Мәмбет Қойгелді, тарихшы: Ұлттық ұстаным қалыптастыра алмайтын тарих кімге керек?

/uploads/thumbnail/20170708151154271_small.jpg

Қазіргі еліміздің қоғамдық-саяси, ғылыми өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі −тарихқа көзқарастың жаңа кезеңінің қалыптасуын қамтамасыз ету. Оған мұрындық болып отырған − билік. Осы бір науқан басталғаннан-ақ, оған тарихшы да, тарихшы емес те, тіпті, кейбір саясаткерлердің өздері де араласып кетті. Осыдан кейін онсыз да, бұған дейін де көкпарға түскендей күй кешкен ел тарихының мәселесі одан әрі күрделене түспей ме? Осы тұстағы тарих, тарихшылар және билік арасындағы байланыс қандай болып, неге негізделуі тиіс?  Осы  және  өзге  де  тарих төңірегіндегі мәселелер белгілі  тарихшы, т.ғ.д., профессор Мәмбет Қойгелді келесідей пікір айтты...  

Бізде билік пен тарих­тың ара-қаты­насын айтудан осы уақытқа дейін билік те қашады, тарихшылар да қа­шады. Өйткені, бұл тарихымызда үлкен дау тудырған мәселе. Соған байланыс­ты, көп мәселені бізде басқаша қояды. Тарих пен тарихшы деп қояды. Билік пен тарих емес. Мүмкін, әлемнің басқа елдерінде мәселені осылай қойып, шешіп жатқан шығар. Ал, бізде ондай емес. Біздегі тарих, ғылым саласы ретінде, өткен ғасырда тікелей биліктің қалауымен және қолдауымен қалыптасты. Идеологияның қаруы және қоғамдық санаға ықпал етудің құралы ретінде өмірге келді. Табиғи негізде емес, кәсіби тарихнама билік­­­тің тікелей ықпалымен жазылды. Біз мұны мойындауымыз керек. Бұдан біздің тарихнама табиғи тамырынан өріс алмады деген пікір тумауы керек. ХХ ғасырдың басында қоғамдық сұраныс бойынша тарих ғылымы табиғи негізде алғашқы қадамын жасай бастаған. Мәселен, Шәкәрім Құ­­дай­бердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев,  Мұ­хамеджан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов, Санжар Асфендияровтың еңбектерін жатқызуға болады. Бірақ, мұндай табиғи негізде тарихнаманың дамуы ұзаққа созыл­ған жоқ. Билік оған ерік бермеді. Ал, қазіргі жағдайға келер болсақ, мем­лекеттік, қоғамдық мақсатты қол­дау­сыз тарихи еңбектердің жазылуы, тарихи тәжірибе көрсеткендей өте қиын. Барлық елдерде сондай. Тарих ғылымы өзінің алғашқы қадамында биліктен қолдау алған. Билік саналы түрде оны қолдаған. Шығыста да сондай, батыста да сондай болды. Халықаралық тәжірибеде соны көрсетеді. Өткен ғасырда өмірге келген кәсіби тарихнаманы толыққанды ғылым атауға келмейді. Өйткені, ол халық нақылындағыдай «күшік кезінде таланған». Шартты түрде айтсақ, «күшік кезінде та­ланған ит азулы төбет бола алмайды». Орыс тарихшысы Афанасьев айналымға «репрессияланған тарих» деген ұғымды қосты. Осы атау советтік кезеңде жазылған тарихнамаға толық сәйкес құбылыс. Бұл ұғым Қазақстан тарихнамасына да қатысты деп ойлаймын. Әдебиетте «социалистік реализм» деген мектептің үстемдік құр­ғаны сияқты тарих ғылымында да марк­систік-ленинистік методология аталған концепция билік құрды. Тарихшылар мен ғылыми институттарға тапсырысты, тарихи процестерді қандай көзқарастар тұрғысынан зерттеу туралы ұстанымды империялық идеологиялық орталықтар анықтады. Өткен ғасырдағы алғашқы буын кәсібі тарихшылар мен әдебиеттанушылардың тағдыры олардың Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің абақтысына жабылып, тер­­геуге алынып, ұзақ мерзімге сотталуы еркін ой-пікірге жасалған шабуылы емес, сонымен бірге, кәсіби тарихнама мен әде­биеттануды тек идеологиялық тапсырыс шеңберінде ғана жұмыс істей алатын роботқа айналдырудың өзі болатын. Сондықтан, кеңестік кезеңдегі қазақ тарихнамасы мардымды ештеңе бере алмады. Бұл факт. Көрсетілген идеологиялық шеңберде ғана жұмыс жасауға міндетті болды. Мі­не, осы кеңестік кезеңде қалыптасқан та­­ри­хнаманың арнасынан жаңа еркін кеңістікке шығу бізге оңайға түсіп отырған жоқ. Біз көп жағдайда инерциямен келе жатырмыз. Халық, «Тарих толқынында» бағдарламасы өз мойнына осы міндетті алса, отандық тарихнамаға көмектескен болар еді. Батыстық және Шығыстық мектептерге жас буын өкілдерін жіберуді қолға алу қажет деп есептеймін. Бұл жерде бізге велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Тарихнама Шығыста да, Батыста да дамыған. Ал, біз мемлекетті қалыптастыру кезеңінде тұрмыз. Яғни, соған сәйкес адек­ватты, мемлекеттік статусқа лайық тарихи таным, тарихи сана болуы керек қой. Сон­дықтан, біздің әрекетіміз сол деңгейде болуы тиіс.Мемлекеттік тәуелсіздікке байланысты, сол сұранысқа сәйкес қадам жасауымыз тиіс. Онсыз қазіргі ешқандай науқандардан, шаралардан нәтиже шықпайды. Ол факт!

