Ұтымды ойлар, батыл бастамалар

/uploads/thumbnail/20170708200423784_small.jpg

Ұлылық ұлағаты

Данышпан адамдар ықпалды болады.

Андрей БЕЛЫЙ.

Сәбит ДОСАНОВ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Адамзаттың ба­ғына жаралған ұлы тұл­ғаларды тарих ұзақ толғатып, сирек дүниеге келтіреді. Қа­зақ­стан Республи­касы­ның бүкіл халық сайлаған Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ғасырларда бір-ақ туа­тын сондай тұлға. Бұл – асыра айтып, артық мадақтау емес, оған ол зәру де емес. Жоғарыдағы ойымыздың нақты дәлелі, айқын көрінісі – Елбасымыздың әрбір ізгі қадам, әр іс, әр сөзінен күн сайын демесек те, ай сайын айқын танылып жүр. Соның мықты бір мысалы – Нұрсұлтан Әбішұлының күні кеше ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының әлемдік саясатқа қатысты жалпы пікірталаста сөйлеген сөзі. Бұл – кезекті жиында айтылған жалпылама, жадағай сөз емес, шын мәніндегі кемел ойлы, кең тыныс­ты тарихи сөз.

Олай дейтініміз – ядролық қарусыз әлем қалыптастыру ісін адамзаттың ХХІ ғасырдағы басты мақсаты етуге шақырған тарихи сөзінде Н.Ә.Назарбаев әлем назарын аударған нақты аса белді бес проблема жайлы толымды ой толғап, сақа саясаткерлердің өзін таңғалдырып, таңдай қаққызды. Сол бес ұтымды ұсыныстың әрқайсысы жайлы жеке мақала жазу – кезек күттірмейтін келелі міндет. Өзгесін айтпағанның өзінде «Біріккен Ұлттар Ұйы­мының штаб-пәтерін Азияға кө­шіру мәселесін ойластыруды ұсы­намын», деген сөзінің өзі әлемді жалт қаратқан жаңа идея, жасындай жарқ ете қалған ұтымды ұсыныс.

Н.Ә.Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйы­мы Бас Ассам­блея­сының сессиясында сөйлеген сөзінің әлемдік дең­гей­дегі тарихи ұлы оқиға бола­тынының тағы бір ғана емес, ең басты себебі, ең маңыздысы – БҰҰ тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде сөйлеуімен ерекше бағалы! Өте бағалы!

2015 жылғы 28 қыркүйек – тәуелсіз Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылатын күн! Бұл күн – аса асыл қазына, баға жетпес байлығымыз – айналайын, садағаң кетейін Ана тіліміздің әлемдегі ең ірі, ең беделді Ұйымның мәртебелі мінбесінен сөз алған тарихи күн! Бұдан былай бұл күн күнтізбеге алтын әріптермен жазылып, жыл сайын ұлттың ұлы мерекесі болып аталып өтуі керек!

Тарих ұзақ толғатып туған ұлағатты тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлттың ғана емес, бүкіл адамзаттың бағы, бірлік пен береке, мерекенің мызғымас алтын тағын асқақтатқан сара да дана саясаткер. Біздің осы пікіріміздің айқын бір айғағы – оның БҰҰ тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде сөйлеуі. Өзгесін былай қойып, тек осы үшін ғана оның есімі тәуелсіз Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылары зайыр.

Терең пікір­

Даниал СААРИ,

экономика ғылымдарының магистрі, Алматы менеджмент университетінің қызметкері.

Бүкіл халықаралық қоғамдас­тық­тың назарын аударған БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 70-ші сессиясы да тарих қойнауына еніп барады. Осындай айтулы оқи­ғаны өткізудің маңызы қазіргі за­манғы халықаралық қатынас­тар жүйесінде түрлі дүрбелең­дер көрініс беріп отырған тұста әлде­неше есе арта түсетіні анық. Оның үстіне, әлемдік экономикалық дағ­дарыс бізді осы сессияға әдетте­гіден де жіті көз салуға итермеледі.

Қазақстандық саясаткер ре­тінде айтарым, бұл оқиға мені Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөзіне тек жергілікті жұртшылық қана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық қызығушылық танытқан теңдессіз баста­малары тұрғысынан қараған­да зор әсерге бөледі. Сөз салмақ­ты шықты. Тереңнен ойластыры­л­ғандығы да анық байқалып тұрды. Нұрсұлтан Әбішұлы көптеген мемлекеттердің басшылары бастама етіп көтеруге батылы бармайтын ұсыныстар жасай алды.

БҰҰ-ның штаб-пәтерін АҚШ-тан Азияға көшіру туралы ұсыныс айтарлықтай мәнге ие. Ұлт үстілік әлемдік валюта құруды ойлас­тыру туралы айтқанында да зор негіз бар. БҰҰ – халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиісті жаһандық ұйым. Сондықтан ол тек саяси құрал ғана болып қалмауы тиіс, ол, сондай-ақ, экономикалық мәселелерге де баса мән беруі керек. Еуропалық одақтың еуро үлгісі экономикалық та, сонымен қатар, саяси да интеграцияның жарқын үлгісі болып табылады. Айналымда ортақ валюта болған жағдайда экономикалық дағдарыстарды жаһандық деңгейде шешуге мүмкіндік туған болар еді.

2045 жылға дейін­гі жаһандық страте­гиялық бастамалардың жос­парын жасау туралы ұсыныс, шын мәнінде, бүгінгі әлем­дік тұрақсыздық жағ­дайында өте көкейкесті. Ал халықаралық терроризммен күрес үшін біртұтас әлемдік желі құру туралы идея көпшіліктің тарапынан ерекше қолдау тапқаны күмәнсіз. Өйткені, бәріміз де бұл проблеманың алдында осалдық танытуымыз мүмкін, себебі, бұл заман қасіретінің кез келген мемлекеттің шекарасынан өтіп кету ықтималдығы орасан зор.

Нұрсұлтан Әбішұлы ядролық қаруды қолданудан бас тарту туралы және санкциялар туралы, сондай-ақ, Минск уағдаластығын орындау қажеттігі туралы да өте нақты және анық айтты. Елбасы көптеген сөз сөйлеушілермен салыстырғанда, халықаралық құқықта баяғыда-ақ қайта қаралып, кемшілігінің орны толтырылуы тиіс қосарланған стандарттар бар екенін меңзей алды. Мысал үшін айтсам, кейбір елдердің аумақтық тұтастығы мен халықтардың өзін өзі айқындауға құқығы жиі-жиі әлемдік державалардың манипуляция жасау тақырыбына айналып барады. Қазіргі заманғы халықаралық ахуал анағұрлым салмақты көзқарас танытуды және біртұтас мөлдір стандарттар жасау­ды талап етіп отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев ұста­ны­мының салмағы оның бейбітшілік пен түсіністік салтанат құрған мем­лекет жасай алуы себепті айтар­лықтай арта түседі. Ал бұған 130 түрлі ұлттар мен ұлыстар тұра­тын елде қол жеткізу, шын мәнінде, тіпті де оңай емес. Қорыта айтқанда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік тәртіп орнату жөніндегі көкейкесті бастамалары – менің орасан зор мақтанышымның арқауы.

Мақтаныш сезімін оятты

Меруерт Өтекешова,

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.

Менің Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының бұл жолғы 70-ші сессиясына қызығушылығым зор болды. Халықаралық жағдайдың ушыға түскені соншалық, аталған шараға қатысушылар бұл сессияның мерейтойлық екенін де қаперлерінен шы­ғарып алғандай әсер қалдырды. Соның бедерінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзі қазіргі әлемдегі қалыптасқан жағдайды дөп бас­ты, салмақты да саралы ойымен, ұтымды ұсыныстарымен көпті тәнті етті.

Әскери қақтығыстардың шекара асып, ал әлемдік державалардың теке-тіресі қыза түскен шақта ондаған елдер басшыларының Нью-Йоркте басқосуы көңілге медеу болды. Өзім ана болғандықтан, әлемдегі миллиондаған аналардай балаларымыз бен немерелеріміз үшін алаңдаймын да. Қазіргі ушыққан, қалыптасқан жағдайдан шығудың жолдары мен болашақ әлемдік құрылыстың қалай қалыптасатыны туралы Мемлекет басшысы нендей ұсыныстар айтар екен, деп күткенім де сондықтан. Барлығы мен күткендегідей болып шықты.

Халықаралық ұйымдар мен әлемдік державалар басшылары құлақ асатын Нұрсұлтан Әбішұлының саяси салмағы тағы анық көрінді. Әлемде кезекті экономикалық дағдарыстармен қатар, әскери және діни қақтығыстардың орын алып жатқан кезеңінде Президент жаңа саяси бастамалар көтерді. БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасырда адамзаттың ең басты міндеті әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыру болуға тиіс дегенді баса айтты.

Әрине, бұл үшін БҰҰ-ның 100 жылдығына Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045 жылға дейінгі жоспарын әзірлеуді ұсынды. Онда барлық ұлттардың әлемдік инфрақұрылымға, ресурстар мен нарықтарға қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, адамзаттың дамуы үшін жаппай жауапкершілігі көрініс табуы тиіс.

Қазақстан Президентінің пікірінше, лаңкестік, мемлекеттердің қирауы және көші-қон мәселесі экономикалық дағдарыстың, кедейшілік пен жұмыс­сыздықтың салдары болып табылады. Әлемде алдыңғы қатарлы елдердің бірі ретінде ядролық қарудан бас тартқан әлемдегі тұңғыш елдің азаматшасы ретінде мені Нұрсұлтан Әбішұлының БҰҰ ядролық қарудан азат, бейбітшілікке жету жөніндегі жалпыға ортақ қарарын қабылдау бастамасы ерекше қуанышқа бөледі. Мемлекет басшысы батыстық әлем елдері көшбасшыларының мысына қарамастан, «санкцияны өз бетінше қабылдауды доғарып, БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтық нормаларына енгізілуі тиістігі» тұрғысында өте батыл ұсыныс жасады.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сес­сия­сы көптеген халықаралық проблема­лар­дың түйіндерін тарқатуға септесе­тіні күмәнсіз. Соның біразы өз шеші­мін тапты да. Менің ойымша, Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен құрыл­ған Қазақстан халқы Ассамблеясы БҰҰ сияқты халықаралық ұйымға толерант­тылық жөнінен үлгі де бола алар еді. Өйткені, оның құрамында бір елдің халқы ретінде бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп отырған 130-дан астам этнос өкілдері бар екендігін де ұмытпағанымыз жөн.

Бүкіл әлем тыңдаған тіл

Гүлжанат ЕРҒАЗИНА,

заңгер, Ақтөбе облыстық

кәсіпкерлер палатасының

жанындағы өңірлік әйелдер кеңесі төрағасының орынбасары.

Мен Қазақстан Пре­зиденті Нұр­сұлтан Назар­баев­тың БҰҰ Бас Ассам­блеясының мерей­тойлық 70-ші сес­сия­сының биік мінбе­рінен сөйлеген сөзі­нен алған әсерден әлі арыла алар емеспін. Ел­басы Нью-Йорк­­тегі сөзінде еліміз­дің жаһандық саяси және экономикалық мә­селелердегі болашақ даму барысын қалай болжайтынын ортаға салды.

Бұл арада Мемлекет басшысы Бас ұйымдағы биік мінберден әлемде алғаш рет біздің ана тілімізде сөз сөйлеуі қазақ десе намысы оянатын баршаның мәртебесін бір көтеріп тастады. Бұл, шын мәнінде, Қазақстанның әлемдік кеңістікке табысты интеграцияланып келе жатқанының жарқын бір көрінісі болды десем, қателеспейтін шығармын. Өйткені, бүгінде Отанымыздың айтқанына көпшілік құлақ асып, оның пікірімен санасатынына айқын көз жеткізе бастадық. Қазіргі таңда халықаралық қоғамдастыққа біз Қазақстанның айтарлықтай салмаққа ие ел екенін, жаһандық мәселелерді шешуде тек Азия субконтинентінде ғана емес, сондай-ақ, бүкіл дүниежүзінде белсенді рөл атқаратынын дәлелдеп үлгердік.

Қазақстан – бүгінде басында әлемдік деңгейдегі Көшбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұрған әлемдегі аса танымал мемлекеттердің бірі. Бұлай деп тек қазақстандықтар ғана емес, басқа да елдің азаматтары есептейді. Маған жұмыс бабымен шетелдерде көп болуға тура келеді. Дәл қазір есіме өзімнің шетелге алғаш шығуым түсіп отыр. Бұл 2008 жыл болатын. Сол жылы Египет Араб Республикасына жолым түсті. Мұнда көптеген елдерден делегациялар келді. Біз қайдан келгенімізді айтқан кезде, күтіп алушы тарап: «О, Қазақстан – бұл ұлы ел, ұлы халық және ұлы Президент. Сіздерді ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын кең-байтақ, шетсіз, шексіз дала, табиғаты тамылжыған өңірлер мен жерасты байлықтары қоршап жатыр. Сіздердің данагөй Президенттеріңіз бар, мұны халықтың үлкен байлығы деуге болады», – деді ағынан жарыла. Сол сәтте менің тұла бойымды өзімнің еліме, өзімнің туған Отаныма деген мақтаныш сезімі кернеді.

Біліктілік пен білімділікті ұштастырғанда ұтамыз

Жәмила ОТАРБАЕВА,

Қазақстанның менеджмент

және экономикалық болжау нститутының қызметкері,

саяси ғылымдар кандидаты.

Өзімнің тұ­рақ­ты даму мәсе­лелері жө­нін­дегі ха­лықаралық эко­логиялық жоба­лар­дағы кәсіби тәжі­рибеме сүйене айтар болсам, Президент Нұрсұлтан На­зар­баевтың БҰҰ Бас Ас­­самблеясының жо­­ғары мінберінен сөйлеген сөзінде Астанадан Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдауымен «жасыл» технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық ашу ұсынысы ерекше болды. Мен бұл міндет өте маңызды деп санаймын.

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу қарсаңында «Болашақтың энергиясы» тақырыбына ерекше зейін қойылып, аталған халықаралық шараның өткізілуі нендей ұтымды шешімдер әкеледі деген сұрақтарға жауап беруі тиіс. Көрменің институттық нәтижелерінің бірі Халықаралық орталық болуы керек. Оның үстіне, Қазақстанда осы мәселе жөнінде зияткерлік жүктің қордаланып қалғандығын атап айтпақпын. Халықаралық қоғамдастық алдында осы идея айтылып қойған соң, тек қалғаны шетелдік кәсіби де білікті мамандардың қолдауын пайдалана отырып, отандық сарапшылардың білімін іс жүзінде жүзеге асыру болып табылады. Сондықтан да «жасыл» технологияның жай сөз емес, күнделікті өміріміздегі дағдыға айналатынына сенімім кәміл.

АЛМАТЫ.

Тың тақырып, соны сөз

Сергей УДАРЦЕВ,

заң ғылымдарының докторы, профессор, «ҚазМЗУ» АҚ

Құқықтық саясат және конституциялық заңнама ғылыми-зерттеу институтының директоры.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ас­самблеясы сессиясындағы сөй­леген сөзі мемлекеттерді дүние­жүзілік саясатқа жаңа сапада қа­тысуға, әлемді бейбітшілікке негіз­делген жаңаша сипатта құру­ға үндеді.

Бүгінде Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан, әлемге экономикалық дамуымен және саяси тұрақтылығымен таныл­ған, энергетикалық ресурсы мол, ғарышты меңгеруде белсенді жұмыс­тар жүргізіп келе жатқан, аймақтық көшбас­шы­лыққа ие, заман талабына лайық елордасы сән түзеген іргелі елге айналды. Елбасының бастамасымен елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі тұрақты түрде өткізіліп келеді. Енді, міне, бірер жылда Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі ашылмақ.

Мемлекетімізде «Қазақстан-2050» Страте­гиясы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Қазақ­стандағы қалыптасқан тұрақтылық, ұдайы даму қазақ халқымен бірге түрлі ұлт өкіл­дерінің тату-тәтті, ынтымақты жағдайда өмір сүріп жатқанының жарқын көрінісі екені даусыз. Ел бірлігін сақтаудағы мол тәжі­рибеміз бізді алға жетелей бермек. Осындай бірлігі жарасқан еліміз 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өтуге ниет білдіруде. Міне, біз жоғарыда тоқталып өткен жетістіктеріміз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Нью-Йоркте, яғни БҰҰ мінберінде тұрып, жаһандық түйткілдерді шешуге қатысты кең ауқымды ұсыныстарын батыл түрде жеткізуге мүмкіндік берді.

Бүгінгідей жаһандану кезеңіндегі адамзат өміріне экономикалық, саяси және әскери, мәдени, ақпараттық және басқа да са­ла­ларға қатысты халықаралық ұйымдар бел­сене араласып отыр. Жаһандану адамзат қоғамының барлық саласына дендеп барады. Елбасы осындай кезеңде бірегей планетамызда адамзат өзін қауіпсіз сезінуі үшін нақты қадамдар жасалуы қажет екенін алға тартты.

Осы арада неміс философы И.Канттың бір ойын мысалға келтіре кетейік. Ол: «Жаһан халқы ортақ бір қауым­дас­тық құрмаса, онда адамзат соғыс ашудан тыйылмайды, мұ­ның соңы адамдардың қыры­луына алып келеді», деген-ді. Кезінде Канттың бұл тұжыры­мы утопия, орындалмас қиял болып көрінген-ді. Бірақ, уақыт өте келе философтың айтқа­ны расқа шықты. Оған дәлел ретінде әлемдік саясатта салмағы бар, бейбітшілік орнатуда үлкен істер тындырған Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанын, барлық мемлекеттердің соның маңына топтасқанын айтуға болады.

Қазақстан Президентінің БҰҰ Бас Ассам­блеясының мінберінде айтқан ұсыны­сы БҰҰ-ның жұмысын жаңа сипатта ұйым­дас­тыруға шақырып қана қоймай, бейбітшілікті ғана қалайтын әлем халқының үмітін оятып, болашаққа деген сенімін нығайтуға әсер етті.

Әлем жұртшылығы ғылым мен техни­каның жетістіктеріне де қол жеткізді. Ға­рышты игеруде, күн көзінен энергия алуда да жаңалықтарымыз баршылық. Ақпарат алмасуда да көптеген артықшылықтарға ие болып отырмыз. Экономикалық даму басты назарға алынып, нарықтар бірігуде. Дағдарыстарды игеруге қатысты нақты қадамдар жасалуда. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономиканы сауықтыруда, бейбітшілікті орнықтыруда, адамзаттың басқа да түйткілді мәселелерін шешуде Біріккен Ұлттар Ұйымының белсенділігін, құзыретін арттыруды, жаңаша сипатта жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жөн санайды.

Президенттің экономикалық дағ­дарыс­тарға, халықаралық валюта жүйе­сіне қатысты айтқандарына да келіс­песке болмайды. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Жаһандық дағда­рыс­пен күресті қазіргі кезде заңдылық, демокра­тиялылық, бәсекелестік, тиімділік және халықаралық бақылау ұстанымдарына сай келмей отырған эмиссия мен әлемнің резервтік валюталары айналымын реттеуден бастау қажет.

ХХI ғасырда әлемге сапалық тұрғыдан жаңа қаржы құралдары керек.

Жаһандық орнықты даму мен өсіп-өркендеудің мақсаттары мен міндеттеріне сай келетін ұлт үстілік әлемдік валюта әзір­леу бағытындағы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдердің күш-жігерін біріктіру қажет», деген сөзі көңілге қонымды болды.

БҰҰ мінберінде Президент халықаралық құқықтардың сақталуына қатысты да ой айтты. «Халықаралық құқықтың қадірінің азаюы мен жаһандық институттар рөлінің әлсіреуі қауіпті сын-қатер болып отыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Жар­ғысы дүниежүзілік соғыстар мен әскери қақты­ғыстардың миллиондаған құрбан­дарының қанымен жазылғанын ұмытпау маңызды.

Оның баптарының, әсіресе, мемле­кет­тердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету жөніндегі баптарының қандай да бір бұзылуы адамзатты өткеннің қасіретті қателігін қайталауға ұрындырады.

Санкцияларды Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына қайшы келетін әрекет ретінде бағалап, олардың өз бетімен қолданылуын болдырмау қажет. Миллиондаған адамдардың игілігіне әсер ететін халықаралық санкциялар қолдану құқығы Қауіпсіздік Кеңесінің ерекше құзырында болуға тиіс деп сенемін. Бұл қағидаттарды сақтамау қазіргі әлемдік тәртіптің негіздерін ыдыратады, «қырғи-қабақ соғыстың» сарқыншағына айналады», деді Елбасы.

Қалай дегенде де, Қазақстан Прези­дентінің Нью-Йорктегі сөйлеген сөзі әлем жұртшылығына ой салды. Жаһан қауіпсіздігі үшін, мемлекеттер өзара қатынастарын реттеуде қаруға жүгінбей, салиқалы саясат жүргізуге бой алдыру қажеттігі, басты мақсат – әлемді тұрақтандыруда БҰҰ-ның мақсат-міндетін тағы бір пысықтау керектігін айтқан Елбасының орнықты ұсыныс-пікірлері әлі талай талқылауларға арқау болады деп ойлаймын. Өйткені, әлем халқы осындай ұсыныстар күткендей еді.

Сен қазақша сөйледің…

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа

Сен қазақша сөйледің, ер Нұрекем,

Тәуекелге байлап бір белді бекем.

Қазақ бірге шалқиды сен шалқысаң,

Қазақ бірге жүдейді сен жүдесең!

 

Сен қазақша сөйледің, алтын Ағам,

Ақ маңдайың күн ұқсап жарқыраған.

Бересіңді әлемнен алам дедің,

Бермесіңді ақылмен тартып алам.

 

Сен қазақша сөйледің шын көсіліп,

Сайрап кетті өзіңмен бірге осы жұрт.

Ана тілдің жетпесек қадіріне,

Қазақ болып қайтеміз күн кешіріп!

 

Тайпалдың-ау топ жарып, Тарланбозым,

Жалпағынан басып бір жалғанды өзің!

Аршып бердің әлемнің алдында сен,

Ана тілдің құм басып қалған көзін!

 

Домбыраңның құлағын еппен бұрап,

Сыңғырындай сөйледің сексен бұлақ.

Бір елеңдеп шынымен қалды-ау талай,

Өзге тілге үйреніп кеткен құлақ!

 

Жан Нұрекем, жүрегі от, көзі нұрлы,

Дүниеге естірттің өз үніңді.

Қазақ Елін Жер шары нақ таныды,

Қазақ Елін бес құрлық тез ұғынды.

 

Уақыт, бірде сараң бірде шүлен,

Адастырды бабамның жүлгесінен.

Қазақ тілі алды орнын сен арқылы,

Дүниенің ең биік мінбесінен!

 

Алсын халық бұл күнді жылда есіне,

Тіксін тұлпар бәйгенің жүлдесіне!

Қазақ тілін шегелеп кеттің мәңгі,

Дүниенің ең үстем мінбесіне!

 

Өсектердің өшті үні жел құсаған,

Дендеп келген айықтық шер-құсадан!

Бір назы да осы еді айтып жүрген,

Өкпесі жоқ қазақтың енді саған!

Ауыт МҰҚИБЕК.

Кесек те кемел ой-пайым

Нұрлан Оразалин,

Парламент Сенатының депутаты.

Нью-Йоркте өткен Бірік­кен Ұлттар Ұйымы Бас Ассам­блея­сының 70-ші сессиясы Жер бетіндегі ең үлкен де ау­қымды жиналыс болды. Тәуел­сіздік дейтін киелі де қасиет­ті ұғымның қаншалықты бізге қадірі болса, ғаламдық проблемаларды көтерген көшбасшымыздың ұсыныстары да бізге жақын.

Осыдан 20 немесе 25 жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ мінбері секілді үлкен мінберден бүкіл ғаламдық проблеманы көтереді деп біз ойладық па. Ойламаған едік. Мемлекет басшысының әлемдік қоғамдастықты бей-жай қалдырмаған ұтымды ұсыныстары планетамыздың түкпір-түкпіріне жететіндей, жетесін жеткізетіндей киелі сөз ретінде айтылды. Онда жаһандық проблемаларды шешудің әр алуан жолдары алға тартылды. Соның ішінде Ұйымның қолдау көрсетуімен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құру ұсынысы да бар.

Елбасы Біріккен Ұлттар Ұйымының лаңкестікпен күрес жөніндегі мәселенің бәрін қамтитын құжатын әзірлеп, қабылдау қажеттігін ұсынуы өте орынды. Өйткені, бұл қазір адамзаттың санасын улап бара жатқан бірден-бір үлкен мәселе. Лаңкестік қалай қиын болатын болса, оған санкция беруді де тек белгілі бір державалар ғана атқармауы тиіс деп санаймын. Осы тұрғыдан келгенде, оны Біріккен Ұлттар Ұйымының санкциясымен жүзеге асыру керек дегеннің айтылуы өте салмақты да беделді сөз болды.

Ал Елбасының аузымен айтылған Батыс пен Шығыстың, жалпы төрткүл дүниенің арақатынасын сақтау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Азияға көшіру жөніндегі ұсынысы, әрине, көптеген елдерге ұнай қоймасы анық. Алайда, Женевада жұмыс істеуден қалған Ұлттар Лигасының орнына құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтері осыдан көп жыл бұрын Нью-Йоркке көшірілгені сияқты Орталық Азияға келетіндей, мүмкін Азия елдерінің қазіргі бүкіләлемдік кеңістіктегі өзінің ықпалын анықтай түсетін және тепе-теңдікті сақтайтындай жағдай тудыруы мүмкін деген ойы дұрыс әрі орынды жеткізілді. Әлемдік қоғамдастықтың көкейінде жүрген осындай бес ұсыныстың бесеуі де Президенттің аузымен айтылуы қазіргі халықаралық жағдайдың қолдауға мұқтаждығынан, қажеттілігінен және ел мен әлемдегі тыныштықты сақтаудан туындап отыр. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен жасаған ұсыныстары жалпы Жер бетіндегі тыныштықты, планетаның амандығын сақтау үшін айтылған кесек те кемел ұсыныстар болып табылады.

 "Қамшы" сілтейді

Дереккөз: "Егемен Қазақстан" газеті

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар