Басқарудың ТИІМДІ ТӘСІЛІ

/uploads/thumbnail/20170708200356034_small.jpg

«Самұрық-Қазына» АҚ адам ресурстарын басқару жөніндегі бас директоры Дэниел Крюсберг қордың кадр саясатын трансформациялаудың алғашқы нәтижесі туралы айтты.

Оның айтуынша, қордағы ұйымдастыру мәдениетін, басқару және көшбасшылық стилін өзгертіп, жұмысшылардың құзіреті мен дағдысын дамыту керек. Сондықтан да іс жүзінде меритократия қағидаларын үнемі дамытып отыруға назар аударылады.
Дэниел Крюсберг «қорға жұмысшы алу арқылы үдерісті жетілдіріп, алдымызға жаңа мақсат-міндет қоямыз. 2014 жылы жұмысқа алынған мамандардың 85 пайызы ағылшын тілін біледі. 2012 жылы олардың үлесі небәрі 30 пайыз болыпты. Былтыр қабылданған мамандардың 90 пайызы қазақшаны меңгерген. Олардың үлесі 2012 жылы 50 пайыз еді. 2014 жылы қабылданған үміткерлердің 70 пайызы шетел дипломын алған. 2012 жылы бұл көрсеткіш 30 пайыз деңгейінде болатын. Өткен жылы мамандардың 60 пайызы халықаралық компаниядан келген.  Бәрі ойдағыдай деп айта алмаймын. Алайда қарапайым халықаралық стандартты енгізу арқылы жетілдіріп келеміз. Бізде бәрі жария түрде жүргізіледі. Бос орынды жариялап, жұмысқа алған адамның қысқаша түйіндемесін сайтқа орналастырамыз. 
Осы жылы қызметкерлердің рейтингін анықтау басталған. Осы мақсатта дамудың жеке жоспары әзірленді. Қор дарындыларды жұмысқа тартудың үздік жобасын жүзеге асырумен айналысып жатыр. Сараптама көрсеткендей, жауапкершілігіне, атқаратын міндеттерінің ерекшелігіне қарамастан, ұлттық компаниядағы директорлардың жалақысы бірдей. 
Біз қордың компаниялар тобының барлық қызметіне грейдерлік тәсіл қолданамыз. Алғашқы бастама ретінде барлық компаниялар тобының 32 мың қызметкері үшін белгілі бір тәртіп жүйесін енгіздік. Бұл жұмыстың мақсаты – Қазақстан, ТМД және әлем нарығында жұмыс атқару мен оның мазмұнын салыстыру. Осылай біз дарындыларды алмастырудың тұғырнамасын жасаймыз. «Қазақстан теміржолы» (ҚТЖ) қызметкері неге өмір бойы сол компанияда жұмыс істеуге тиіс? Жаңа тәжірибе алу үшін жұмысын неге ауыстырмасқа? Елімізде үздік тұғырнама қалыптасты. Бұл әлемде мойындалған «Болашақ» бағдарламасы. Алайда біз «Болашақ» түлектерін жұмысқа орналастыра алмай отырмыз. Олар нарықтан жоғалып кетеді. Біз жаңа буынның көшбасшылары легін қалыптастыруды қолға алмақшымыз. Осы үшін арнайы бағдарлама әзірленді. Бұл бағдарлама басым жобаға бастамашыл мамандарды тартуды көздейді. Біздің көшбасшыларымыз лайықты емес. Сондықтан оларды жоғары деңгейден бастап бағалаймыз. Көшбасшыларымыз мына сұраққа жауап беруге тиіс: олар өз қарамағындағыларының талабына лайықты ма?» – дейді. 
 

Тың бастама тұрмысты түзелтеді



«Самұрық-Қазына» АҚ бизнесті трансформациялау жөніндегі бас директоры Адамас Илькявичюс қордың негізгі бастамалары туралы айтып берді.
Адамас Илькявичюстің мәлімдеуінше, қордағы активтердің құнын еселеу керек. Бұрын тек қордың құнын жинақтады, бұл оның жұмысына әсер етті. Адамас Илькявичюс «қазір бірге бірді қосып, нәтижесінде үшті беруіміз керек. Химияда реагенттерді қосу арқылы түрлі реакцияны алуға болады. Біз осы негізде басқаруымыз керек. Ашық нарықта біздің барлық компания ойыншы емес екенін түсінуіміз керек. Сондықтан біз олардың нарықтық бағасын анықтай алмаймыз. Біз оларды өз әдістемеміз бойынша бағалаймыз. Бұл өзіміздің жеке пікіріміз. Ұлттық компанияларды нағыз нарыққа шығаруға мүмкіндік болады. Сонда инвесторлар оның күш-қуатына қалай қарайтынын көру керек. Стратегияны жаңартуға келсек, бұл заман талабының қажеттілігі болып тұр. Біздің компаниялар үнемі құбылып тұратын ортада жұмыс істейді. Біз негізгі көрсеткішті қайта қарап жатырмыз. Олар қағаз жүзінде керемет көрінетінін мойындауымыз керек. Әсіресе, өндіріс саласында жұмыс істейтін жұмысшының үлесін өлшеу қиын. Бұл бізге керек. Ол дегеніңіз ынталандыру ғой. Корпоративті басқарудың жаңа Кодексі қабылданды, директорлар кеңесінің өкілеттігі қайта қаралды. Жауапкершілікті бөлудің нақты жүйесі құрылды. Бұл дегеніңіз Кеңес заманынан мұрагерлікке қалған командалық жүйеден бас тартудың жолы. Қордың құрылымдық жүйесі өзгереді. Осы үшін қаржыландырудың жолы енгізілуде. Қордың басты рөлдерінің бірі – жаңа индустрияның құрылысы. Біз нарық ойыншылары бара бермейтін жолдарды қарастырамыз. Құқықтық форманың құрылымын жеңілдетеміз. Біздің компаниялардың ішінде акционерлік қоғамдар бар, олардың саны 15-ке жетеді. Солар бізден коллегиялық орган, директорлар кеңесін, процедураны талап етеді. Осының бәрі үдерісті кәдімгідей баяулатады. Осылай басқаруды қымбатқа түсіреді. Біз басқа жолын қарастырудамыз. Бұл негізгі бастамалар. Біз оларды операциялық трансформациялаудың жол картасына топтастырдық. Бұл үдерісте әрбір басшының жауапкершілігі мен рөлін анықтадық. Өйткені, жол карталары сөрелерде қалатын «әдемі» құжаттар күйінде қалып отыр. Бастаманың соңы директорлар кеңесі мен басқармаға дейін жетеді. Біз оларға тек міндет жүктеп отырған жоқпыз. Әрбір басқарма төрағасы осылай өзінің жұмысын жүргізу барысында жеке қызығушылығы мен жауапкершілігін арттырады, өз қызметкерлерін өзгеріске ұмтылуға бейімдейді» – дейді. 
 

Оңтайландыру оң нәтиже береді



«Қазпошта» АҚ ортақ қызмет көрсету орталығын құрады. Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Бағдат Мусин хабарлады. 
Оның баяндауынша, «Қазпошта» 300-ге жуық бастама көтерген. Бағдат Мусин «оның ішінен біз тек аз қаржы құю арқылы тез табыс әкелетінін таңдап аламыз. Басты жобаның бірі – back-офис қызметі арқылы ортақ қызмет көрсету орталығын құруды қолға алып отырмыз. «Қазпошта» бөлімшелері сату орталықтарына айналады. Қазір «Қазпошта» бөлімшелерінде 834 бухгалтер-экономист жұмыс істейді. Бұл тым көп. Бенчмаркинг көрсеткендей, бұл мамандардың санын 120-130 адамға дейін қысқарту керек. Адамдарды қысқарту керек деп отырған жоқпыз. Қызметкерлерге қайта оқу мүмкіндігі туады. Автоматтандыру және үдерістің ашықтығы есебінен оңтайландыру мәселесін айтып отырмыз. Инвестицияны қажет етпейтін жобалар бар. Оларды іске қосу үшін ұйымдастыру шаралары мен бейімделу үшін уақыт қажет. Мәселені, жеткізу бекеттері. Жұмыс күндері пошташылар жабық есікті қағып тұрады. Тұтынушыға жексенбі күні қызмет көрсеткені ыңғайлы. Оған сонша күш қажет емес, тек бейімделу керек. Тағы бір мысал: сұрыптау мен жеткізу қызметін екі түрлі бөлімше атқарады. Неге? Бұл екеуі бір-бірінің қызметін толықтырып тұр емес пе?» – дейді. 

Дереккөз: "Жас қазақ" газеті

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар