жүзінде үш жарым жылда салынып бітті. Көп жылдан кейін, 1974 жылы, Түрксіб бойымен өткен алғашқы паровоз Алматы қаласында құрметті тұраққа орнатылды. Алайда өкінішке қарай 90-шы жылдардың соңында бұл жәдігер Қытайға металл сынықтары ретінде сатылып кетті.
Көптеген тарихи тұлғалар Түрксібпен байланысты. Мысалы, әлемге әйгілі Калашников автоматын жасаушы Михаил Калашников 18 жасында Қазақстанға келіп, Түрксібте (Матай станциясында) жұмыс істеді және оның айтуынша, оның техникаға деген қызығушылығын тудырған депо машинистері мен темір ұсталары болған. Кеңестік әскери тілшілер Илья Ильф пен Евгений Петров құрылыс кезінде журналистер ретінде Түрксібте болған, олардың естеліктері «Алтын бұзау» романында көрініс тапқан. Түрксіб құрылысына көмек көрсету комитетінің мүшесі Мұхамеджан Тынышпаевтың рөлін ерекше атап өткен жөн. Оның бастамасы арқасында жол жөндеуші агенттер курсы құрылды, онда елуден астам қазақтар оқытылды, ол магистралды салу кезінде 75 миллион рубльді үнемдеуге мүмкіндік берген «Шоқпар нұсқасы» жобасын жасады. Түрксібтен белгілі қазақ теміржолшылары, болашақта Қазақ КСР еңбек сіңірген құрылысшылары Жұмағали Омаров, Қадыр Құлманов, Мұстафа Қазыбеков және Ахметжан Мәженов өсіп шықты. Соңғысы, айтпақшы, яғни Ахметжан Мәженов 1930 жылы 28 сәуірде соңғы «күміс» балдақты қағып кіргізген жұмысшы болатын.
Ал, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың бұл құрылысты басқарып, жүргізудегі орны мен рөлі орасан зор. Ол қазақтарды теміржол құрылысына тартып, олардан жұмысшылар және маман кадрлардың қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді. «Күндіз отырмай, түнде ұйықтамай» құрылыстың тікелей басы-қасында болып, жан аямай еңбек етті. Ф.Голощекиннің және оның айналасындағылардың қарсылығына қарамастан өзі бұрыннан білетін М.Тынышпаевты қазақтан шыққан алғашқы жоғары білімді теміржол маманы ретінде Түрксіб құрылысына тартты.
1958 жылы Түркістан-Сібір теміржолы Қарағанды темір жолымен бірге Қазақ темір жолына біріктірілді. 1971 жылы Қазақ теміржолынан Алматы темір жолы бөлінді. Содан кейін тәуелсіз Қазақстанның барлық темір жолдары «Қазақстан темір жолы» мемлекеттік кәсіпорнына біріктірілді.
Ұзындығы 1500 шақырымдық Түрксіб теміржолының маңызы өте зор. Ол оның құрылысына байланысты барлық үміттерді толық ақтады, Қазақстан мен Орталық Азия республикалары экономикасы мен мәдениетінің айтарлықтай өсуіне ықпал етті. Оның айналасында көптеген өнеркәсіптік және ауылшаруашылық кәсіпорындары құрылды. Түрксіб отандық теміржол салу мектебі ретінде белгілі. Мұнда көптеген теміржол мамандары қалыптасып, олар жақсы кәсіби дайындық өтті және керемет инженерлік кадрлар өсіп шықты. Түрксіб құрылысшыларының тәжірибесі мен қызметі отандық теміржол құрылысының алтын қорына айналды. Олардың ұрпақтары бүгінгі күні өз ата-бабаларының игілікті істерін үлкен жауапкершілікпен одан ары жалғастыруда.
Сабырхан СМАҒҰЛОВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан тарихы каферасының оқытушысы
Пікір қалдыру