Жекешелендірудің екінші толқыны басталды. Бұл мемлекет есебінен құлқын тойғызудың тағы бір жолы емес пе?

/uploads/thumbnail/20170708200800024_small.jpg

Мемлекеттік деңгейде тағы бір жаппай жекешелендіру өтетіні туралы Президент осы жылдың сәуір айында отандық кәсіпкерлермен кездесуінде жария етті. Іле-шала мемлекеттік органдар бұл жоспарды жүзеге асырудың тетіктерін қарастыруға кірісті. Көп ұзамай Үкімет пен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры сатылымға шығарылатын нысандардың тізімін де жасап шықты.

Сатылғалы отырған 278 нысанның ішінде не жоқ дейсіз?! Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Республика Сарайынан бастап «Тұрғын үй жинақ банкі», «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-і, Қаржы министрлігінің қаржы академиясы, ІІМ-ге қарасты үш бірдей шипажай, «Самұрық-Қазынаның» құрамына кіретін «Қазмұнайгаз», «KEGOK» сынды алып компаниялардың ірілі-ұсақты кәсіпорындары, жергілікті әкімдіктерге қарасты әлеуметтік-мәдени нысандар 2016 жылдың соңына дейін жекеменшікке өтіп бітуі тиіс.

Экономист мамандардың көпшілігі бұл бастамадан бюджетке, не болмаса халықтың әл-ауқатын жақсартуға қандай да бір пайда болатынына күмәнмен қарайды. Атап айтқанда, белгілі экономист Қанат Берентаев бұл науқанды мемлекет қоржынындағы қалған-құтқан меншікті талан-таражға салу деп санайды.

  • Жекешелендіруге болатын дүниелердің біразы 90-жылдарда-ақ жекешеленіп кеткен. Сол кезде балабақшалардан бастап әуежайлар мен вокзал ғимараттарына дейін сатылып кетті. Олардың көбін өткен жылдары мемлекет қаражатына қайта сатып алдық. Бұл жолғы жекешелендіру тіпті түсініксіз. Сатылатын нысандар тізіміне бірнеше жоғары оқу орны мен Азаматтық авиация академиясы енген екен, - деп атап өткен экономист өзінің «Эврика» басылымына берген сұхбатында.

Экономист айтса айтқандай, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сатылған алып зауыттар мен фабрикалардың, кен орындарының жанында бұл жолы сатылымға шығарылып отырған «тауарлар» бір қарағанда көз қызықтырар майшелпек болып көрінбеуі де мүмкін.  Бірақ, алдыңғы жекешелендіруде сатылған кәсіпорындар кен қорының кемуі, экспорттаушы шикізат бағасының құлдырауы сынды факторлардан қысқару, кей жерлерде тұралауға ұшырап жатқанын ескерсек, көбіне қызмет көрсету, әлеуметтік салаға тиесілі бұл кәсіпорындар мемлекет есебінен оңай баюды көздейтін әлдебір топтардың «екінші тынысын» ашуға көп көмек болатын сияқты. Бұлай деуімізге бірнеше жыл бұрын жарияланған «Халықтық IPO» бағдарламасының билік қанша жарнамаласа да жаппай халықтық сипат иелене алмай жолда қалуы да бір себеп болып отыр.

Жекешелендірілетін нысандардың ішінде шипажай, оқу орындары, балабақшалар мен балалар лагерьлері сынды әлеуметтік маңызды нысандар мен жер-жерлердегі коммуналдық қызмет көрсетумен, жарық пен жылу тарататын кәсіпорындардың болуы халықты тағы алаңдатып отыр. Мемлекет меншігінде болып, бюджеттен қаржыландырылып отырса да әлгі кәсіпорындар ұсынатын қызмет тарифтері осы уақытқа дейін бір төмендеген емес.  Жекенің қолына өткенде қалай болады? Мемлекеттік басқару тетіктері арқылы азды-көпті болса да реттеліп келген тарифтер бұдан кейін тіпті шарықтап кетпей ме деген ой кімді болса да мазалары анық.

Бұл мәселе туралы Қанат Берентаев:

  • Коммуналдық қызмет көрсету нысандарын жеке меншікке өткізу – әділетсіздік. Біз өзімізді әлеуметтік мемлекетпіз деп жариялағаннан соң, белгілі бір саладағы мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі болуы керек. Бәсекелестік, пайда табу деген экономикалық қағидалармен өлшенбейтін секторлар болады. Олар: жылумен, сумен, жарықпен қамтамасыз ету коммуналдық қызметтер. Бұлар мемлекет не жергілікті билік меншігінде болып, бюджеттен қаржыландырылуы керек, - дейді.

 Сонымен, мемлекет меншігінде қалған, не болмаса жарғылық қорында мемлекеттің үлесі бар азын-аулақ кәсіпорындарды сатуға өкіметті не итермеледі? Ең басты себеп – қазына қоржынындағы қаржы жетіспеушілік пен мемлекеттік басқару жүйесінің тиімсіздігі. Мұнай мен экспортқа шығарылатын шикізатқа әбден арқа сүйеп алған Үкімет үшін ол өнімдер бағасының құлдырауы үлкен соққы болды. Сөйтіп, шикі өнім сатумен мұрнын балта шаппай отырған билік бір сәтте сандықтағы соңғы алтынын ломбардқа өткізген кедей отбасының кебін киді де қалды. Балама кәсіпорындар, өңдеуші саласы тұралаған елде басқаша болуы мүмкін де емес еді. Кәсіби біліктілік пен әділ бәсекенің исі мұрнына бармайтын мемлекеттік менеджмент үшін экономиканы барынша әртараптандырып, бюджетке кіріс кіргізудің балама жолдарын іздегеннен гөрі қолдағы қалған-құтқан меншікті сату тиімдірек деп осыдан кейін қалай айтпайсыз?!

PS: Жекешелендірудің бұл кезеңін теңгенің құнсыздануымен байланыстыратындар да бар. Олардың пайымдауынша, шетелге шикізат сатумен айналысатын алыптар мемлекет меншігіндегі жоғарыда аталған нысандарды құнсыз теңгеге сатып алып, жағдай оңалғанда мемлекетке қайтадан (арзанға емес, әрине) сата салады екен...

 

Дархан Мұқан

Қатысты Мақалалар