Ресми билік тарапынан елдегі кезекті Парламент сайлауы туралы нақты мәлімдемемелер болмағанымен, саясаттанушылар мен былайғы жұртшылық кезектен тыс сайлаудың өтуін жоққа шығармайды. Парламент болғанда да бұл жерде төменгі палата – Мәжіліс сайлауы туралы айтып отырмыз. Жанама тәсілмен өтетін жоғары палата Сенат депутаттарының сайлауы үстіміздегі жылдың қазан айында өтіп кеткені белгілі, әйтпесе.
Негізі Мәжіліс депутаттарының өкілеттілік мерзімі – 5 жыл. Өткен Парламент сайлауы 2012 жылы қаңтар айында өтті. Ол да кезектен тыс сайлау болатын. Сол мерзімнен бастап есептесек, алдағы жылы төменгі палатаның өкілеттілігі аяқталады. Демек, келер жылы Мәжіліске сайлау өтетіні даусыз мәселе. Тек, оның нақты қай айда өтетіні көптің талқысына түсіп отыр.
Болжамдардың көбі сайлаудың мерзімінен бұрын өтуін саясат сахнасындағы соңғы айларда орын алған өзгерістермен байланыстырады. Атап айтқанда, бас партия «Нұр Отан» жетекшісінің орынбасарлығына тәжірибелі саясаткер Асқар Мырзахметовтың тағайындалуы, «Әділет» пен «Руханият», «Ауыл» мен «Патриоттар» партияларының бірігуі, жетекшілерінің ауысуы, Президенттің 5 институционалдық реформалар бағдарламасында саяси реформалар туралы тағы да қайталануы шынында да қагдай да бір өзгерістің болатынын сездіргендей. Оның үстіне, біздегі сайлаулардың мерзімі ешқашан бірізді болған емес, дәл мерзімінде өткен сайлаулар да некен-саяқ. Қазақстандық саясатта сайлау өткізу мен жоспарлау кезінде қатаң конституциялық мерзімдерден гөрі, елдегі және әлемдегі экономикалық ахуалға, ел аумағында жоспарланған і-шараларға сүйену белең алып отыр. Мұны оппазициялық күштердің сайлауға лайықты деңгейде дайындалуына кедергі келтіру деп бағалайтындар да табылады. Осыларды ескере отырып, кезекті Мәжіліс сайлауы да кезектен тыс өтуі ғажап емес деуге әбден негіз бар. Сарапшылардың көпшілігі Парламент сайлауын 2016 жылдың бірінші жартысында, тіпті жыл басында өтуі мүмкін дегенді айтады.
Әрине, біздегі сайлаулардың барлығы Сталиннің «Сайлау маңызды емес, санау маңызды» деген қанатты сөзіндегідей қағидамен өтетіні де жасырын емес. Дей тұрғанмен, қай сайлаудың болмасын алдындағы саяси үрдістер, саяси партиялар мен саясаткерлердің ұстаным қағидалары, саяси тұжырымдарын жоққа шығаруға болмайды. Әр партия сайлау алдында көптің көңілінен шығу үшін әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, саяси сұраныстармен санасуға тырысатыны сөзсіз.
Қазіргі уақытта елді бұрынғыдай экономикалық реформалармен алдарқату, әлеуметтік кепілдемелерді үйіп-төгу ескірген әдіс. Жыл сайын электораттың да деңгейі ақ пен қараны ажыратуға жарап қалды. Ендігі сайлаулардағы саясаткерлердің ту етіп ұстар тұжырымдары қандай болмақ?
Ең алдымен бұған дейін оппозициялық күштер талап етіп келген саяси реформаларға қарай біршама қадам жасалуы мүмкін. Елбасының «5 институционалды реформа» бағдарламасында да жариялылық қағидаларына сай келетін, президенттік басқарудан парламенттік-президенттік жүйеге көшу жайы сөз болғаны біраз саясаткерлердің бұл бағытта «жалтақтамай» көсілуіне мүмкіндік беретіні анық.
Одан кейінгі орында – көптен бері қордаланып қалған ұлттық мәселелер. Мемлекеттік тіл мен көші-қон мәселесін де саясат сахнасындағы біраз ойыншылар «көзір» етіп ұстауы мүмкін. «Ақжол» сынды өзін парламенттегі оппозициялық күш санайтын партияның көші-қон мәселелерін талқылаған Мәжіліс отырыстарында біршама белсенділік танытуын «саяси нарыққа барлау жасау» деп түсінуге болатын сияқты. Сол себепті де, алдағы уақытта өздерін ұлтшыл-патриоттар мен ұлтшыл-демократтар атайтын қозғалыстар мен қоғам қайраткерлерінің бүгінгі таңда сайлауға түсетіндей қауқарының болмауын ескерсек (мәжіліс сайлауы тек партиялық тізім және Ассамблея ұсынуы арқылы өтеді), ұлтшылдардың осы күнге дейінгі қозғап жүрген ұсыныстары мен саяси ұстанымдарын дап-дайын күйінде кей партиялар қолды етіп кетсе таң қалып жүрмеңіз.
Дархан Мұқанов
«Қамшы» сілтейді