      Мемлекеттік хатшыға хат жаздым. Ведомствоаралық комиссияның мүшесі ретінде «Мәдени мұра» мен «Тарих толқы­нында» бағдарламаларында ауытқулық бар екендігін айтқан болатынмын. Біздің тарихшылар осы уақытқа дейін Абылай кіммен хат алысты, түскиіз қандай деген секілді ұсақ-түйек мәселелермен айналысып жүр. Ұлттық тарих қолға алынған қазіргі уақытта өзекті мәселелер күресінге шығып қалды. Негізінде, ең өзекті мәселе алға шығу керек қой. Ұлт-азаттық қозғалысы, Кенесары қозғалысы, Алаш қозғалысы, ХХ ғасырдағы тәуелсіздік үшін күрестер, жеке тұлғалардың күресі! Бұл мәселелер сол ведомствоаралық комиссияның үш отырысында да ауызға алынған жоқ. Мен сол жолы Мемлекеттік хатшыға ҚазҰУ-да үш орталық ашып бердіңіз, ал, неге соның біреуін Алаш қозғаласын зерттеуге бермедіңіз, келесі отырысыңыздың күн тәртібіне осы мәселені қойыңыз дедім… Егер, мәселе дұрыс қойылмаса, тарихты зерттейміз деп неміз бар? Сондай-ақ, тарих халықтың тарихи танымын, елдік ұстанымын қалыптастыруға жұмыс істемесе, ондай тарих кімге қажет? Тү­сінем, көне ғасырға, орта ғасырларға акцент жасалып жатыр. Жарайды, ол керек! Себебі, Совет дәуірінде ол тақырыптар те­­періш көрді. Сонымен бірге, қазіргі уақыт­та мемлекетіміздің қалыптасу кезеңінде халықтың патриоттық санасын оятатын, отан­сүйгіштік ұстанымын қалыптастыратын ір­гелі тарихи мәселелерді неге қозғамайды? Неге біз Алаш қозғалысынан қашамыз? Неге Кенесары көтерілісін дұрыстап оқыту, насихаттау мәселесін қолға алмаймыз?  Геноцидке бай­ланысты 1992 жылы 22 желтоқсанда құрылған комиссияның жұмысы бойынша Жоғарғы Кеңес қаулы қабылдады. Сол қаулыға сәйкес, геноцид, этноцид деген тер­миндер қолданысқа енгізілді. Осыдан бір-екі жыл бұрын Еуропалық Одақтың жанындағы ассамблеясының төрағасының орынбасары осында келіп, Тарих институтында әңгіме өткізді. Келгендегі мақсаты 1930 ж. Кеңес одағы Украинада және Қа­зақстанда жүргізген қырғынын геноцид деуге бола ма, жоқ па деген мәселеге қатысты еді. Украина ЕуроОдақтың ассамблеясында осы мәселені қойған екен. Кеңес одағының Украинада 1930 ж. жүргізген зобалаңы геноцид па, жоқ па деген сұраққа жауап беру үшін ЕуроОдақ осында арнайы эмиссарын жіберген екен. Мен сонда мынадай ұсыныс айттым: Сіз ҚР Жоғарғы кеңесі қабылдаған қаулысын қараңыз, сонда қандай баға берілгені айтылған дедім. Онда геноцид ретінде бағаланған. Ал, одан біз қазір неге кейін кетуіміз керек? Ол факт қой. Осыдан кейін Украина үлкен сот өткізді. Сонда ресми түрде Ресейді айыптады. Мұндағы менің айтайын дегенім, халықты тарихи шындық тәрбиелейді, санасын қалыптастырады. Тура осы мәселеге келгенде тарих пенен биліктің арасында үйлесімділік, өзара түсіністік болуы керек. Олай болмаса, тарихи шындық айтылмайды. Тарихи шындық дегеніміз, біздің заманымызда билік пенен тарихшы мамандардың арасындағы үйлесімділіктің перзенті. Мен бір нәрсеге таң қаламын. Біз­дегі Білім және ғылым министрлігі бір рет министрлікке тарихшы мамандарды жинап, қазіргі қоғамда қандай мәселе өзекті екендігін анықтайық деген емес. Мен, өкінішке орай, министрліктен осындай әңгіме ести алмадым. Мұндай әре­кетті, қадамды мен білмеймін. Тақырыпты қаржыландыруға келгенде де сол сияқты. ҚазҰПУ-дегі біз­дің кафедра «Қазақстандағы ұлттық бір­ың­­ғайлықтың қалыптасу тарихы» деген тақырып ұсындық. Ал, министрлік неше түрлі құйтырқы әдістеріне салып, ең керемет тақырыптарды қабылдамай тастайды. Біз оны еріккеннен берген жоқпыз, қазіргі кезеңге сай, сұранысқа лайық тақырып болған соң бердік. Ал, биыл ведомствоаралық комиссияның өткізген жиналысында, мем­лекеттік хатшы М.Тәжин мемлекеттің пайда болуы ең өзекті мәселе екендігін, қазақ тари­хының өзегі болуы тиіс екенін айтты. Мен мемхатшыға осы тақырыпты бір кезде министрлікке ұсынғанмызды айттым.

      Биліктің тарих­қа көп көңіл бөліп отырғандығын ұмыт­пауымыз керек. Қаржы бөліп жатыр. Ол да дұрыс. Мына нәрсені айтқым келеді. Тәуелсіздік жылдары бізге үлкен тарихшылар күші келіп қосылды. Қытай, Моң­ғолия, Түркия, Ираннан тарихшылар легі келді.Соның арқасында, біздің ғылыми тарихнамамыз байи түсті. Осы процеске сонау Шығыс Түркістандағы біздің бауырларымыз Қытай тарихнамасының дәстүрін, қытай тілін меңгерген Ахмет Шадыман, Жарқын Мырзахан, Қаһар Нұрмұхан сияқты бауырларымыз, Зәкең, Зардыхан Қинаятұлы, Әлімғазы Дәулетхан, Нәбижан Мұхамедханұлы келді. Солардың арқасында қазір Қытай, Моңғол деректерін, Иран, Түркі жазбаларын меңгеріп жатырмыз. Бұл үлкен еңбек қой. Білдіңіз бе? Ал, мемлекет тарапынан осы толқынмен келген тарихшылардың еңбектері бағасын алуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, бізге көзқарасымызды өзгертуіміз қажет. Тарихшыларға, өзіміздің жанымызда жүрген бауырларымыздың еңбектеріне деген көзқарасымыз дұрыс болуы тиіс. Сонда ғана ұлттың жоқ-бары түгенделеді.

      Тарихта «мұ­рағат саясаты», «архивная по­ли­тика» деген ұғым бар. Осы бізге үл­кен проблема. Мұра­ғат саясаты біздің мемлекетте мүлде дамымаған. Өз басымнан өткеннен кейін, жақсы біле­мін. Өткенде парламентке, комиссия төрағаларына мұрағат мәселесіне қатысты төрт рет хат жаздым. Төртеуіне де көңілге қонымды жауап ала алмадым. Сонда байқағаным, Алаш қозғалысына байланысты мұрағаттарды ашу мәселесінде билік жалтақтайды. Оны несін жасырамыз? Оның сыры неде? Егер, репрессия, аштық, Алаш та­қы­рыбына байланысты жабық қорлар ашыл­са, ол отарлық саясатты әшкерелеу болып табылады. Сондықтан, билік бұл тақырыптарға барғысы кел­мейтін сияқты. Қазақстандағы мұрағат қорын ашу екі жаққа да: қазақ қоғамына ғана емес, Ресейге де пайдалы. Өйткені, Ресей­дің қазіргі билігі Ресейдің импе­рия­лық билігінің қазақ қоғамына жасаған қия­на­тын білуі керек. Біле отырып, са­налы түрде қазақтан кешірім сұрауы тиіс. Неге сұрамасқа? Мұндай жайт тарихта болған. Мысалы, өзінің Екін­ші Дүние жүзі соғысында жіберген қа­теліктеріне байланысты Германия ресми түрде кешірім сұрады ғой. Ал, Ресейде, өкінішке орай, осындай мә­дениет жоқ! Юрий Афа­насьевтің: «Өткеніне қарап өкін­бейтін мемлекетті, қоғамды ешкім сый­ламайды» деген қа­нат­ты сөзі бар. Ресей қырғынға, қуғын-сүргінге байланысты қазақ қоғамынан кешірім сұрауы тиіс. Қазақ қоғамына пай­далы дейтініміз, билік бүгінгі қазақ қоғамындағы проблемалардың тамыры тереңде жатқанын түсінуі керек. Мен мұны оқытушы болғандықтан айтып отырмын, біз болашақ мамандарды тәр­­биелеп отырмыз, ол инженер ма, дәрігер ма, мұғалім ба бәрі бір, олар та­рихи фактілерді, құ­жаттарды білуі керек. Олардың тарихи санасын қалыптастыруымыз керек. Өйткені, бүгінгі студент ертеңгі күні билікке барады. Ол өзінің Отанының тарихын, өткендегі проблемаларын білмесе, қандай басшы болады? Ондай адамды билікке жібермеу керек. Сон­дықтан, біз қазіргі шынайы, зерттелген тарихты егжей-тегжейлі оқытуымыз қа­жет. Тарихты зерттеу бір бөлек, оны санаға сіңіру бір бөлек. Оны орысша айтқанда, «ассимилирование истории» дейді.

Жазып алған Жания  Әбдібек

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар