«Орыс миссионерлері» ойына келгенін істеуде

/uploads/thumbnail/20170708195043033_small.jpg

Қара аспанды төндіргендік емес, халіміз солай. Мен әңгімені өзім көргеннен бастайын. Бір пәтерде төрт жігіт тұрамыз. Кешкі шайдан кейін әдепкі әңгіме басталады, соңы пікір-таласқа, тіпті ренішке ұласады. Себебі біреу-ақ.  «Ұлы Россия» мен оның мәртебелі президенті, орыс халқына жарық күн боп туған Владимир Владимирович Путин мырза жаман ба, жақсы ма? Осы сұрақтың төңірегіндегі дау-дамай бір бітпей-ақ қойды. Тек бұл ғана емес, менің қазақ этнографиясы, мінезі, философиясы туралы «сандырақтарым» тіпті өтпей қалады. Сосын ойға кетем, бір елде, бір ауамен демалып, тіпті бір үйде тұрып жатқан осы төртеуіміздің арамызда осынша алшақтықтың болуы неден деп?

Оп-оңай екен, жетпіс жыл бойы «ұлы орыстық» идеямен сусындаған елдің тәуелсіз жас ұрпағы қанына біткен құлдықтан әлі құтыла алмапты. Қалай құтылсын? Ел көлемінде ешқандай бір отарсыздандыруға арналған шаралар жүрмепті, Ресей телеарналары таңнан кешке дейін сарнап тұрады, көшеге шықсаң шетел газет-журналдарын, кітаптарын сататын дүңгіршек екі аттасаң бір кезігеді. Жаңағы орысшыл достарым соны көреді, оқиды, сосын өзінше білімі артып, санасы өскен адам боп, бақытты ғана өмір сүріп жатыр. Оған бүкіл қоғамның ресми тілге мұқтаждығын қосыңыз. Саны аз, сапасы төмен қазақ тілді басылымдар мен эстрадашыл есерлерге толып кеткен телеарна тіпті қаралмайды да. Есті адам өзіне білімді молырақ беретін ақпараттарға көп қараса керек. Ал біздің телеарналар ондай деңгейді түсінде де көре алмайды. Тағы бір қызығы біздің елдің Президентінің кітабы алтынмен апталып, күміспен қапталып, сатып алып оқу тұрмақ, қарағың келмейтін дәрежеде қымбат бағамен тұрады. Пәтерлесім оқып жүрген Путин туралы кітапқа қарасам, қарапайым ғана мұқабалы, өзіміз қолдан тастағымыз келмейтін классиктердің кітабындай етіп сүйкімді етіп шығарыпты, бағасы да қолжетімді. Оны былай қойғанда, барлық әлеуметтік желіде, әртүрлі ақпараттық сайттарда «ұлы орыстық идеяны» таратуға әлі де мүнкіндік кең. Осыдан кейін пікіріміз ала болмай қайтеді?

Алаш қайраткері, ұлы бабамыз Мұстафа Шоқай «Отаршылдардың мәдени қаруы» атты мақаласында Пушкинның өлуіне жүз жыл толуына орай өткізіліп жатқан шараларды сынай келіп, орыс ақын-жазушыларын үгіттеудің ортарлаудың мәдени қаруы ретінде жүріп жатқанын ашып айтады. Олай болса сол рухани отарлау әлі тыныстаған жоқ. Оған дәлел кітапханаларымызда лық толып тұрған, азайып қалса тағы алдырып келетін Ресей кітаптары, Абайдың 170 жылдығына орай жазылып жатқан «Пушкин мен Абай» деген секілді әрбір жерде бір жалт етіп жүрген материалдар, жарнамалар. Телеарналар мен газет-журналдар, әрине, бәйге бермейді. Көзімізді Ресей ашып жатыр. Жаңағы пәтерлесім сосын отырып алады да, адам білімдірек болуы, заман ағымына ілесе білуі керектігі туралы ақыл айтады. Сәл буыным босап кетсе, өз пікіріне иландырып, орысқа басымды бірақ бұруға тырысады. Қазақшасының қандай деңгейде екеніне мән берместен, орыс тілі деңгейімді жоғарылату керек, орысша оқу керек деп онан арман арпалысады. Жөн-ақ, бәріміз-ақ көп білгіміз, оқығымыз келеді. Бірақ шынымен орыс тіліне тәуелді екенбіз ол үшін.

Тағы сол ұлы Мұстафа «Орыс миссионерлігі» деген мақаласында Темірбек Жүргенұлының құрылтайда алдымен орыс тілінде баяндама жасап, кейін оны аударып әлек болғаны және баяндамасында қазақ ұлтшылдарын, оның ішінде Әлихан Бөкейханға жала жаба сөйлегенін келтіріп, «Миссионер, шоқынған Жангелдин бүгінде Қазақстан Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары. Асылында, халық арасында тек дін таратушы ғана емес, жат мәдениет таратушылар да миссионерлер болып саналады. Міне, бұл тұрғыдан келгенде Жүргенұлы Темірбек те және Мәскеудің сол тектес басқа агенттері де – миссионерлер» деп кесіп айтады. Енді бүгінге оралайық, өзіміздің ұлтшыл ұлы қайраткерлерімізді жұртқа әлі таныта алмай жүрміз, жастар Путин туралы кітапты жастанып оқып жүр. Жоғарғы мәтінде аталған «миссионерлердің» бір де біріне келістіріп тойтарыс берілгенін қойып, білдей өнер ордамыздың атын беріп, әлі әспеттеп жүргеніміз – он екінші мәселе. Әлихандай, Ахметтей ұлыларымызға бұйырғаны – шолақ көше, ауылдағы ешкім білмейтін мектеп, қалтарыстағы ескі саябақ қана.

Бүгінгі күн шынымен де атақ-дәрежемен, жарнамамен өлшенетін заман. Енді келіп, Есентаеваның «ақылын» естіп, Путинды пұт қып өскен балаға, сен ұлтыңды сүймедің, бабаларыңды танымадың деп қай бетімізбен айтамыз? Ұлы орыстық идеяны ашық, жасырын түрде тарататын ақпарат көздері елімізді емін-еркін кезіп жүр. Орыс миссионерлері бұл күнде әрбір үйден, әрбір мекемеден табылады. Міне, біздің шынайы халіміз! Ертең күні, Құдай бетін ары қылсын, Ресей тарапынан қауіп төнсе, осынша мол ақпараттық құралдары жақсы жұмыс істеп тұрған орыс ағасының құшағына қайта ене салу – біздің халық үшін бір ұйықтап тұрғандай ғана боп қалмақ.

 

Есбол НҰРАХМЕТ

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар