Әлемдік дағдарыс үшін қазақ неге өз билігіне өкпелейді?

/uploads/thumbnail/20170708192856406_small.jpg

Қазақстанның қос бүйірінен қысқан қаржылық қиындық  әлеуметтік ортада қызу талқыға түсті. Жаңа экономикалық саясат – вальюталық дәліздің алынып тасталуы мен теңге бағамын еркін айналымға түсіру – қарапайым халықтың қалтасына салмақ салғаны белгілі. Президент Назарбаевтың айтуынша – бұл тек Қазақстанда ғана орын алған дағдарыс емес. Ендеше, әлем мемлекеттерінде болып жатқан «жаһандық дағдарыс» үшін қазақ неге өз билігіне өкпелі? Біздегі кіршіксіз қалыптасқан  -  «ақсақал  билікке» өкпелеуге себеп бар ма, өзі? Пайым таразысына салып қарайтын болсақ, осы уақытқа дейін халық санасы еркін ойлау өресінен тарылып – ойыншық сана аужайына түскені жасырын емес. Біздегі қалыптасқын саяси жүйе саяси фигураларды баптап-даярлап, қалтасына қаржы салып, шетелге қашырудан өзге не тындырды? Елдің табиғи-қазба байлықтары неге ел әлеуетіне жұмыс жасамайды? Қазақстандағы ЖІӨ көрсеткіші неге төмендеген? Жұмыссыздық көрсеткіші неге кемімейді? Даңғырлаған даңғаза той-думаннан басқа ел саясатында елеулі деп айтарлықтай не өзгерістер болды? Осының барлығына жауаптылар кімдер? Билік халықты баладай алдауды қашан доғарады? Халық игілігі үшін деген желеу сөзді енді қанша уақыт тыңдауымыз керек? Бұл  өз билігіне өкпесі қара қазандай әрбір қазақстандықтың көкейінде жүрген сауал екені әмісеге аян.

Елбасының өзі күмән келтіріп отырған «Тәуелсіздіктің» 24 жылында Қазақстанның желге шашылған миллиардтаған қаржысының бірқатарын «Қамшы» порталы тізбелеп көрген еді.

 

  1. Қазынаға қол сұғып, мемлекет қаржысын қалтасына басып кеткендердің бірі әкім, күйеу бала – Витор Храпунов. Оның шетелдік есеп-шотында – 48 млн АҚШ доллары, 7,7 млн еуро және 25 328 047 теңге қалған.( www.halyk-gazeti.kz). Forbes Kazakhstan анықтағандай, Ләйлә және Виктор Храпуновтардың иелігіне тиесілі – Алматы қаласында 27 жылжымайтын мүлік, Швейцарияда 14 пәтер анықталған. Сондай-ақ, құны 32 миллион франк тұратын вилла да Храпуновтар еншісіне бұйырған.
  2. Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің шотында – 100 млн еуро анықталған Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеген.
  3. Ал экс-банкир Мұхтар Әбләзов 14,5 млдр долларды жымқырып кеткен. Бұл туралы қазақстандық және ресейлік БАҚ аз жазбаған.
  4. Президенттің тағы бір күйеубаласы – экс-елші Рахат Әлиевтің Австриядағы шотында 113 млн еуро бары анықталған.
  5. Елді тонап қашқан қазақстандық шенеуніктерден өзге Президент және паламент сайлауларын өткізу үшін биылғы жылы  -  қазынадан 5,5 млрд теңге жұмсалынды.
  6. Ұлттық банк теңге бағамын ұстап тұру үшін – 28 млрд доллар жұмсағанын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен  бас банкир Келімбетов мәлімдеді.
  7. 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізу үшін қазынадан – 11 миллион еуро жұмсалды.
  8. 2011 жылғы «Азияда ойындарын» өткізу үшін мемлекет бюджетінен – 768 200 000 АҚШ доллары бөлінді. Ал жалпы қорытындыда бұл сома 1,65 млрд долларды құрады.
  9. Бұның сыртында құны – 958,9 млн доллар және 1597,648 млрд теңгені құрайтын  Назарбаев ашып, қайта жабылған жобалар қаншама? (http://old.qamshy.kz/?p=4671)
  10. Иә, ҚР Мәдениет және спорт министрі – Астанадағы Пирамиданың алдында әйгілі «Айда» операсын қою үшін – 150 млн теңге шашқан. Бұл қаржы министрдің қалтасынан емес, мемлекет қазынасынан қаржыландырылды.
  11. Айтпақшы, біздің елді бір суреттің бағасының өзі – 130 млн теңгеден асып жығылады. Министрі ұлттық мұражайға қойылатын ұлт басшысының суретін осындай қаржыға салғызып жатқанын мәлімдеген.

Бұл тек қарапайым халық пен БАҚ-қа белгілілері ғана. Ал мұның сыртында ешкімге беймәлім түрде шашылып жатқан ысырып қаржының  өтемі кімдердің мойнында қалмақ?

Осыларды ескере келе – халықтың өз билігіне өкпелеуге себебі бар ма, жоқ па деген сұрақтың жауабын аңғаруға әбден болатын секілді.  Түсіне алмай дал болдық. Жә,  Президенттің өзі бастап мемлекеттің тәуелсіздігіне күмәнмен қарап отырса – елдің ертеңі туралы сөз айтуыдың өзі артық болар, сірә?.. (Осыған дейін еш мемлекеттің басшысы өз халқына тәуелсіздікке қауіп төніп тұр деп айтпаса керек-ті.)

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар