Қазақ әдебиеті өкілдері толық аударылғанда талай "Нобельді" алар еді. Асыл аға ағынан жарылғанда

/uploads/thumbnail/20170708151122281_small.jpg

 001-29Қысқаша қайырғанда қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Әбдіжәміл аға Нұрпейісов біраз шаруаның, шаруа болғанда да екінің бірінің шамасы жете бермейтін тірліктің тігісін жатқызуға мүмкіндігі барлығын баяғыда-ақ дәлелдеген. Ал жазу-сызу жағын­дағы жетістіктері өз алдына бір төбе. Және бұлардың бәрі айтылған, жазылған, бізге түсініксіз талай тілдерде де тасқа басылған. Мақтау-марапат, өз атына айтылып жататын небір көпірме сөздерді құлағының сыртымен тыңдап, ал тыңдағысы келмесе, қарсы жолығысқан әлдекімді қолтықтай алып, дүбірлі топтың арасынан сытылып жүре беретін жазушы керек десеңіз, ара-тұра өзіне бағышталып жататын «патриарх», «мэтр», «корифей» дейтін асқақ теңеулердің қағазға түсуіне де табандап қарсы тұрар еді-ау!  Бірақ арғы-бергі заман құбылыстарынан хабары мол, туған әдебиет жетістіктерін әлемдік масштаб деңгейінде безбендей білетін, өркениет үдерісіндегі өз орнымызды айқындауға да өресі жететін көзіқарақты оқырман әлгіндей атан түйеге жүк боларлық баламаларды кез келгенге теліп жатса кәні! Жоқ, ондай абырой-атаққа ие болатындар сирек, ілуде біреу. Бір ғажабы, Нұрпейісовтің қолдаған-қолдамағандығына қарамай, әлгі теңеулер талантты жанның бітім-болмысына сай келгендіктен ғана солай айтылып жүрген жоқ па?! Жүрек жылытатын жағдай. Сондай кісімен ара-тұра болса да сырласып, жылыұшырай амандасып, әлдебір алқалы жиындарда, әлдебір басқосуларда қатар жүргендігіңе, қатар отырғандығыңа да іштей шүкіршілік жасайды екенсің.

Аяқ астынан Америка аша қоятындай не бар, турасына көшкенде Нұрпейісов көп адам жүріп өткен таптаурын жолды қайта шиырламайды, көп адамның қолымен атқарылған игілікті іске бір бүйірден жанаса кетіп, кейбір тұстарына өзінше өзгерістер енгізген болып, жаңалық ашқансып, «міне, мені көрдіңдер ме?» демейді, кеудесін де көтермейді. Тіпті жасының тоқсанға таяғандығына қарамастан, қолына қалам алған тұста да жаттанды тақырыптан бойын аулақ ұстайды, тың дүниенің ғана жалына жармасып және араға қанша уақыт салса да, соны қайта-қайта ұстарып, қырнап-сүрнеп, қа-ш-ан көңілінен шыққанша өзін «өлім мен өмірдің арасына әлденеше апарып қоятын» жансебіл жазушылығын жұрттың бәрі біледі.

Әңгіме әлгі тыңнан түрен салу деген­нен шығады-ау, мұнан аттай жиырма жыл бұрын тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Нұрпейісов елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайынан толықтай хабардар бола тұра, Қазақ ПЕН-клубы орталығын ашты. Жанына талантты іні-қарындастарын, тұстастарын жинады. Сол сол-ақ екен, әдебиет төңірегінде қара көбейтіп жүргендер бар, көпшілікке мойны озық талант иесі екендігін танытып үлгермегендер бар, әйтеуір, тыныш жатқан айдын бетіне дауыл үйірілгендей, жұрт оқыстан шу ете қалды.

Нұрпейісов әлгі жүйке шабақтайтын қияңқы сөздердің қайдан шығып, ай сайын, апта сайын олардың үдеп бара жатқандығын сезсе де, балақтан тартатындарға бақан ала жүгірген жоқ. Өзінің туабітті салмақты, сабырлы мінезіне бақты. ПЕН-клубтың жанынан «Таң-Шолпан» атты әдеби журнал ашып, ол басылымның таралымын көбейту үшін жалғыз өзі ғана жан-жаққа шапқылап жүріп, біраз әкім-қаралардың уәделерін алып үлгерді. Өзі жиі қайталайтындай, «Мейлі, менің ата жауым болса да, жақсы жазылған дүниесі бар ма, кідіртпей нөмірге салыңдар» деп, кейде Нұрпейісов басымен жаңа жазып жүрген жастардың тырнақалды туындыларын редакциялап, үстінен қайта қарап, үзбей жариялап тұрды. Бір кез­дері Мағжан мен Мұхтар Әуезов қолға алған игі шара – «Таң-Шолпан» жаңа заман, бүгінгі әдебиеттің табиғаты, эстетикалық мұраты өзгергендігін еске­ріп, рухани кеңістігіміздің тынысы одан әрі кеңігендей сипат алып, жаңа пішіммен жарық көріп жатты. Журналға жарияланғысы келетіндердің қатары көбейді. Тағы бір таңғаларлығы, өзі айта беретіндей, «қаламақының проб­лемасы толық шешілмейінше әдеби өренің қалыптаспайтындығын, бәсекелестіктің дамымайтындығын» есінен бір уақ шығармайтын Нұрпейісов авторларға сол кезең үрдісінен қарағанда қалта томпайтатындай қаламақы бергізіп тұрды. Әрине, қазақ тіліндегі басылымдардың қай кезде бүйірі шығып, қай кезде олар қарыздан құтылып еді?! Шығын, ылғи шығын! Бірақ «Таң-Шолпан» басшысы сол қиындықтардың арасынан да төтеннен жол тауып, авторлардың «аузын аққа тигізгенше» тыным таппады.

Қазақ ПЕН-клубының түпкі мақсатын түсінгендер, қоғамдық құбылысты сын тезінен өткізе білетін, әрі «белгілі бір дәуірде болып өткен оқиғалардың көркем шежіресі мен адамдар жан дүниесіндегі астан-кестен арпалысты сезімдер шынды­ғын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу тек әде­биет­тің ғана мойнына жүктелер миссия екендігіне» анық көз жеткізгендер: «жоқ, бұл Нұрпейісов бастамашыл болған ор­та­лық үй ішінен үй тігетіндей, «қазақ әдебиетін бөліп алатындай ұйым емес екен» деп біртіндеп сеніммен қарай бас­тады. Бұл – таза шығармашылықты мұрат тұтқан, қолдарынан анау айтқандай «жаһанның мына жылдам жүрісін бір сәт тоқтатып қоюға әл-дәрмені келмесе де, жүрегіне жақын дүниені қағаз бетіне түсіріп, ел алдындағы перзенттік парызын өстіп өтегісі келетін», ал былайғы тірлікте аса қауқарсыз қаламгерлерге қай жағынан болмасын қамқорлық жасайтын интеллектуалды тәуелсіз ұйым еді. Халықаралық ПЕН-клубтың іргетасы 1921 жылдың 5 қарашасында Лондонда қаланған. Оның көш басында Кэтрин Эми Доусон-Скотт пен Джон Голсуорси тұр. Бұл күндері бұл ұйымның құрамына дүние жүзінің 101 елінен 144 ұлттық орталықтар кіреді. Халықаралық тәуелсіз ұйымның әр жылдары бекітілген әлемдік проб­лемаларды жан-жақты талқылауға арналған тақырыптары аясында әртүрлі мемлекеттер астаналарында өтіп тұратын мәжілістері туралы баян­дай бастасақ әңгіменің ұзап кететін түрі бар.

Жә, бәрінен бұрын Қазақ ПЕН-клубының он бес жылдан бері үзбей М.Жұмабаев, М.Әуезов, М.Дудин, Ю.Казаков атындағы ең үздік әдеби шығармаларға және қазақ әдебиетінің озық үлгілерін өзге тілдерге аударып, насихаттап жүрген өзге ұлт өкілдеріне он мың доллар көлемінде сыйлық беріп келе жатқандығын айтсаңызшы! Он мың доллар бірер жыл ес жинауға сеп, бірер жыл алаңсыз шығармашылықпен айналысуға жәрдем. Ал бұл қомақты қаржының көрінген көк аттыға үлестіріле салмайтындығы біз айтпасақ та белгілі. Сыйлық түгілі, клубқа мүше болу кәдімгідей мәртебе. Топырлатып мүше қабылдай бермейді. Жаңылмасақ, сыйлық мынадай қазақ қаламгерлеріне берілген-ді: Т.Ах­танов, Ш.Елеукенов, Ә.Кекілбаев, Г.Бель­гер, Д.Исабеков, Т.Әбдіков, С.Елубаев, Т.Нұр­мағанбетов, К.Смайылов, Ш.Мұртаза...

З.Қаб­доловқа марқұм болғаннан кейін Сәуле апайға тапсырылды. Жыл сайын жазып жүрген қаламгерлерге берілетін арнаулы стипендиялары және бар. Биылғы сыйлық жазушы С.Балғабаев пен қазақ қаламгерлерінің әңгіме, повестерін біраз жылдан бері орыс тіліне тәржімалап, Қазақ ПЕН-клубына жанашырлық танытып жүрген аудармашы-дипломат Б.Панкинге берілді.

Біздің Ресеймен шекаралас облыс орталық­тарында өтіп тұратын алқалы жиындар ше, орыс жазушыларымен ағайындық байланыстарды үзіп алмай, оның әрі қарай жандануына бірден-бір мұрындық болған адам Нұрпейісов еді десек, жаңылыса қоймаспыз. Онда аударма, тіл тағдыры, екі елге ортақ ұлы тұлғалардың мерейтойлары төңірегіндегі ойлар жанашырлықпен ортаға салынатын. Қонақтарды шақырарсыз-ау, қонақүйлерге орналастырып, ас-суын әзірлеп, мүмкіндігінше мінсіз қызмет жасауға тырысарсыз-ау, бірақ мұның бәрі айтуға оңай. Ал жеме-жемге келгенде қаржылық жағдаяттар тура алқымнан алады. Алақанға әзер-әзер жиналатын қаржыны, мейлі, асып-төгіліп жатса да уыстан шығара қою кім-кімге де оңай соқпайды. Қасарыспа мінездің қажеті не, көзге көрініп тұрған ақиқатты мойындау, өз тарапыңыздан соған бәлендей үлес қоспасаңыз да, шындық салтанат құрар тұста әділ сөйлеу де азаматтық бір парыз ғой. Бәлкім, біздікі сәл «асыра сілтеу» болар, жо-жоқ, о не дегеніңіз, әлгіндей бау-шуы жуық маңда ширатылып, етек-жеңі жуық маңда жинала қоймайтын мемлекетаралық шаруа­ны тап-тұйнақтай тындыруға Әбдіжәміл ағадан басқа біреудің жүрегі дауалап, тәуекел етуі сірә да екіталай-ау! Қиын, қиынның қиыны...

Міне, жақында Тәуелсіздік мерекесінен екі-үш күн бұрын бойындағы ащы терін сығып, мақтау естісе де, даттау естісе де бәріне көніп, «мен сондай тірлік істедім ғой, ел оны қалай бағалап жатыр» деместен, ал біреу туралы айтуға келгенде де аса шешіле қоймайтын, арғы жағы түртіп тұрған екі ауыз жылы сөздің өзін бағыштауға да сараңдық танытып, бірақ ПЕН-клубтың шаруа­сынан өмірі тартынбайтын Нұрпейісов аспаннан жай түсіргендей, орталық мүшелерін бір күнде Алматыға жинап, ПЕН-клуб төрағалығын ерікті түрде жібі түзу бір жігітке тапсырамын деп қар-ап тұр. Ренішсіз, өкпесіз, таза ризашылық көңілмен. Ал бұған не дейсіз?! Таңғалатындай-ақ оқиға. Әрі есепшотында біршама қаржысы бар, әлі де өздігінен өмір сүруге қауқары жететін халықаралық ұйымды біреудің қанжығасына бөктере салу – әрбір іске мұқият үңіліп, жеті өлшеп бір кесетін, ал діттегені ойынан шықпаса, «ойыннан» дабыра-дамайсыз кетіп қалуға да қинала қоймайтын Нұрпейісовке бұл қайдан пайда бола кеткен жомарттық?! Сірә, баяғы қазандықтың көмейінде қалған шала-жансар шоқты қайта үрлегісі келетіндер өздеріне өстіп сұрақ қоймасына кім кепіл!

Қазақ ПЕН-клубының бұл жолғы басқосуы аса жинақы жағдайда өтті. Үйреніскен дағдысы бойынша осындай жиындарға бір нәрседен құр қалатындай, алаөкпесі шыға жүгіріп жетуден гөрі «байпаң басып» өз ауанынан жаңылмай сәл кешігіп жететін Нұрпейісовтің өзі уақытында үстел басынан табылды.

Клубтың вице-президенті, белгілі жазушы С.Елу­баев алдымен Әбеңе сөз бермес бұрын осы басқосуға әдейі шақырылған қонақтарды таныс­тырып өтті. Олар: Ресейден келген Нұрпейісовтің де, қазақ әдебиетінің де байырғы досы Николай Анастасьев. Николай Аркадьевичті ПЕН-клуб мүшелеріне таныстырып жату да артық. Бір сөзбен айтқанда ХХ ғасырдағы Америка әдебиетінің білгірі. Фолкнер, Хемингуэй, Миллер, Набоков жайында зерттеу еңбектерін жазған. Қазақ әде­биетінің де ежелгі досы дейтін себебіміз, аса бедел­ді «ЖЗЛ» сериясымен Абай, М.Әуезов тура­лы арнайы кітаптар жазған. Оның бер жағын­да Ә.Нұрпейісов шығармашылығы туралы да кітап жазып, қазақ оқырмандарының сүйікті қалам­геріне айналған. Қазақ мемлекеттілігі жайлы, Ұлы Дала перзенттері жайлы түсінігі мол. Ал бәрінен бұрын Ә.Нұрпейісовтің АҚШ-та басылған екі бірдей романы – «Қан мен тер» мен «Соңғы парыздың» ағылшын тіліне аударылуына, оның Америка жұртшылығына кеңінен танылуына бірқыдыру қолғабысын тигізген Н.Анастасьевке көбірек тоқталып жатқандығымыз содан. «Алтын қыран» қорының негізін қалаушы кәсіпкер Ис­лам­бек Салжановтың қолдауымен ағылшын тілін­де жарық көрген екі кітаптың біздегі тұ­сау­­кесері болатын күні С.Абдрахмановтың Н.Анастасьевпен «Қазақ әдебиетінің батыл сілкі­нісі» атты әдемі сұхбаты жарияланған-ды («Егемен Қазақстан», 21 маусым, 2013 жыл). Сонда АҚШ оқырмандарының Нұрпейісов шығармашылығын қалай қабылдағаны, әртүрлі ыңғайда өткен кездесулердің мән-мазмұны, жан-жақтан жауған сұрақтарға жазушының қалай жауап бергені, бейтаныс ортада қаламгердің өзін қалай ұстағаны... бәрі-бәрі жеріне жеткізіле айтылған-ды. АҚШ-тан келген Владимир Карцев те, Француз елінің өкілі Атанаси Ванчев де Траси де бірі – баспагер, бірі – аудармашы. Нұрпейісов арқылы қазақ қаламгерлерімен танысуды мақсат тұтқан әрі бізге бүйректері бұрылып тұратын ізгі ниетті азаматтар екен. Француздық аудармашы өзіне сөз тигенде сол ағылшын тілінің арқасында «Соң­ғы парыздың» жақында француз және швед тілдеріне аударылып, кереқарыс кітап боп басылып шыққандығын, оны осы сапарда автордың қолына табыстағандығын қуанышты оқиға ретінде жеткізді.

«Сіздердің алдарыңызда атқарылған жұмыстар жайлы есеп беретіндей не бар? – деді Әбе құлаққа жағымды қоңыр дауысымен, – бәрі көз алдарыңда. Менің құпия сақтайтын түгім жоқ. Бәрі сіздерге белгілі, сіздерге аян. Біршама шаруалар да жүзеге асты, ал кемшіліктер одан бетер. Мен, асылы, цифрға, цифрларды ойға сақтауға мүлдем шорқақпын. Ал қаржыға келгенде тіпті олақпын. Әлдекімдердің мені ана жылы айдың-күннің аманын­да сазға отырғызып кеткенінен де хабардар шығарсыздар. Шамам жететін жерден тартынып қалғаным жоқ. Әлі де ПЕН-клуб жұмысынан қашпаймын. Білсеңіздер, мен осыны бірнәрсе жапырып тастағандай үлкен шаруа тындырдым деп те айта алмаймын. Мұхаң, жарықтық Әуезов айтушы еді ғой, оны бәлкім мен сіздерге талай рет қайталаған да болармын. «Көктемде қар суы еріп, үйдің төбесінен тамшы ағады. Егер сол үй төбесінен аққан тамшының астында қара тас тұрса сол тамшы әлгі қара тасты да тесіп шығады. Ал менің қызметім сол тамшының бірі ғана. Елің үшін, туған халқың үшін қызмет жасағыларың келген екен, ендеше ешнәрседен жасыма, әрбір пенде әлгі үй төбесінен ағатын тамшыдай үлес қосса біз алмайтын асу, біз бағындырмайтын қиындық болмайды. Жалғыз менің шапқылағаным не болады? Осы қаперлеріңде жүрсін», – деуші еді ғой қайран Мұхаң. Сол айтқандай, қазақ әдебиетінің өркендеп, шет жұртқа танылуы үшін де бәріміздің бір кісідей жұмыла жұмыс істеуімізге тура келеді. Мұхаң айтпақшы, жалғыз менің тірлігім не болады. Ғабит Мүсірепов дүниеден өтерінің алдында «Әдебиет ұлы болмай, ұлт та ұлы бола алмайды» деп бекер айтты деймісің. Үлкеніміз бар, кішіміз бар, осыны жадымыздан шығармайық.

Мені сынайтын болсаңыздар, ол сындарыңызға әркез арқам дайын. Әңгіме сын дегеннен шыға­ды ғой, біз өзі сын айтуға шебер халықпыз. Осын­дайда мына жағдай ойға түседі. Мұны да сіздердің алдарыңызда алғаш рет айтып отырмын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекет тұтқасын ұстағалы бері мен ең кемі 20-30 рет қабылдауында болған шығармын. Протоколдық тәртіп бойынша берілетін уақыт мықтағанда 10-15 минут. Осы жылы да мені Алматыдағы резиденциясында қабылдады. Бір сағат қырық минуттай әңгімелестік. Біз өзі сынға бейім тұра­мыз ғой. Бәлкім, Президентті сынайтындар арамыз­дан әлі де көптеп табылатын болар. Мен де сөз арасында қызып кетіп, елдің жағдайына көбірек тоқталатынмын. Мәселенің қайда барып,­ кімге барып тіреліп жатқандығы белгілі ғой. Айналайын, сонда Нұрсұлтан Әбішұлы әрбір сынды аса мәдениеттілікпен, аса зиялылықпен, асқан сабырлылықпен тыңдай білетін. Сынау оңай, ал ел тағдырын, мемлекет тағдырын мойнымен көтерген Азаматтың жанқиярлық ерен еңбегін көре тұра, біле тұра жылы сөзімізді айтудан да кейде тартынып жатамыз. Бір ғана мәселеге тоқталайын, осы Алматыда жалғыз ғана қазақ мектебі болды. Оның өзі Алматы облысының шопан балаларын қабылдайтын мектеп-интернат еді. Шешесі екеуміздің қызым Шұғаны сонда апарғанымыз есімде. Бірінші сыныптағы бала саны нормативке толмай тұр, балаңыз екінші сыныптан бастап оқысын деді мектеп басшылары. Шешесі оған көне ме, «қой, бұл жерден оңдырып білім ала алмайды екен» деді де орыс мектебіне алып кетті. Міне, қараңыздаршы, бүгінде осы Алматыда 47 қазақ орта мектебі бар. Ал Президенттің бастамасымен жүзеге асып жатқан «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы нағыз халық игілігіне айналған баянды бағдарлама болды.

Астана құрылысын екібастан менен жақсы білесіздер. Бұл кімнің арқасы?! Арқа төсіне керемет қала салу, сол қалаға әлемнің небір алпауыт оқымыстылары мен саясаткерлерін жинап, түрлі жиналыстар, түрлі конференциялар өткізіліп жатқандығы кімнің арқасы?! Ал біз сынауға шеберміз.

Өткенде менің екі кітабымның ағылшын тілінде жарық көруіне байланысты сондағы баспагерлердің шақыртуымен АҚШ-тағы тұсаукесер рәсіміне барып, қатысып қайттым. Нью-Йоркте де, Вашингтонда да кезектескен кездесулер өтіп жатты. Екі аптадай сонда болдық. Ал ақырғы күндері мен қатты шаршадым, сазбеттенген шынылы зәулім үйлер, аспан тіреген ғимараттар шынымен шаршатты. Елге қайтқым келді, даланы сағындым, Астананы сағындым. Дала мен еуропалық құрылыс стилін жымдастыра білген біздің Астана әлі талай ұрпақтың құтты мекеніне айналады. Жалпы, қарапайым тіршілігімен күнелткен пендеге ерте ертемен бала-ша­ға­­сының жанынан өріп, кешкілік қара шаңырағына аман-есен оралып, тып-тыныш өмір сүргеннен артық мұрат бар ма?! Ал жер шарының басқа бір нүктелерінде болып жатқан қантөгістерді күн сайын көріп отырамыз. Бізде тыныштық. Осы мамыражай тірлік кімнің арқасында орнықты?! Ал біз сынауға келгенде алдымызға жан салмаймыз...

Жә, жалғыз Нұрпейісовтің шетелге аударылғанынан не ұтамыз? Бізде кез келген айтулы шығармалармен бәсекеге түсе алатын қазақ әдебиетінің қаншама мойны озық туындылары бар. Әрі-берідесін Мұхаң, Мұхтар Әуезовтің өзі толықтай ағылшын тіліне аударылған жоқ. Шетелде Бердібек Соқпақбаевты кім біліп жатыр? Одан бертіндегі Дулат пен Төленнің роман-повестерін шетелге танытса кімнің таласы бар? Қажығали Мұханбетқалиевтің «Тар кезең» романы бір дәуір шындығын суреттеген өте тартымды жазылған шығарма. Ол жайлы ризашылық кейіптегі ағалық ниетімді өзіне де, өзгелерге де айтып жүрмін. Смағұл Елубаевтың ашаршылық туралы романы ше? Бұлар кез келген тілге аударылып, кез келген елге ұялмай ұсынатын дүниелер.

Мына біздің бүгінгі басқосуымызға қатысып отырған азаматтарды сонау жер түбінен бекерге шақырғанымыз жоқ. Өзі­міз­дің қаламгерлермен таныссын, пікірлессін, ойларын-ұсыныстарын айтсын деп шақырттық. Кешегі дастарқан басында да, бүгін де келелі, пайдалы әңгімелер болды. Әлгі мен атаған қазақ қаламгерлерінің кітаптарын бастырту, аударту, насихаттау тағы да қаржыға келіп тіреледі. Елдік мұрат, арғы жағы қазақ әдебиетінің беделі үшін Мемлекет басшысы керекті қаржыны тауып береді ғой деген үміттемін.

Енді... бәріңіз күтіп отырған ПЕН-клуб­тың жаңа басшысын сайлау жөнінде. Жас тоқсанға таянды. Қанша ғұмырдың қалғаны бір Құдайдың қолында. Сондықтан жөн-жосық білетін Қазақ ПЕН-клубының түпкі мақсатын асқан жауапкершілікпен ілгері жүргізе алатын қажырлы, қайратты және бәріңіз жақсы білетін бір азаматтың қолына тапсырсам деп отырмын. Бұл орынға өз кандидатураларын ұсынғандар да көп болды. Бұл төңіректегі менің ұсынысымды көпшілігіңіз қолдайтын да боларсыздар. Ол – мына отырған Бигелді Ғабдуллин. Іскер, жинақы, орынды шешім қабылдауға қабілетті, биліктегілермен де тіл табыса біледі. Өзінің газеті бар, есеп-қисапқа жүйрік. Мен Бигелдімен екі-үш мәрте халықаралық ПЕН-клубтың әртүрлі мемлекет астаналарында өткен конференцияларына қатыстым. Бұл жігіттің өзгелерімізден бір артықшылығы – тіл біледі. Шетке шыққанда тіл білмей әркімнің бетіне жалтақтап, пұшайман хал кешу бәрінен өткен азап екен. Осы азаматқа тоқтадым...».

«Әбеке, сіз құрметті төраға болып қалсаңызшы» деп жатты біреулер. «Жоқ, құрметті төраға да болмаймын. Мен бүгіннен бастап, өздерің секілді ПЕН-клубтың қатардағы мүшесімін».

Б.Ғабдуллин бір ауыздан Қазақ ПЕН-клубы орталығының президенті болып сайланды. А.Әшімов, Т.Әбдіков, Қ.Мұ­хан­бетқалиев, С.Балғабаев, Қ.Түменбай, Т.Сыдықов... секілді белгілі қаламгерлер шығып сөйлеп, жиырма жылдан астам ПЕН-клубты абыройлы басқарған Әбеңе ризалық көңілден алғыстарын білдірді, жаңа басшыға сәттілік тіледі.

Сол күні ағынан жарылған Ә.Нұр­пейісов клуб мүшелерімен емен-жар­қын сырласып, қолтықтасып, ара-тұра қал­жыңдасып, өте көңілді жүрді. Қазақ әдебиетінің Сесі бола білген Әбеңе әр­да­йым аманшылықта жүздесейік, Аллатағала көпсінбесе жүзге келіңіз, бәлкім ғасырлық тойыңызды сонда атап өтерміз! – дегеннен басқа не айтарсыз?!

Қуаныш ЖИЕНБАЙ.

Егемен Қазақстан

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар