Дүкен Мәсімханұлы. "Қағазстан" халқына үндеу

/uploads/thumbnail/20170708151158193_small.jpg

Қадірлі, қағазстандықтар! Сіздер өз ұрпақтарыңызды мектепке, ЖОО-на сапалы білім алсын деп беретін шығарсыздар? Өкінерлігі, сіздердің балаларыңызға білім беретін ұстаздар қауымы қарша бораған қалың қағаздың астына көміліп қалды. Оларды басып қалған қағаз барған сайын қалыңдай түсуде. Ұстаздарды құтқарайық! Ұстаздар арқылы жас ұрпақты құтқарайық! Ардақты ағайын! Қазір бастауыш, орта мектептерде болсын, ЖОО-да болсын, мүғалімдердің уақыты мен қажыр-қайратының бәрі түкке керегі жоқ қағаз жазуға кетіп жатыр. Мәселен, университетте бір мұғалім екі-үш пәннен сабақ беретін болса, әр пән үшін 50-60 беттен тұратын УМКД (пәннің оқу-әдістемелік кешені) дайындайды. Оның ішінде өтетін сабағыңның, оқитын дәрісіңнің толық мәтіні, апталық, айлық, сағаттық жоспары, аралық бақылау сұрақтары, емтихан сұрақтары, көрнекі материалдар, электронды құралдар, сайтанның сапалағы... секілді итбай-шортбайдың бәрі болу керек. Бұдан тыс, әр мұғалімде қоғамдық міндеттер (тәрбие жұмысына жауапты, ғылыми жұмысқа жауапты, практикаға жауапты, СМК-ға жауапты, кәсіптік бағдарға жауапты, жұмысқа орналастыруға жауапты...т.с.с) болады, олардың өзіне атан түйеге жүк болатын папкалар дайындалады... Екі күннің бірінде аттандап тексеру, әр түрлі комиссия, аттестация... келеді. Олар оқу сапасын тексерсе не арманың бар?! Жаңағы қалың қағазды тексереді. Сонымен, қазір Қазақстанда мұғалім байқұстар жас ұрпаққа сапалы білім берумен емес, тек ертең қоқсыққа тасталатын қағаз толтырумен айналысуда... Елбасының өзі биік мінбеден ресми жиналыста "қағазбастылықты доғару" туралы бірнеше рет тапсырма берді. Оған пысқырған адам көрінбейді. Керісінше үдеп барады. Ал мен мына мақаланы жазған авторға да, оны жариялаған "ЕҚ" газетініе де ризашылығымды айта отырып, жас ұрпаққа жаны ашитын барлық азаматты ұстаздарды қағазбастылықтан құтқаруға шақырамын. Ұстаздар Сіздердің балаларыңызға, еліміздің ертеңгі егелеріне білім берумен айналыссын!

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар