Қазаққа Қанат керек пе?

/uploads/thumbnail/20170708200804824_small.jpg

Гена! GGG!
Есімі әлемге әйгілі, әрі бренд болып кеткен отандасымыз Геннадий Головкин кеше ғана тағы да елін марқайтып тастады. Әлеуметтік желілерде ол жайында: «Ген жалғыз адам, қазақстандықтарды жексенбі күні таңертең  орнынан оята алатын» -дейтін, жазбалар қаптап кетті. Шынымен де, алты күн жұмыстан шаршап келіп, бір күн демалысында ұйқысын қиып, отандасы үшін тақымын қысқан халықтың мерейін көтеріп тастайтын Генаға алығыс шексіз. Өзін – «қазақпын» -дейтін ұлан үшін ет бауырымыз елжіреп тұрмаса сыртқа теппесіміз анық. Генадан әлі де жеңісті сәттерді күтетін боламыз. Қанат ше...
Қанат ше?! 
Қанат Исламды білесіздер. Бірақ не істеп жүр, бокстағы жетістіктері қандай, қайда, келесі қарсыласы кім дейтін сұрақтарға жауап бере аласыз ба?! Бәлкім бірен-сараныңыз жауап беруге талпынатын шығарсыздар, дегенмен білмейтіндер мен оның атын әлі де болсын естіп көрмегендер бар. Қаны –қазақ, өзі– қазақ, жаны – қазақ! Ашығын айтқанда нағыз қазақтың рухын көтеріп жүрген азамат. Ол да шетелде жүр. Қазақтың байрағын көтеріп, бүгінгі күнге дейін әлі жерге түсірген жоқ. Жер иіскеп, жер сипап көрген жоқ. Соңғы бейне-баяндарына көз жүгіртіп көріңіз, қандай әдемі соққылар мен жойқын-жойқын шабуылдар. Керемет! Көріп отырып сүйсінесің! Тап кеше шашы жалбыраған Лемьемен Қанат шыққан кезде Генаға жанкүйер болғандай адал бола алатын ба едік?! Әлде оның да әкесі не шешесі орыстан болу керек пе, әлде Қанат мінберге шығып «Қазақпын» деп айғайлауы керек пе?! Қазақ екенін көз көріп, құлақ естіп отыр. Ендеше қазақ болып неге қолдау көрсете алмаймыз. Неге ол жайында жарнамалар мен жазбалар аз. Кезінде Қанат пен Генаны ортаға шығарып кәсіби тұрғыда таластырмақшы да болдық. Қандай ақымақтық еді. Бұл сор ма , әлде не?! Сол кезде Қанат: Генаны «бауырым» -деп, сыйластық танытып сұхбат берді. Ал Генаның жауабын білесіздер. 
Кеше тіпті ұятты жағдайда қалдық. Әлеуметтік желіде Генаның мың суретін салып құттықтау жазып отырып, Арман Оспановтай бауырымыздың жеңісін естімедік те. Естіген күннің өзінде Генаның жеңісінен кейінгі дүниеден арыла алмай қалдық. Мені мазалайтыны бір –ақ сұрақ: қазақтан шыққан гені – қазақ бауырларымыздың қадірін білмеу не өлтіру (Бекзат Саттарханов) қанға сіңген қасірет пе?! 
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Генамен мақтанамыз. Мақтанышмыз. Бірақ Қанаттың да бәсі белгілі. Осы бір азаматтың жеңісін отандық арналардан жиі көрсек, оның әрбір жекпе-жектерін кешегідей «Ұлттық арна» мен «Қазспорт» кеңінен таратып берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қанаттың қанатын қайырып алмайық, ол тоқалдан туған жоқ!
Қазаққа Қанат керек!

 

Марғұлан АҚАН, Facebook  парақшасынан алынды

 

Қатысты Мақалалар