Ортағасырлық Мәскеу деректері

/uploads/thumbnail/20170708200244872_small.jpg

XV ғасырдың соңындағы Мәскеу мемлекетінде Моңғол империясы мен Алтын Ор­даға тәуелділікті білдірген, хан жарлықтары арқылы Мәскеу бектері биліктерінің заң­дастырылғанына қатысты құжаттар өзінің өзектілігін жоя бастайды. Ескі ұй­ғыр жазуында жазылған құжаттарды оқып, мағынасын ажырататын саясат адамдары да өмірден өтіп, ол жазуларды Мәскеуде ешкім де оқи алмайтын жағдай қалып­таса­ды. Мәскеу саясаткерлері шығыс елдермен байланыс жасағанда енді көбінесе араб жазуындағы түркілік мәтіндермен жұмыс істейді. Ондағы елшілік қызметіндегі және онымен байланысты құрылымдарда еңбек ететін мұсылман дініндегі «қызметтегі татарлардың» сыртқы саясат жүргізудегі маңызы арта түседі. XV ғасыр соңы – XVIғасырдағы халықаралық қатынастарда енді қолданылмайтын ұйғыр жазуындағы құжаттар саяси қолданыстан шығады, мемлекет мәртебесіне лайық емес деп те табылады, қалғандарын Мәскеу сарайында қалыс қалдырмаған өрттер жояды.

Мәскеуде сақталған еларалық қатынас құ­жаттары Мәскеу мемлекетінің саяси өрлеген, саяси дербестікті иеленген заманынан бас­тап жүйе­лене түседі. XV-XVII ғасырлардағы Мәс­кеу мемлекетінің құжаттары мен еларалық іс қағаз­дары Мәскеудің елшілік бұйрығында (По­сольский приказ) және Патша архивінде қор­да­ланады. XVII ғасырдағы Орал мен Сібірге қа­тыс­ты бірқатар іс қағаздары Мәскеудің Қазан және Сібір бұйрығында жинақталып, архив қо­рына алынады. Мәскеу мемлекетінің XV-XVII ғасырлардағы халықаралық байланыстарына қатысты құжаттары бұл күнде Ресейдің мем­ле­кет­тік көне деректер архивінде (Российский государственный архив древних актов – РГАДА, бұрынғы атауы – Центральный государственный архив древних актов СССР – ЦГАДА) сақталып келеді.

Мәскеу мемлекетінің елшілік құжатнамасын­да «елшілік кітаптар» («посольские книги») толымды деректеме топтамалары ретінде ерек­ше мән-мағынаға ие. Әрбір елшілік кітап­ жеке елдермен саяси-дипломатиялық байла­ныс­тардың белгілі бір уақытнамалық кезеңін қам­титын құжаттар мен іс қағаздарының жинақы­ланған көшірмесі болып табылады. Бұл қол­жазба кітаптардың мемлекетаралық қарым-қа­ты­нас­тарды жалғастыруда қолданбалы маңызы болған.

XVI ғасырдағы Қазақ хандығы тарихына қатысты негізгі мәліметтер Мәскеу мемлекетінің Ноғай Ордасымен, Қырым хандығымен, Осман патшалығымен қарым-қатынас кітаптарында ұшырасады. XVII ғасырдың соңғы ширегіне дейін қазақтар туралы негізгі деректерді Мәскеу мемлекетінің ойрат-қалмақтармен және моңғолдармен саяси байланыс іс қағаздары береді.

Қазақ хандығының өзімен жасалған қарым-қатынас мәтіндерінің Мәскеуде сақталу тағды­ры ауыр. Төл мемлекетіміздің біресе өрлеп, бір кезеңдерде әлсіреген жағдайлары Қазақ хан­дығы мен Мәскеу мемлекеті елшілік бай­ла­ныстарының XVI ғасырда үш рет жанданып, арасында екі рет ұзақ кезеңдерге үзіліп қалғандығы әсер еткен. XVI ғасырдың оныншы жылдарындағы «Қасым хан тұсындағы қазақ кітаптары» Мәскеудің патша архивінде 38-ші жәшікте тізімделгені белгілі. Ақназар ханның 1571-1572 жылдардағы Мәскеуге жі­берген елшілігінің және XVI ғасырдың 70-жылдарындағы қазақ-орыс саяси қаты­нас­тарының мәтіндері де бізге белгісіз себеп­тер­мен (Мәскеу мемлекетіндегі «опричнина» жылдарындағы ішкі тұрақсыздыққа, Мәскеуді сол жылдары шабуылдаған Қырым ханы Дәулеткерей жорықтарының құжаттарға тигізген зардаптарына да байланысты болуы мүмкін) кейінгі замандарға жетпеді.

Қазақ құжаттарының сақталуына Мәскеу мем­лекетіндегі Бұлғақ («Смута») жылдары (1606-1613) кері әсерін тигізді. Ал көптеген құжат­тар Мәскеудегі 1626 жылғы жойқын өртте жа­нып кетті. XVI ғасырдағы Қазақ хандығымен байланыс құжаттары 1594-1596 жылдардағы Тәуе­кел ханның Құлмұхаммет елшілігінің және Мәскеудің В. Степанов елшілігінің материал­дарымен ғана шектелді. Бұл екі елшілік дерек­те­рі бұл күнде Мәскеу мемлекетінің «Қазақ («Қыр­ғыз-қазақ» істері)» құжаттар топтамасында тұр.

XVII ғасырда екі мемлекеттің аралық аймақтарына орналасып алған және шапқын­шылықтарымен мазалап отырған ойрат-қалмақтар байланыстарын өрбітуге үлкен кедергі келтірді. Алайда, Есім хан заманы және одан кейінгі жылдар тарихына қатысты орыс деректері де аз емес. XVII ғасыр соңындағы, Тәуке хан заманындағы Қазақ хандығы мен Мәскеу мемлекетінің мемлекетаралық қарым-қатынас құжаттары Ресейдің Сібір орталықтарында сақталғанмен, жеке жинаққа біріктірілмей қалған.

Қазақ хандығы туралы шашыранды деректер Мәскеу мемлекетінің Поляк-Литва мемлекетімен, Швециямен, басқа да кейбір еуропалық және Персия, Бұхара, Хиуа сияқты азиялық мемлекеттермен саяси байланыс құжаттарында ұшырасады. Мәскеу мемлекетінің ғана емес, әсіресе, Литва деректерінің де кейбірі Шығысты зерттеушілер назарына ілінген. «Литва метрикасының» Мәскеу архивіндегі құжат топтамасы сақталған. Ресей империясында елшілік кітаптарды жарыққа шығару ісін XVIII ғасыр соңында тарихшы М. Щербатов пен ағартушы А. Новиков бастап, XIX ғасырда бірқатар орыс архивистері жалғастырды. Кеңес заманында Қазақ хандығы тарихына қатысты мәтіндерді жариялау ісі саябыр тартып, соңғы онжылдықтарда ғана қайта жанданған. Қазіргі Ресейдегі құжаттарды жариялау ісін алға бас­тыруда Кеңес заманының соңында Н. Рогожин қолға алып, бұл күндерде дала мемлекеттерінің тарихына қатысты мәтіндерді жариялауға В.Трепавлов және татар тарихшылары өз үлестерін қосуда.

Менің Ресейдің көне деректер архиві (РГАДА) қорларындағы қолжазба мәтіндерді зерттеу жұмыстарым 1983 жылы басталып, 90-жылдары қатарымен бірнеше жыл, одан соң 2004 және 2013 жылдары жалғастырылды.

Мәскеу мұрағатындағы тың деректер негізінде кандидаттық диссертацияны 1988 жылы қорғап шықсам да, негізі 80-жылдарда жазылған монография кешеуілдеп, қаржылық дағдарысқа байланысты 90-жылдардан кейін ғана шығара алдым. Бұл кезде Ноғай Ордасының тарихын зерттеуді менен бірқатар жыл кейін бастаған мәскеулік тарихшы В.Трепавлов зерттеулерін жариялап та, менің жарияланған жұмыстарыма сілтеме жасап та үлгерген еді. 1998-2008 жылдары Мәскеу мұрағатындағы бірқатар түпнұсқа мәтіндері Семейде шығатын республикалық «Абай» журналы арқылы оқырманға ұсынылды. 2005 жылы Мәскеу архиві қорларындағы белгісіз болып келген шашыранды деректердің, XVIII-XX ғасырларда Ресей архивистері жариялауға күш қосқан Қазақ хандығы тарихына қатысты құжаттарды топтастырып, «Орыс мемлекетінің елшілік материалдары» (Посольские материалы Русского государства (XV-XVII вв.) // История Казахстана в русских источниках XVI-XX вв. Т.1. – Алматы, 2005) деген атпен түпнұсқа тілінде жарыққа шығардым. Сонымен, бұл күнде Мәскеу мемлекетінің мемлекетаралық іс қағаздарын басып шығарған санаулы ғылыми орталықтар қатарында өз еліміздің қалалары да бар.

Біз жариялаған ортағасырлық орыс мәтіндері Қазақ хандығы тарихына көптеген жаңалықты деректер қосты. Олардың ішінде Қасым ханның 1521 жылдың басында қайтыс болуы, Қазақ хандығының 1521-1523 жылдардағы саяси жағдайы және ел билеушілері, Қазақ хандығының 1523 жылы Қырым хандығымен саяси байланыстарда болуы, 1537-1538 және 1581-1582 жылдардағы саяси күйзелістер жайы, Ақназар хан мен Шығай, Жалым сұлтандардың Ноғай Ордасына қарсы 1568 жылдың күзінде бағытталған жорығы (бұл да әлі күнге дейін жаңылыс 1569 жыл деп көрсетіле беретін жайы бар), бұл жорықтың Хажы-Тарханды мұсылман жұртына қайтарып алудың жалпытүркілік жос­пармен, Осман патшалығы сыртқы саясатымен байланыстығы, Ақназар ханның Қазақ хандығы мен Мәскеу мемлекеті арасында болған алғашқы әскери қақтығыстан туған салқындықты жою мақсатында Мәскеу мемлекетіне 1571-1572 жылдары жіберген елшілігі және одан кейінгі жылдардағы Қазақ хандығы мен Мәскеу мемлекетінің байланыстары сияқты оқиғалар тізбегі, Ақназар хан балаларының Астраханьға келуі және бұл оқиғаға байланысты Қазақтың Үлкен Ордасы туралы алғашқы орыс дерегінің 1585 жылы жазылғаны туралы (тарих әдебиетінде ескіше көрсетіле беретін 1616 жыл емес) жаңа тарихнамалық түсініктер жарияланды. Есім ханның 1627 жылғы Ташкент жорығы туралы Мәскеу елшілік бұйрығында сақталған дерек пен құжат мәтінінің фотокөшірмесін 2005 жылғы құжаттар жинағында жарияладық.

XVI ғасыр деректері негізінде Қазақ хандығындағы және басқа да оқиғалар туралы зерттеу материалдарды 1985-1988 жылдары және одан кейін 1998-2005 жылдары жариялаған едік. Азаулы Доспамбет жырау туралы деректерді де Мәскеу архивіндегі елшілік кітаптарынан тауып, жұртқа жеткіздік. Доспамбет жырау бірқатар әдебиетшілер айтатындай 1523 жылы қайтыс болмаған. Кейін, 1595 жыл екенін нақты деректермен көрсеттік. Бірақ әдебиетшілер ескі тұжырымдарды қай­талай берген соң, заманындағы саяси қайраткер және жыраудың 1535-1595 жылдары өмір сүргені туралы арнайы мақалалар топтамасын 2005-2006 жылдары жариялауыма тура келді.

Қазақ пен ноғайдың, өзге бауыр халықтардың рулық-тайпалық құрамын, әр кезеңдегі тұрмыс-тіршілігін, қоғамдық және мәдени өмірін зерттеуде сарқылмайтын материалдар Мәскеу көне деректер архиві қорында бар. Оны жарық­қа шығарудың реті енді туа бастады. Сол мүм­кін­дікті пайдаланып қалуымыз керек. Иә, Мәскеу архивіндегі қолжазба мәтіндерді иге­рудің алдағы кезеңі – біздің заманымызға жет­кен түркілік, ескі ноғай, қазақ мәтіндерін жариялау болып табылады. Бұл – күрделі, бұ­рын мүлде бастауы болмаған жұмыс. Осы мақсатта Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті «Отырар кітапханасы» ғы­лы­ми орталығының жоспарымен біз Ресей Феде­рациясы қалаларына іссапар жасадық. Алда да айттық, ұлт тарихына қатысты деректер жи­нау ісін бір сәтте тоқтатпауымыз керек. Бұл күндері Мәскеудің көне деректер ар­хивіндегі құжаттарды түбегейлі зерттеп, түп­нұсқа мәтіндерді жариялау, қазіргі тілімізге аудару сияқты ауқымды жұмыстар алда күтіп тұр.

 

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар