Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының алдында халық ақыны Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына орай еңселі ескерткіші бой көтерді. Бұл туралы Қамшы порталы Айқын-ақпаратқы сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Тастұғырдың тұсаукесер рәсімін шаһар басшысы Бауыржан Байбек пен Сенат депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин ашты.
Бауыржан БАЙБЕК, Алматы қаласының әкімі:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, тұтастану тарихы» деген болатын. Сүйінбай бабамыздың да жырлары халықты ауызбірлікке, тұтастыққа шақырады. Ақынның көптің мұңын айтып, «бөрілі байрақ астына исі қазақ баласын біріктірсем» деген идеясы бүгінгі таңда жүзеге асып отыр.
Сүйінбай ақынның 200 жылдық мерейтойы еліміздің барлық өңірлерінде аталып өтуде. «Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен Астана қаласында өткен ғылыми-тәжірибелік конференция мереке-лік концертке ұласты. Сондай-ақ партияның қолдауымен қаламгер ағамыз Роллан Сейсенбаев «Ұлы жазушылар мен ойшылдар» сериясымен Сүйінбай мен Жамбыл аталарымыздың жыр жинағын басып шығарды.
Ұлы Мұхтар Әуезовтің шайырды Жетісу ақындарының алтын діңгегіне теңеуі кездейсоқтық емес. Ақынның қайраткерлік келбеті әйгілі Қатағанмен айтысында жан-жақты көрінсе, Майлықожа, Тезектөремен болған сөз сайысында оның батырлық рухы, қайсар мінезі сұлу жыр болып төгілді. Ол – айтыс өнерін жаңа биікке көтеріп, тақырып аясын кеңейткен жасампаз тұлға. Заманы қайшылықтарға толы бабамыздың Сұраншы, Саурық, Өтеген, Қарасай батырларға арналған тарихи жыр-толғаулары халықты отаршылдыққа қарсы тұруға шақырды. Тәуелсіз ел болуға үндеді. Ерлікті, бірлікті жырлады. Сүйінбайдың ақындығы тек қазақ қауымдығына емес, көрші Орта Азия халықтарына да жақсы таныс болды. Ол қазақ-қырғыз халықтарының достық қарым-қатынасын нығайтуға ерекше үлес қосты. «Манас», «Рүстем-Дастан»,«Тотынама» сияқты екі ел арасында кең тараған этникалық дастандарды өзінше мәнермен таңды-таңға ұрып жырлады.
Ұлы бабаларымыздың асқақ армандары орындалып, еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізді. Енді олардың шығармаларын түгендеп, рухына арнап ескерткіштер қойып жатырмыз. Айбынды айтыскер ақын, адуынды жыршы, қазақ поэзиясының алыбы Сүйінбай Аронұлының құрметіне арналған ескерткіштің ашылуы құтты болсын!
Бұдан кейін сөз алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Сүйінбай Аронұлының Алматы облысы, Жамбыл ауданы Қарақастек жерінде туылғанын айта келіп, мерейтой қарсаңында атқарылып жатқан істерге тоқталып, халықты алдағы жоспарлармен құлағдар етті.
– Астана қаласында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен және Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен «Алатаудың ақиығы» атты халықаралық конференция өтті. Одан кейін Елбасының тапсырмасымен Алматы облысынан бір топ делегация және Сүйінбай атындағы филармония артистері Түркияға барып, екі-үш қаласында концерт берді. Анкара қаласының дәл төрінде түркітілдес халықтар арасында атағы жайылған ақынның құрметіне керемет саябақ ашылды. Бізді Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев пен ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ерекше қолдады. Сол жолы аталмыш саябаққа «бабамыздың ескерткішін қоямыз» деп уәде беріп келдік. Қазір осы мақсатта жұмыс істелуде. Бұдан бөлек, той қарсаңында ауылдың жолын жөндеп, Сүйінбай атамызға мектептің атын бердік. Алдағы қазан айында ас өткізіп, бәйге ұйымдастырамыз, – деді Амандық Ғаббасұлы.
Жиын барысында ақын-жазушы Нұрлан Оразалин, Роллан Сейсенбаев және Ұлттық Ғылым академиясының құрметті академигі Төлеген Қожамқұлов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан сөз сөйлесе, белгілі ақын Серік Қалиев жырдан шашу шашты.
«Сөздің пірі – Сүйінбай» аталған екінші бөлімді гастрольдік-концерттік бөлім басшысы Амантай Берғалиев жүргізіп, Сүйінбай Аронұлының өсиет-термелеріне кезек берді. Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі, әнші-жыршы Ерболат Шалдыбеков, Мақпал Тоқтаған және басқа да дәстүрлі әншілер өнер көрсетіп, соңынан ақын рухына Құран бағышталды.
Мекеме директоры Ақан Әбдуәлінің айтуынша, «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп жырлаған Жамбыл мен ұстазы Сүйінбайдың рухының бір жерде тоғысуы – қуанарлық жағдай. Кейінгі жастарға – тағлым, ұрпаққа – өнеге!
Пікір қалдыру