Еңбекпен өрілген өмір

/uploads/thumbnail/20170708200808172_small.jpg

Бейнеу ауданының «Сам» кеңшарында ұзақ жыл шопан болып, мал баққан және жай шопан болып қана қоймай, мал басын аман сақтау мен төл басын өсіруде өзге әріптестеріне үлгі бола аларлық жетістіктерге қол жеткізе білген Бегейбай Жетпісов пен оның зайыбы Қанбике Сәрсенбаеваның есімдері көпке танымал. Бүгінде немере-шөбере сүйіп, мағыналы қарттық дәурендерін өткізу үстіндегі олардың ұл-қыздары да еңбек майданының белді әрі белсенді жауынгерлері.
Сонау 80-ші жылдары шопан ауылдарына су таситын көліктің жүргізушісі будалай ұстап кіретін газет-журналдар дала төсінде желмен ғана сырласып жүрген жандар үшін нағыз жаңалықтың жаршысы болатын. Тіпті, сол кездің балалары да газет оқуға құштар болды ма, қайдам, әйтеуір үйге келген мерзімді баспасөз құралдарын бір-бірімізден тығып, кей кезде жарыса оқып мәз-мейрам болатынбыз. Балаң көңіліміздің түкпірінде қалған сол кездердің жаңғырығына құлақ түрсек, бұл әулет газет бетіндегі мақтаулы малшылардың бірі болатын әрі өнерлі-өнегелі бірнеше ұл-қыз тәрбиелеп отырған отбасы ретінде дәріптелетін еді. Ол кезеңнің талабы – әр жүз саулықтан көбірек қозы алу, сапалы елтірі тапсыру, отарды аман сақтау жоспарлары болатын еді де, барлық шопандар осы межені ойдағыдай орындауға қажымай-талмай кірісетін. Мал жайын, дала сырын бес саусағындай білетін Бекеңнің шаруашылықты ұйымдастырудағы ерен еңбегі сол жылдары «Еңбек Қызыл Ту» орденімен бағаланды.
Кеңестік жүйе ыдырап, кең­шарлар бытыраған тұста Бекең шопанның құтты таяғын босағаға тастауға қимады. Етек-жеңін дереу жинақтап, «Сейтімбет» атты жеке шаруа қожалығын құрып үлгеріп, нарық талаптарына сай бір жағы күнкөріс қамы, екінші жағынан кәсіпкерліктің тізгінін қолына алды. Бүгінде Бегейбай аға мен Қанбике апа Сам құмына кіреберіс тұстағы қыстақта төрт түлік малды өрбітіп, немерелерінің маңдайынан иіскеген ата мен әжеге айналды. Бұл отбасында туылып, тәрбиеленген алты ұл мен алты қыздың бүгінде әрқайсысы бір үй. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, әкенің құтты таяғын қолына ұстап, мал шаруашылығына бет бұрған Жәнібегі болды. Өз алдарына отау тігіп, балапандарының алды қарақанаттана бастағанда ойламаған жерден ажал құшқан Сағибек пен Қазыбек болмаса, қалғандары әке мен шешенің көңілін қуанышқа бөлеп, түтін­дерін түтетуде. Перзенттері дәрі­герлер, мұғалімдер, мұнайшы мен экономист, электрик сынды алуан мамандықтың иелері атанды. Негізі отбасы ынтымағының жарасуында, ұрпақтың саламатты болып өсуінде көбіне-көп отбасының алтын қазығы саналатын әйел-ананың орны зор. Өмірге он екі бала әкелген «Батыр ана» Қанбике Сәрсенбайқызының отағасының шаруашылықтағы жетістіктерінде үлесі зор, үйінің төрін сәбилердің күлкісіне толтырған ана бау тоқып, сырағалақ айналдырып, ақ үзік, ақ түндікті алты қанат ақбоз үйді сыңғыратып қоятын. Бұдан 15-20 жыл бұрын Қанбике ананың «Әсіресе, қыздарды оқытып, мамандық алып берген дұрыс. Күні ертең өзге босағаны аттайтын қыздың барған үйіне, күйеуінің табысына үнемі жәутеңдей бермей, өзін өзі асырай алатын дәрежеде