Алматыда «Тянь-Шань» қонақүйінде йод тапшылығымен байланысты аурулардың алдын алуға арналған халықаралық жиын өтті. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды. ЮНИСЕФ Балалар қоры ұйымдастырған конференцияға Йод жөніндегі жаһандық желінің (IGN) ұлттық үйлестірушілері, тұз өндіруші компаниялар мен Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның халықаралық ұйымдарынан өкілдер қатысты.
Конференцияға қатысушылар йод жетіспеушілігінің алдын алу саласындағы ең соңғы жетістіктерді, тұзды жан-жақты йодтау жөніндегі ұлттық бағдарламалардың жүзеге асуын, сондай-ақ йодталған тұзды өндірудің, оны жеткізудің және тұтынудың сапасын бақылау мен қамтамасыз ету тәрізді мәселелерді талқылады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуі бойынша йод тапшылығы — ақыл-ой мешеулігіне себеп болатын басты себептердің бірі. Қазақстан халқының төрттен бір бөлігі 15 жасқа дейінгі балалар болса, елімізде жылына 350 000 сәби дүние есігін ашады екен. Бірақ ірі қалалар болмаса, шалғай ауылдардағы әр отбасының балалары күн сайын дәруменге бай тағамдарды тұтынады деуге болмас. Әсіресе, экологиялық ахуалы нашар өңірлердегі сәбилердің денсаулығы арнайы көңіл бөлуді қажет ететіні белгілі.
Баланың бес жасқа дейінгі тамақтану нормасы өз деңгейінде болмаса, бойының өсуі мен ақыл-ойының жетілуі кешеуілдеп, денсаулығында ақаулықтар пайда болады. Бір ғана йодтың жетіспеуінің өзі баланың интеллектуалды тұрғыдан дамуын шектейді. ЮНИСЕФ мамандарының зерттеуі бойынша йод тапшылығы сезілген аймақтарды мекендейтін балалардың интеллектуалдық деңгейі басқа өңірдің жеткіншектерімен салыстырғанда көп есеге кем көрінеді. Ғалымдардың айтуынша, йод тапшылығы айқын байқалған өңірлердегі тұрғындардың 1-10 пайызы кретинизм (меңіреулік) ауруына шалдықса, 5-30 пайызында психикалық аурулар білінеді. Бұндай ауруы бар балалардың оқуы нашар, тіпті ойлау қабілеті кем болуы мүмкін. Көп жағдайда ортаға бейімделе алмайды. Йод жетіспеушілігі анық байқалған аймақтар тұрғындарының 30-70 пайызы ақыл-есі кем болады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жер бетіндегі тұрғындардың 1,5 миллиарды йод тапшылығын көруде. 650 миллион адам эндемикалық зоб дертінен зардап шегіп отыр.
Жалпы адамға бүкіл өмірінде бар болғаны 4,5 – 5 грамм йод қажет екен. Бірақ күнделікті азық-түлікте йод мүлдем болмаса баланың бойы өспей, алқым без ауруы өршіп, меңіреулік сияқты дерттердің пайда болуына әкеліп соғады. Йод аса ауыр жұмыс жағдайындағы адамдарға, екіқабат әйелдерге өте қажет элемент. Йод тапшылығының кесірінен екіқабат әйелдердің түсік тастауы немесе баланы өлі тууы сияқты жағдайлар жиі орын алады. Ана құрсағындағы сәбиге йодтың қажетті мөлшері түспеген жағдайда ақыл-есі кем болып туылатынын зерттеулер дәлелдеген. Екіқабат әйелдердің ағзасына күніне йод 180-250 мкг мөлшерде қабылдануы керек.
Йод тапшылығын жоюдың ең бір тиімді жолы йодталған тұзды өз мөлшерінде тұтыну болып отыр. Қазақстанда 1999 жылы халықтың тек үштен бірі ғана йодталған тұзды тұтынса, 2006 жылғы зерттеу бойынша бұл көрсеткіш 92 пайызға жеткен. Йод бала туу жасындағы әйел ағзасына өте қажет элемент. 2006 жылғы зерттеу нәтижесінде қазақстандық әйелдердің азғасында шамамен 250мкг/л йод болса, 1999 жылы бұл көрсеткіш 95мкг/л деңгейінде ғана болған. Бүгінгі таңда республикада халық тұтынатын тұздың барлық түрі «Йод тапшылығы ауруларының алдын алу» жөніндегі 2003 жылғы заңға сәйкес йодталады.
1996 жылы ЮНИСЕФ қоры республикадағы тұздың 80 пайызын өндіретін «Аралтұз» кәсіпорнына қаржылай, техникалық қолдау көрсетуі нәтижесінде кәсіпорындағы тұзды йодтау сапасы жоғары деңгейге көтерілді. Қазақстанда тұз өндірісінің 10 пайызы «Созақтұз» кәсіпорнына тиесілі. Қалған 10 пайыздай өндіріс көлемін «Павлодартұз» береді. 2002 жыды Азия даму банкі де «Аралтұз» бен «Павлодартұзға» тұзды йодтауға арналған құрал-жабдықтарды тарту етті.
ЮНИСЕФ–тің ақпараттық бөлімінің үйлестірушісі Сұлтан Құдайбергеновтің айтуынша, ЮНИСЕФ тәрізді халықаралық ұйымдардың бірлескен бағдарламалар қабылдап, жүзеге асыруы нәтижесінде йод тапшылығы байқалған елдердің саны 41 пайызға азайған. Ал йодты тұтыну мөлшерін арттырған мемлекеттер саны 36 пайызға көбейген. Бүгінде әлем халқының 71 пайызы йодталған сапалы тұзға қолы жетімді саналады. Ал 1990 жылы жаһан тұрғындарының тек 20 пайызы ғана осындай тұзды тұтынған. Бүгінде БҰҰ-ның ЮНИСЕФ Балалар қоры йод тапшылығын жоюға бағытталған әлемнің әр түкпіріндегі мемлекеттердің атқарып жатқан жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетуде.
Сонымен Алматыдағы жиында қандай мәселелер талқыланды?
Октавиан Бивол, ЮНИСЕФ-тің Орталық және Шығыс Еуропа, ТМД елдеріндегі денсаулық сақтау жөніндегі өкілі:
— Бүгінде йод жетіспеушілігі түсік тастау, баланың ақыл-ойының кеш дамуына әкеп соғатын негізгі фактор болып отыр. Бұл тұрғыда ЮНИСЕФ халықаралық ұйымдармен, Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп бағдарламалар қабылдауда. Бұл жиынның мақсаты алдағы атқарылатын істердің жоспарын жасау, жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылау. Қазақстан тұзды йодтау жөнінен алдыңғы қатарда тұрған елдің бірі екенін 2009 жылы төрт халықаралық ұйым ( IDDICC, WHO, UNICEF, GAIN) құжатнамалық негізде тіркеген. «Аралтұз» сияқты сапалы йодталған тұзды өндіретін кәсіпорындардың бұл жетістікке жетудегі үлесі қомақты. Алайда соңғы кезде шет елден келетін 10 пайыз мөлшердегі сапасыз тұз өнімдері бұл жетістікке біраз көлеңкесін түсіруде. Осыған байланысты бүгінгі жиында тұзды йодтау барысын жіті бақылауды қолға алу мәселелері де көтерілді.
Григорий Герасимов, Йод жөніндегі халықаралық ұйымның аймақтың координаторы, ЮНИСЕФ кеңесшісі:
— 1990 жылы балалар мәселелері талқыланған жаһандық самитте йод тапшылығы туралы сөз қозғалды. Осы жиында әлемдегі 110 мемлекетте йод жетіспеушілігі бар екені айтылған. Бүгінде йод мөлшерінің қажетті деңгейде болуына әлемнің дамыған елдері қатты мән беруде. Мәселен, АҚШ үшін йод тапшылығын жою даму саясатының экономикалық тиімді мақсаттарының бірі болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2014 жылы ғылыми зерттеу жұмыстары аясында йодталған тұзды үй жағдайында тиімді мөлшерде пайдалану жөнінде нұсқаулық шығарды.
Бүгінде йодтың жетіспеушілігі балалардың интелелектуалды қабілетінің төмендеуімен қоса ересектердің еңбек өнімділігінің азаюы жағдайларына әкеліп соғуда. Мектепте баланың оқу үлгерімі дұрыс болмаса ең алдымен йод жетіспеушілігінен деп білген жөн. Ағзаға қажетті элементтердің толық мөлшерде болуы ана жатырындағы нәрестенің миының жетілуі мен мектеп жасындағы балалардың интеллектуалдық дамуына қатты әсер етеді.
Йод жетіспеушілігі медициналық мәселе болғанмен оны медициналық тұрғыдан шешу мүмкін емес. Яғни йодтың аздығынан ауруға шалдыққандарды медициналық жолмен емдейміз деген бос сөз. Теледидардан күнделікті жарнамаланып жатқан дәрі-дәрмектер де көмектеспейді. Бір ғана жол бар, ол — күн сайын дұрыс тамақтану, йодталған тұзды мөлшерімен тұтыну.
P.S. Әрине, тек йодталған тұзды тұтыну арқылы ағзаға қажетті элемент толық мөлшерде қабылданады деуге болмайды. Тұзды көп мөлшерде пайдаланудың зиянды екені белгілі. Сондықтан жалғыз йодталған тұзбен йод тапшылығы жойылады деуге болмас. Йод қандай өнімдерде көбірек болады десек, йодтың мол мөлшерін қамтитын өнімдердің басында балық, балық уылдырығы, қарақұмық (гречка), құрма, теңіз қырыққабаты, сұлы, сүт және сүт өнімдері, нан, қызылша, сәбіз, жеміс-жидектер тұр. Сондай-ақ, «Жылдам қорытылатын жылқы етінің құрамында А, В дәрумендері, никотинамид, темір, кобальт, фосфор, кальциймен қатар йод та бар» дейді ғалымдар.
Шарафат Жылқыбаева
Пікір қалдыру