Желтоқсаншылар Телібековты темір торға тоғытуды талап етті

/uploads/thumbnail/20170708192505440_small.jpg

Жақында алматылық белсенділер еш жерде тіркелмеген, ресми емес «Қазақстан мұсылмандар одағының» төрағасы Мұрат Телібековті ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін жауапқа тартуын талап етіп, прокуратураға арыз берген. Бұл туралы «Қамшы» порталы Азаттықа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Азаттықтың жазуынша, даудың шығуына бар-жоғы белгісіз, интернетте жарияланған «көшеден соққан жел» (ветер с улицы) атты кітап түрткі болған.

Шағым білдірушілердің айтуынша, «көшеден соққан жел» атты диссиденттік кітапта «қазақ халқы мен оның дініне тіл тигізетін» сөйлем жолдары бар көрінеді. Бұған енжарлық танытпаған алматылық белсенділер Алматы қалалық прокуратурасынан өзін ҚР Мұсылмандар одағының басшысы деп атап жүрген Телібековты жауапқа тартуын талап етіп, шағым білдірген. Прокуратураға шағымды «ұлттық патриоттық қозғалыстың» бір топ белсендісі мен «Желтоқсан 86» қозғалысының  жетекшісі Гүлбахрам Жүніс апарып тапсырған.

Осыған дейін «Қазақстан мұсылмандары одағы» деген беймәлім одақтың атынан оқыс мәлімдеме жасап жүруімен танымал болған Мұрат Телібеков өзіне қатысты осы бір даулы мәселеге «кезінде, 1990 жылдардың басында кітабымды баспадан сол күйі шығара алмадым,  ал оның интернеттегі нұсқасына қатысым жоқ» деп ақталған-мыс. Ал «Әділ сөз» құқық қорғау ұйымы  Телібековке араша түспек болған.  Мәселенің мән-жайына үңілер болсақ, қазіргі таңда  дау қызып, екі тарап мүдде қақтығысын қоздырып жібергенге ұқсайды. Телібеков өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтып ақталса, қарсы тарап оның мемлекетті құрушы ұлттың діні мен діліне тіл тигізгені үшін және ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін заң алдында жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

Айтпақшы, осыған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) «Телібековтың ұйымының ҚР Діни басқармаға еш қатысы жоқ екенін және оның Қазақстан мұсылмандарының атынан сөйлеуге құқы жоқ екенін» айтқан болатын.

Ол өзінің ұйымы «ҚР Әділет министрлігінде тіркелген» дегенімен, ресми органдағылар мұны да жоққа шығарған.

Сондай-ақ, Телібеков мырза сәуірдегі сайлауда да өз кандидатурасын ұсынып, «емтихан тапсыру ережелеріне» бағынбай, тағы да шу шығарған еді.

Ал  Гүлбахрам Жүніс пен қозғалыс мүшелері қазақ қоғамында өткір мәселелерді көтеріп жүрген, азаматтық топтың мүшелері ретінде танылған. Тіпті, 2010 жылғы сайлауда ұлты орыс болғандықтан Владимир Козловтың кандидатурасына қарсы шығып, ұлттық баспасөз клубында дау шығарған. Тіпті, қозғалыс белсенділері ол кезде Козловқа жұмыртқа мен бөтелке лақтырып, аудиториядан қуып шыққан еді.

Прокуратураның айтуынша, қазір Гүлбахрам Жүніс пен белсенділердің шағымы қаралу үстінде. Егер прокуратура аталмыш шағым бойынша іс қозғайтын болса, шілде айынан бастап Телібеков мырза «күдікті» болып шыға келмек.

Гүлбахрам ханымның Азаттыққа жасаған мәлімдемесінде, «Оның (ред. Телібеков) кітабында қазақ халқында тіл де, ұлт та, дін де болмаған, болашағы жоқ халық» деп айтылған. Гүлбахрам Жүністің айтуынша, Телібеков мырза өз кітабында қазақ халқына қатысты бейәдеп сөздерді де жиі қолданған.

Гүлбахрам Жүніс «біз арызымызға Телібековтің кітабынан үзінділерді де тіркеп бердік. Оны  біздің сөзімізге шүбә келтіргендерге де көрсетуге әзірміз. Адам өз ұлтының, өз халқының мәдениеті мен дінін менсінбеуге болмайды. Мұны біз Телібековтың өзіне де ескерткен болатынбыз»,-дейді.

Ал Телібеков болса, «кітабым сол күйі шықпағандықтан, интернетте әлгі кітаптан үзінділер деп жарияланған мәтіндерге қатысым жоқ. Мұнда дауласуға негіз жоқ. Жұрт авторы мен деп жүрген мәтін 2014 жылы Zona.kz сайтындағы блог пен файлалмастырғышта жарияланған. Бұл жазба өзі 20 жыл бұрын жариялағысы келген кітаптағы мәтін бе, жоқ па – білмеймін. Мәтіннің түпнұсқасын білмеймін. Оны интернетке кім жариялағанын да білмеймін»,-деген.

Ол тергеушіге,  «кешіріңіз, бірақ 20 жыл бұрын дуалға да жаман сөздер жазғанмын, олай болса, оларды да қайта жаңғыртып, қазақ халқы ғана емес, бүкіл адамзатты қорлады деп айыптаңдар»,-деген.

Алматы қалалық прокуратурасының өкілі Гүлнәр Бердібекованың Азаттыққа хабарлауынша, Мұрат Телібековтің өкілдері жазған шағымдарына жуырда жауап алады.

Егер іс сотқа жетсе, Мұрат Телібеков екі жылдан жеті жылға дейін сотталуы немесе осы мерзімге еркіндігі шектелуі мүмкін. Телібеков «қудалаудың түпкі себебі - белсенді қоғамдық қызметіме байланысты болуы мүмкін» деп санайды. 

 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар