Алматы әкімі полицейлерге шетел тілін меңгеруді тапсырды

/uploads/thumbnail/0_small.jpg
Алматы әкімі Ахметжан Есімов туризмді дамыту мақсатында қалалық ішкі істер департаментінің (ІІД) басшылығына полицейлердің шет ел тілдерін үйренуі бойынша кешенді шаралар дайындауды тапсырды.

«Сендерге (ІІД) шетелдік туристердің Алматыдағы жүріп-тұру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар әзірлеу керек, қызметкерлер штатында шетел тілін білетіндер болуы керек», - деді әкім бейсенбі күні «Алматыда туризмді дамытудың жағдайы мен келешегі» мәселесі бойынша өткізген кеңесте.

«Қазіргі заман полицейлері тек қана қауіпсіздікті ғана қамтамасыз етіп қоймай, шетелдік қонақтарға көмек және консультация беру үшін шетел тілдерін де меңгеруі тиіс, себебі олар сауал туындаса бірінші кезекте  полицейлерге жүгінеді. Біз бюджетімізде полицейлеріміздің ағылшынша оқып үйренуі үшін арнайы қаражат қарастырамыз», - деді А. Есімов. Бұл ретте қалалық туризм басқармасының бастығы Бақытжан Жоламанов Алматыда экскурсиялық автобус паркін ашуды ұсынды.

«Ішкі туризмнің тежеліп тұруының бір себебі, қалада туризм мен делегацияларға экскурсиялық қызмет көрсететін арнайы мамандандырылған мекеменің жоқтығында. Алматыда туристер үшін экскурсия ұйымдастыратын және туристерді қарсы алып, шығарып салу қызметін көрсететін комфортабельді автобус та жоқ екенін атап кетуіміз керек», - деді ол.

Оның атуынша, туристік фирмалар экскурсиялық жұмыспен айналыспайды, себебі оларға экскурсия жетекшілері мен автобустарды тұрақты негізде ұстап отыру тиімсіз.

«Шетелдік туристерді қарсы алып, шығарып салумен және экускурсиямен айналысатын туристік субъектілерге лайықты бағамен экскурсиялық автобустар бере алатын  жаңа автобус паркін ашу қажеттігі туындады», - дей келіп ол, ондай паркті мемлекеттік-жеке меншік серіктестік негізінде ашуға болатынын нақтылап кетті.

Б. Жоламанов сондай-ақ, Алматы халықаралық әуежайында туристер үшін ақпараттық-анықтама қызметін ашу қажеттігін, туристерге қызмет көрсету сапасын арттыруды, шекаралық рәсімдерден өту және жүктерін алу уақытын қысқарту, сондай-ақ нақты тарифтерді бекіту арқылы такси жұмысын ретке келтіру қажеттігін атап өтті.

«Қызмет көрсету саласындағы кадрлар тапшылығы бар. Қазір экскурсияшы-гид болып жүргендер кім болса, солар. Көшелерде латынша әріптермен жазылған сілтемелердің жоқтығынан туристердің қалада жол бағдарлауы қиын. Көрсететін қызмет бағасы мен сапасының сай келмеуі, қалада эконом класстағы қонақ үйлерінің жетпейтіндігі бар. Туристік нысандар аумағында автобустардың тұратын жерлерінің жоқтығы да бар», - деп ол Алматыда ішкі туризмді дамытуға тежеуіш болып отыған проблемаларды санап шықты. Осыған байланысты А. Есімов ІІД-ға қаладағы көрікті орындардың жанында экскурсиялық автобустар тұратын орындар дайындауды және аталған автобустарға тиісті рұқсат құжаттарын дайындауды тапсырды. Одан басқа қалалық ішкі саясат бөлімімен бірге қалада шетелдік туристер оңай жол табуылары үшін латынша әріптермен жазылған сілтемелер орнатуды тапсырды.

Алматы халықаралық әуежай басшылығына «әуежайда туристік ақпараттық-анықтама қызметін қалпына келтіріп, әуежайдағы такси қызметін ІІД-мен бірлесе реттеуді» тапсырды.

А. Есімов Қазақстандағы барлық 1500 туристік фирманың 832-сі Алматыда, яғни 55%жұмыс  істейтінін атап көрсетті.

«Алматы еліміздің ғана емес, бүкіл орталық-азия аумағының туризм орталығына айналуының барлық алғышарттары бар. Бұл үшін туристік инфрақұрылымды дамыту қажет, мейрамханаларда, қонақ үйлерінде, дүкендердегі қызмет сапасы лайықты болуы керек. Туризм саласындағы білім деңгейін көтеру керек, білікті гидтерді дайындау керек. Қоғам санасында туризм – елдің дамығандығының айнасы екендігі туралы көзқарас қалыптастыруымыз керек», - деп А. Есімов атап көрсетті.

Дереккөз: ҚазТАГ

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар