Жастар – келешектің қожасы, сондықтан, жастарға бүгін жасалған қызмет елдің болашағына деген үкілі үміті деу орынды. Елбасы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жастар – біздің болашағымыздың тірегі» деп айрықша атап өткен-ді. Осы ұстаным күні кеше елордада болып өткен «Мәңгілік Ел – болашағы біртұтас ел» тақырыбындағы республикалық патриоттар форумында да айқын көрінді. Ал «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңы да осы бағыттағы жұмыстарға тың серпіліс берді.
Бұл заңнамалық құжаттың мақсаты жастардың толыққанды рухани, мәдени дамуына, білім алып, мемлекет өміріне қатысуына мүмкіндік жасау болып табылады. Жастардың құқықтары мен заңды міндеттерін қорғау, оларды елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне тарту, азаматтыққа тәрбиелеу, сондай-ақ, қазақстандық патриотизм сезімін нығайту деп белгіленген заңда. Аталған заң жастар ұйымдары мен жастар бастамаларын қолдау, дамыту және жастармен мекенжайы бойынша жұмыс жүргізу мақсатында ресурстық орталықтардың, жастар саясатын жетілдіруге бағытталған консультативтік-кеңесші органдардың, білім беру мекемелері мен еңбек ұжымдарындағы жастардың өзін өзі басқару органдарының қызметін қамтамасыз етеді.
Заңның басты ерекшелігі – жастармен жұмыс жасайтын құзыретті органдардың қызметін нақтылап, жастардың білім, ғылым, денсаулық сақтау, еңбек, мәдениет, кәсіпкерлік, спорт, т.б. салаларда өзін өзі дамытуына ықпал етіп, мемлекеттік органдардың жастар ұйымдарымен ынтымақтаса жұмыс істеуін қамтамасыз етуінде. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, облыс тұрғындарының 29 пайызын жастар құрайды. Оның шамамен 145 291-і қала, 88 454-і ауыл жастары.
Жастар саясатын жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру, мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдарының арасында қарым-қатынасты нығайту мақсатында барлық деңгейдегі әкімдіктер жанында жастар саясаты мен патриоттық тәрбие беру жөніндегі кеңестер жұмыс істейді. Кеңестер құрамында жастармен тығыз жұмыс жасайтын мемлекеттік органдар басшылары, жас көшбасшылар, 29 жасқа дейінгі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, ірі кәсіпорын және оқу орны басшылары, БАҚ өкілдері енгізілген. Елбасы тапсырмасымен кеңеске барлық деңгейдегі әкімдер төрағалық етеді.
Жастар саясатын жетілдіру, жұмысты ұйымдастыру мақсатында 2014 жылдың қаңтар айынан бастап облыстың барлық аудандарында және облыс орталығында жастармен жұмыс жөніндегі 13 ресурстық орталықтар құрылып, қазіргі таңда жұмыс жасауда. Өңірдегі жастар саясатын қалыптастыру мақсатында аудан деңгейінде жастармен жұмыс жасайтын нұсқаушылар үшін штаттық бірліктер енгізілген болатын. Қазір 136 нұсқаушы қызмет етуде. Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтардың жанында қызмет жасайтын ақпараттық-кеңес беру орталықтарына өткен жылы 3613 жас өтінішпен жолықты.
Өтініштерді сараптау барысында басым бөлігі негізінен жұмыспен, тұрғын үймен қамту, жастардың демалысын тиімді ұйымдастыру, психологтың, заңгердің көмектері және жас отбасыларды қолдау үшін мемлекеттік бағдарламалар сынды мәселелер екендігі байқалды. Бүгінде облыс бойынша 39 жастар ұйымы тіркелген. 22 ұйым облыс орталығында қызмет етсе, 17 ұйым облыс аудандарында құрылған. Ең белсенді жастар ұйымы ретінде «Атамекен» студенттік жасақтарының жастар қоғамдық бірлестігін (ЖҚБ), «Жас қыран» ЖҚБ-ны, «Ақтөбе дамуы» ЖҚБ-ны атап өтуге болады.
Жастар саясатын қолдаудың бірден-бір тетігі – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеу, еріктілік қозғалысын дамыту, ауыл және жұмысшы жастардың бастамаларын қолдау ыңғайындағы барлығы 35 әлеуметтік-маңызды жоба іске асырылып, оның 22-сі аудандарда жүзеге асты. Жыл сайын облыстағы жастар саясатының жүзеге асырылуына әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, барысында «Жастар және саясат», «Жастар және дін», «Жастар және патриотизм», нашақорлық, құқық бұзушылық және т.б. қазіргі таңдағы өзекті мәселелер қамтылып, облыс жастарының көзқарасы анықталған болатын.
Әлеуметтік зерттеулер нәтижесі көрсеткеніндей, облыс жастары өңірдегі саяси жағдай мен өздерінің өмірлік ұстанымдарын оң бағалайды. Басым бөлігі өздерінің заңды әлеуметтік, азаматтық және саяси құқықтары нық анықталған деп есептейді. Жастардың азаматтық белсенділігі үкіметтік емес жастар ұйымдарының қызметі арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі таңда облыстағы жоғары оқу орындарында, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері мен ірі кәсіпорындарда 44 жастар ісі жөніндегі комитет жұмыс істейді.
Өңірдегі 7 жоғары оқу орнында 22 147 студент білім алуда. Жоғары оқу орындарында білім алушы студенттің 6 580-і мемлекеттік тапсырыс бойынша, ал 15 567-сі ақылы негізде оқиды. 2006 жылдан бастап облыста болашағынан үміт күттіретін талантты жастар өкілдеріне, жас ғалымдарға, студенттерге, мүгедек және аз қамтылған отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында стипендия беру, гранттар бөлу жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы ЖОО және ТжКБМ-нің 297 студентіне облыс әкімінің стипендиясы табыс етілді.
Жастардың бастамаларымен және қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен жоғары оқу орындары мен колледж студенттері қалалық қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүреді. Жоғары оқу орындары жатақханалармен қамтылған. Білім ұйымдарының барлық жатақханаларында студенттер үшін жағдайлар жасалған. Басқарма тарапынан ЖОО бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы бойынша мониторинг жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы Жолдауы аясында «Жасыл ел» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Атамекен» студенттік жасақтарының жастар қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Сол жылдан бастап қоғамдық бірлестік жастардың жазғы маусымдағы демалысын тиімді ұйымдастыруға бағытталған Студенттік құрылыс және «Жасыл ел» көгалдандыру жасақтарының жұмысын ұйымдастырып келеді. Алғашқы жылдары жазғы еңбек маусымында жоғары оқу орындарының студенттері жұмыс жасады, одан кейін қатысушылар саны колледж студенттерімен толықты. Ал 2013 жылдан бастап ауыл және жұмыссыз жастарға көңіл аударыла бастады. Жазғы маусымда оқу орындарының студенттері, ауыл, жұмыссыз жастар және жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері қатарынан жұмыс жасаған 2 585 жастың 588-і жұмыссыз жастар. Еңбек маусымын ұйымдастыруда белсенділік танытқан үздік мекемелер марапатталып, үздік 100 жас Астана қаласына жолдамамен барып қайтты.
«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңға Елбасы тапсырмасымен «Жас маман» мәртебесінің енгізілуінің өзі – Елбасымыздың жастарға деген сенімінің зор екендігін айта кеткен жөн. Ауыл мәртебесін көтеруге бағытталған «Дипломмен – ауылға!» республикалық жобасы аясында 2,5 мыңға жуық жас маман жұмысқа орналасты. Жастардың жұмыспен қамтылуы да бірден-бір өзекті мәселе болуда. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында облыста 8 787 жас және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтардың ықпал етуімен 189 ауыл жасы жұмысқа орналастырылды. Ақтөбе облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының деректері бойынша, облыстағы жастар жұмыссыздығының деңгейі 2,6 пайызды құрайды.
Өткен жылы жастар арасында мәдени, қоғамдық, саяси, танымдық мақсаттағы ұйымдастырылған 800-ден астам іс-шаралармен 110 000 жас қамтылды. Оның ішінде, «Көмек қолын соз» еріктілер акциясын, Ұлттық Дельфий ойындарын, жас кәсіпкерлердің I республикалық бизнес-форумын, жас ғалымдар мен мамандардың «Жас ғалым» байқауын, оқу орындарының жастар ісі жөніндегі комитеттерінің республикалық слетін, «Ұлттық құндылығымыз – басты тірегіміз» және «Жастар – жарқын болашақ жолында» атты облыстық жастар форумдарын атап өтуге болады.
Дереккөз: Егемен Қазақстан