ҮЕҰ мемлекеттік қызметке қаншалықты дайын?

/uploads/thumbnail/20170708200743952_small.jpg

Ұлт жоспарының 97 қадамында «Өзін-өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы азамат­тардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту.

Мемлекетке тән емес қызмет­тер­ді бәсекеге қабілетті ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беру керек» делінген.

Бүгінде бірқатар дамыған мемлекеттер тұрғындар арасындағы тұрмыстық проб­лемаларды шешуді белсенді азаматтық қоғам институттарына тапсырып үлгерді. Десек те, үкіметтік емес ұйымдар тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетуге қанша­лық­ты дайын? Яки бүгінде мемлекеттік органдар атқарып отырған қызмет түрлерін ҮЕҰ қаншалықты сапалы атқара алады? Осы бағыттағы бірқатар сұрақтар «Мемлекет басшысының мемлекеттік органдардың әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты өкілеттігін азаматтық қоғам институттарына беру туралы баста­масын талқылау бойынша» қоғамдық тыңдауда талқыға салынды. «Азаматтық альянсы» бастамасымен ұйымдастырылған шараға үкіметтік емес ұйымдар, мемле­кет­тік органдардың өкілі мен қала тұрғындары қатысты. Сарапшылар мемлекеттік ор­ган­дардың қызметін атқаруға толықтай дайын үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қызметтер тізімінің кейбіреуін тапсыру керектігін алға тартты.
Елбасы «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде «Баршаға бірдей заманауи мемле­кет: бес институттық реформа» атты баяндамасында «бесіншіден, қоғамда өзін-өзі реттеуді кеңінен енгізуді қамтамасыз ету қажет. Азаматтық қоғам институттарының дайындығын есепке ала отырып, әлеуметтік маңызды қызмет түрлерін атқару өкілетті­гін біртіндеп тапсыру арқылы мемлекеттік органдардың жауапкершілігін азайту аса маңызды» деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда Сыртқы істер министрлігі әлеу­меттік маңызды мемлекеттік қызметтерді үкіметтік емес секторларға тапсырған Ұлы­британия, АҚШ, Венгрия; Сингапур; Канада, Жапония, Швеция, Латвия сынды ел­дердің халықаралық тәжірибесіне сараптама жүргізген болатын. Халықаралық тә­жі­рибе нәтижесі тұтастай алғанда, мемлекеттік органдардың жекелеген қызметтері мен функцияларын көрсететін азаматтық қоғам институты қызметтерін күшейту керектігін және оларды қаржыландыру мемлекет қаражаты есебінен жүзеге асыры­латынын көрсетті. Азаматтық қоғам институттарының қызметі, олардың мемлекет­-
тік құрылымдармен өзара бірлесуі арқылы азаматтардың әлеуметтік және мәдени дамуына бағытталуы керек. 
Мариана ГУРИНА, «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының президенті:
– Кез келген қоғамдық мәселенің мәнін түсіндіріп, шешімін табамын деп шап­қы­лап жүрген қоғамдық қор белсенділері расында көмек сұрап келген әр тұрғынға аса жауап­кершілікпен қарайды. Белгілі бір мәселені шешуде соңына дейін жүгіреді. 
Азаматтық сектор мемлекеттік органдарға жүктелген міндетті өз мойнына алуға то­лықтай дайын екеніне сенімдімін. Әзірге ҮЕҰ-ға берілетін кішігірім шаруалардың тізімі жасалып жатыр екен. Дұрыс. Алдымен, сондай жұмыстарды-ақ тапсырсын. Ха­лыққа рас жаны ашитын азаматтық қоғам тұрғындардың тұрмыстық проблемаларын қолға алғанда жүйе өзгереді, билікке сенім артады. 
Елена КИМ, «ҚР Қызыл жарты ай қоғамы» қоғамдық бірлестігінің бас директоры:
– 2000 жылдан бері жұмыс істеп жатқан біздің ұйымның тәжірибесінде МЕҰ қан­шалықты мемлекеттік органдардың қызметін атқара алатынын айта аламын. Бүгінде бірлестіктің әртүрлі халықаралық және отандық серіктестері баршылық. Алдыңғы қатарлы МЕҰ-мен бірлесе жұмыс істеу арқылы біршама тәжірибе жинақтай алдық. Елбасы кез келген азаматтық қоғамға жауапкершілік жүктемес бұрын сол ұйымның дайындығын есепке алу керектігін алға тартты. Бірлестіктің кез келген бағытта ұтым­-ды қызмет атқаруы үшін қажет жоспары, бағдарламасы, реттелген жүйесі бар. Бұл мақсатта біздің ұйым толығымен дайын. Ал үкіметтік емес ұйымдардың адами және материалдық ресурсы қаншалықты дайын? Бұл бөлек әңгіме. 
Наталья ТУКАЛЕВСКАЯ, Қант диабетімен күресуді насихаттау қоры:
– Мемлекеттік органдардың қызметін атқаруға кейбір үкіметтік емес ұйымдар дайын, кейбіреуі дайын емес. Екі жақта да сауатты, білімді, белсенді азаматтар бар және сауатсыз, тек «қаражатты қалай жымқырсам болады екен» деп оңтайлы тұсты түгендеп жүрген санасыздар да жеткілікті. Сол себепті де ҮЕҰ-ның ішінен қызметке жарам­дысын сараптап алу аса маңызды. Ұйымдық беделінен бұрын сапасы мен дайындығы есепке алынуы керек. 23 жыл қоғамдық секторда қызмет етіп жүрген өкіл ретінде өте сауат­ты жобалардың қоғамдық ұйымдардың сапасыз қызметінің кесірінен сәтсіз аяқ­талып жатқанына талай куә болдық. 
Бұдан бөлек, қандай да білім беріп, білмегенімізді үйретіп, тәжірибе бөлісуде тек халықаралық қорлар, яки донорлар көмектеседі деген пікірден аулақ болуымыз қа­жет. Қанша жылдан бері мемлекеттік мекемелермен бірлесе жұмыс істеп келеміз. Мұнда да сауатты мамандар баршылық. Тіпті кейбір мемлекеттік мекемелер бізге идея айтып, ұсыныс жасап жатады. Мәселен, Алматыдағы «Қант диабеті» денсаулық мектебі – халықаралық стандартқа және еліміздегі бекітілген методикаға толық сәйкес келетін жалғыз мектеп. Рас, бастапқыда аяққа тұруы үшін халықаралық жүйеден білмегенін үйреніп, түсінбегенін сұрау керек болған да шығар. Бірақ сол мектептің халықаралық дәрежеге жетуінде Денсаулық сақтау министрлігінің еңбегін атап өтпеуге болмайды. Сол екі жақты бөліп қарастырмай, бірлесуін қолға алу керекпіз. Қандай қызметті мем­ле­кеттік орган атқара алатынын, ал қай жұмысты үкіметтік емес ұйымдарға тапсыру керектігін түсінуіміз қажет. 

"Қамшы "сілтейді

Дереккөз: "Айқын-ақпарат"

Қатысты Мақалалар