болғаны дұрыс. Ер балаға күрек табылады, ал күрекке тезек көп», деп отырғанын естіген едім. Сол себепті болу керек, бұл үйдің қыздары түгелдей оқып, өз саласының білікті мамандары атанды. Үнемі оқу-білімді насихаттап, өнерді бағалап жүретін Қанбике ананың бұлай айтуының себебі де бар екен – өзі онжылдық мектепті алтын белгімен бітіріп, Қазақстанның өзге өңіріндегі бір жоғары дәрігерлік оқу орнының студенті атанып, елге қайтқан бойжеткенді күздегі оқуына үлгертпей ауыл жігіті ала қашқан екен. Осылайша, өзі жете алмаған арманға, оқуға қыздарының жетуін көксеген екен ғой ана көңілі деп ойлаймын. Ал «өзгенің табысына көз тігу» туралы айтуы бір отар қойды ұршықша иірген айтулы аға шопанның жұбайы біреуге жәутеңдей қоймасы белгілі, демек, нарықтық замандағы әралуан жағдайларды ескере отырып, қыз баланың да қандай қиындыққа төтеп беруін айтуы болар деп топшыладым. Өзінің он екі баласымен бірге қайны-қайынсіңлілерін қамқорлап, олардың да өз алдарына үй болып кетулеріне көмектесті. Ал аталар жолымен ағаштан бұйым жасау ісімен де айналысқан Бегейбайдың қолынан шыққан сандық, шайсандық, кебеже, белшіктер ауыл-аймақта кейбір үйлерден кездесіп қалады.
Шаруашылық ісін ұйым­дастырудағы еңбектері де еленбей қалған жоқ. Бұдан 7-8 жыл бұрын шаруашылық басшысы ретінде үлкен ұлы Әлібек Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал Әлібекке шаруаның қыр-сырын үйретіп, қыста қыстақтағы, жазда жайлаудағы жұмыстардың басы-қасында Бекеңнің өзі жүргені анық. Аудан тұрғындарына табиғи мал өнімдерін ұсынып, кәсіпкерлікпен шұғылданатын отбасының тоғыз жолдың торабы деп таңдауы Бейнеуге түскен, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінен осы өңірге қоныс аударған оралман ағайындарға демеушілік мақсатында ет, сүт, құрт, балқаймақ, ірімшік апарып беретін кездері де бар екен.
– Кішкентай кезімізден таң алагеуімнен қора басынан, құдық маңынан табылатын едік. Қаршадайымыздан тайға мініп, отарды өріске қаптатқан кездер көз алдымызда. Ол кездерде балалықпен ұйқымыз қанбай немесе әлдебір ауылдағы ойындарға алаңдап, қойға қинала кеткен кездеріміз болған шығар, бірақ мұның бәрі біздің еңбекті бағалап, уақытты босқа өткізбей пайдалы іске жұмсауымызға, ата-анамызға қолғабыс етуге ең бастысы, біздің еңбек ете алатын азамат болып қалыптасуымызға ықпал етті деп ойлаймын. Жоғары оқу орнын бітірген менің мамандығым – экономист, қай салада жүрсек те әкеміз бен анамыздан алған тәлім, көрген үлгі – біздің жолбасшымыз, – дейді ұлы Қыдырбек.
Мұратқа жеткізетін, өмірді сәнді де салтанатты, мәнді де мағыналы ететін – еңбек. Буыны қатпаған кезде соғыс дауылына, ауыр еңбекке жонын тосып, содан күні бүгінге, яғни 70-тен асып, 80-ге қадам басқан шағында да еңбектен қол үзбеген отағасының өмірі еңбекпен өрілді дей аламыз және бүгінгі ұрпақ еңбек майданында қайнаған қажырлы ағалардың қайратын үлгі етсе жақсы болар еді. Себебі, заман, оған сай жүйе мен талап өзгер­генмен, адал еңбектің мәні жоғалмайтыны, әрбір адамға бақ-дәулет, ырыс-несібенің еңбек арқылы келетін белгілі.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар