Ол «Еуразиялық топ (ERG) құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытының экологиялық бағдарламасын ашық түрде талқылайтын тыңдаулар барысында жариялады.
Алып зауыттың қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы Инна Давыдованың айтуынша, өндіріс орны өңірдегі табиғатты қорғау шараларына белсенді түрде қатысады. Яғни, жыл сайын қаржылай қаражат бөлінеді. Мысалы, кәсіпорынның биылғы жылға арналған табиғатты қорғау бағдарламасы 21 шараны қамтитын 8 бөлімнен тұрады, оларды жүзеге асыруға «Қазхром» компаниясы тарапынан 3 млрд.теңге бөлініпті. Дәл осындай мақсатты қаржылар Ақсу ферроқорытпа зауытының экологиялық жобаларына сай алдағы жылы да жоспарлануда. Бұған өндірістегі №4 балқыту цехы ферроқорытпа пештерінің газдан тазалау кешендерінің қайта құрылуы дәлел. Бұл экология талаптары үшін үлкен жетістік.
Бұдан басқа, 2013-2015 жылдар аралығында №41, 45, 46 пештеріндегі жаңа газтазалағыштар құрылысы аяқталды. Нәтижесінде, зауыт атмосфераға шығарылатын жағымсыз қалдықтар көлемін жылына 360 тоннаға төмендетіп отыр. Келесі жылы №44 пештің газтазалағышын қайта құру жобасы әзірленуде. Ал №6 балқыту цехының фракциялау торабы аспирациялау учаскесін жаңалау атмосфераға шығарылатын қалдықтарды жылына 20 тоннаға азайтады. Кәсіпорынның газ тазалау жабдығы жұмысының жалпы тиімділігіне зауыт ферроқорытпа пештерінің газ тазалағыштарындағы сүзгілерді жоспарлы ауыстыру да септігін тигізеді.
Жағалау және су экожүйелерін қорғау шеңберінде зауыттықтардың жақсы көретін демалыс орындары – Баянауылдағы «Алау» демалыс үйін күтіп, тазалау, айналасындағы табиғатты қорғау шаралары да жалғасын табуда. Топырақтың ластануын және Сабындыкөл көлінің батпақтануын болдырмау үшін аумақтың 10 гектар жерін тазалап, 2000 м2 аумағындағы қамысты жинау қарастырылуда. Алдағы жылы №1 күлді консервациялау көзделген. Флора мен фаунаны қорғау үшін кәсіпорын аумағында 2008 жылдан бастап 20 мыңнан астам көшет отырғызылды. Алда тағы да 150 жас ағаш егіледі. Өндірістің және тұтынудың негізгі қалдықтарын дұрыс қолдануға феррохром қалдықтарын да қайта өңдеу мүмкіндік береді. Соған орай, 940 мың тонна жоғары көміртекті феррохром қалдықтары қайта өңделмекші. Ал 2000 тонна өндірістік шаң кәсіпорынның агломерациялық цех өндірісіне қайтарылады. Және «Смарт-Аш» және «Костер» арнайы қондырғыларында майланған қалдықтарды жоюды заманауи технология қамтамасыз етеді. Жылына 2000 тонна май үнемделеді.
Зауыт қоршаған ортаға ерекше талаппен қарауды насихаттайды. Кәсіпорынның ұйымдастыруымен экологиялық курстардың тыңдаушылары ретінде 97 жұмыс топтары жұмыс жасайды. Жұртшылықтың экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында зауыт бұқаралық ақпарат құралдарымен үнқатысуға әрқашан ашық.
– Жалпы, табиғатты қорғау, қоршаған ортаны қорғау – кәсіпорынның өндірістік жұмысының да ажырамас бір бөлігі, – дейді зауыттың техникалық директоры Александр Суслов. – Өндірісті дамыту, өндірістік қуаттылықты арттырумен қатар, қоршаған ортаны қорғау шараларына және өңірдің экологиясына жағымсыз әсерді төмендетуге баса назар аударамыз.
Дереккөз: Егемен Қазақстан