Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстан – зайырлы мемлекет. Азаматтарды ар-ождан бостандығымен қамтамасыз ете отырып, мемлекет қоғамға өз бетінше біздің дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін әлдебір қоғамдық нормаларды тықпалайтын әрекеттерге өте қатаң қарсы тұратын болады», деп атап өткен болатын. Сол себепті мемлекеттік құрылымдар мен Қазақстан қоғамы алдында этносаралық және конфессияаралық келісім негізінде зайырлы, толерантты қоғамды әрі қарай дамыту міндеті тұр.
Облыста азаматтардың діни сенім бостандығы құқықтарын, әртүрлі діни сенімдегі діни бірлестіктер арасындағы өзара түсіністікті, төзімділікті нығайту, олардың мемлекетпен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жұмыстары атқырылуда. Қоғамды діни сауаттандырудағы, жалған діни ағымдарға арбалғандарға көмек берудегі теологтардың алар орны ерекше. Бүгінде облыста теолог мамандар саны сегізге жетті, өңірде діни ахуал бірқалыпты дамуда. Бұл, әрине, мемлекеттің дін саласындағы саясатының, оны жүзеге асырудағы оңтайлы жолдарды жүзеге асыра білуінің нәтижесі екендігі анық. Діни алауыздық пен радикализмнің жолына тосқауыл қойып, экстремизм мен лаңкестік көріністеріне жол бермеуде мемлекеттік құзырлы органдар, діни бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар жұмыла қызмет етуде.
Қазіргі кезде Батыс Қазақстан облысы аумағында 9 конфессияны құрайтын 74 діни бірлестік қайта тіркеуден өтті. Осыдан екі жылдай бұрын қайта тіркеуден өтпеген діни бірлестіктер түгел таратылып, олардың қызметіне тосқауыл қойылды. Осыған байланысты 2014 жылдан бері 19 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал тіркелген діни ұйымдардың мемлекеттік билік өкілдерімен өзара қатынастарының дәйекті жолдары мен тетіктерінің қалыптасқандығын, конфессияаралық қатынастардың қалыпты жолға қойылғандығын атап өткен жөн. Нәтижесінде адамдар арасында діни қақтығыстар мен араздықтар көрініс берген жоқ.
2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң күшіне енді. Онда алғаш рет ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлі және Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндердің құрметтелетіндігі аталған… Батыс Қазақстан облысының Дін істері басқармасы Орыс православие епархиясымен бірлесе отырып қоғам үшін маңызды шараларды жүзеге асырып келеді. Өткен жылы аудан, ауыл имамдарының біліктілігі мен беделін арттыру мақсатында 7 күндік екі оқыту семинары өткізілді.
Православие шіркеуінің өкілдері де дін саласындағы мемлекеттік саясатты қолдауға және қоғамдағы конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған саясат жүргізіп отыр. Олар мемлекеттік органдар өткізген барлық іс-шараға белсенді қатысуда. Архиепископ Антоний өңірдегі тыныштық пен тұрақтылықтың дамуына жергілікті атқарушы биліктің үлкен үлес қосып келе жатқанын айтып, Астана және Қазақстан митрополиті атынан облыс әкімі Н.Ноғаевқа «Алғыс» орденін табыстады. Н.Ноғаев өз кезегінде облысқа іссапармен келген Астана және Қазақстан митрополиті Александрды қабылдап, ұлтаралық татулықты сақтау жолындағы діндердің маңыздылығы туралы пікір алмасты.
Арнайы мекемелерде жазаға тартылған тұлғалармен теолог мамандардың кешенді жеке түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде террористік іс-әрекеттері үшін жазаға тартылған адамдардың басым бөлігі дәстүрлі діни бағытқа қайтарылды. Мысалы, Орал қаласындағы түзету мекемелерінде 2013 жылы дәстүрлі емес дін жолын ұстанған 25 азамат болса, 2014 жылы соның 8-і ханафи мазхабына оралды. Санасы уланған жастарымыз қатарымызға қосылу арқылы өзімен бірге адасқан жамағатқа оң ықпал етіп жатыр.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің шешімімен наурызда БҚО Дін істері басқармасы жанынан «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылды. Мекеменің басты мақсаты – елдегі дін саласына қатысты мемлекеттік саясатты халық арасында насихаттау, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты теріс діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру, олардан зардап шеккендерге көмек көрсету, дін саласына қатысты әлеуметтік-зерттеулер, ғылыми-талдау жұмыстарын ұйымдастыру. Орталыққа жергілікті бюджеттен 2014 жылға 78 млн. теңге қаражат бөлінді. Соның ішінде 52 млн. теңге діни сауаттылықты арттыруға арналған діни-танымдық кітаптар мен аудио-бейне дискілер шығаруға қарастырылды. Нәтижесінде 114 түрлі 130 849 дана баспа өнімдері, 8 түрлі 6 000 дана аудиодискілер облыс тұрғындарына таратылды. Орталықтың тапсырысымен еліміздегі дәстүрлі діни сенім және дін саласындағы мемлекет заңнамасын түсіндіруге бағытталған «Ислам дінінің тарихы», «Влияние деструктивных религиозных направлений», «История и идеология традиционных религий и нетрадиционных направлений», «Қайырсыз білім» атты фильмдер түсірілді.
Бүгінде діннің мәселелері тек қана діннің мәселелері болудан қалғаны рас. Өйткені, оған саясат, саясат болғанда да үлкен саясат араласып кетті. Сол себепті қоғамда туындап жатқан діннің мәселелерін шешу үшін әр мұсылман діни сауатына қоса саяси сауаты болуы қажет. Бұл дінді саяси мүдделері үшін пайдалануға тырысатын кейбір саясаткерлердің лас ойындарының құрбаны болып кетуден сақтану үшін ауадай қажет. Осы мақсатта үстіміздегі жылы діни экстремизм мен терроризм мәселелерінің алдын алуға бағытталған ақпараттық насихат топ мүшелеріне арналған оқыту семинар өтті. Семинарда теолог ғалым, «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Сыздықов үш күн бойы дәріс оқыды. Діни сауатын ашқан 120 ақпараттық насихат тобының мүшесі тестілеуден өтіп, арнайы сертификаттарға ие болды. Бүгінде құрамында мемлекеттік органдардың мамандары, дінтанушылар және теологтар енген 26 ақпараттық насихат тобы елді мекендерді аралап, халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізуде. Олар өткізген шараларға 65 мыңнан астам адам қатысты. Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры жалған діни ағымның жетегінде кеткен жас жігіттің қилы тағдыры туралы «Жәннат» атты қойылымды дүниеге әкелді. Облыс аудандарының барлығында көрсетілген қойылым халыққа оң әсер етуде.
Құрамына Дін істері комитетінің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының басшысы А.Әбдірәсілқызы бар республикалық ақпараттық-насихат тобы облысқа келіп, бүгінгі күннің басты мәселелерін қамтыған бірнеше шараға қатысты және жартылай бостандыққа шыққан тұлғалармен, жұмыс істеу мекемесінің қызметкерлерімен кездесіп, радикалды діни топтардың сипаттарын кең көлемде ашық түсіндірді.
Тұрғындардың діни сауатын арттыру және радикалды идеяларға қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында ҚМДБ-ның облыс бойынша өкілдігінің ақпараттық-ағартушылық www.oral-islam ғаламтор ресурсы құрылып, бүгінгі таңда облыс аумағында өзінің тұрақты тұтынушыларын тапты. Осы ресми сайтта көптеген пайдалы материалдар орналастырылған және оның тұтынушыларының саны бүгінде 188 945 адамды құрайды. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысының Дін істері басқармасының сайты www.din-zko.gov.kz ашылды. Қала, аудан орталықтарындағы мешіттерге бейнебақылау, мониторлар қойылып, арнайы бағдарламалар арқылы бір-бірімен байланыс орнатылды. Теологтар «Скайп» бағдарламасы арқылы аудандардағы жамағаттарға онлайн дәрістер жүргізуде. Мешіт имамдарына жасалған мұндай жағдайлардың нәтижесінде олардың қызметінің сапасы да жақсарып, тәртіп орнатылды деп айтуға болады.
Насихат жұмыстарының екінші бағыты – теріс дін жолында жүрген азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығы 2015 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында облыстағы діни ағымдардан жапа шеккен азаматтарға көмек беру және теріс діни ағым жолындағы азаматтармен оңалту бағытында бірқатар жұмыстар атқарды. 270 адамды құраған дін ұстанушы жекелеген тұлғалармен бейресми кездесулер ұйымдастырылды. Кездесулерде Сирия, Ирак елдеріндегі діни фанатизмнің жетегінде жүрген содырлардың іс-әрекеттері ешқандай да джихад емес екендігі туралы, сондықтан мазхаб ұстану керектігі жөнінде, адамдарды діни негізде бөліп қоғамның бірлігіне жік салуға болмайтындығы жайында мәселелер қозғалып жатыр.
Ислам дінінің тек қана мейірімділікке шақыратыны, такфир идеологиясының дұрыс еместігі, намаз оқымайтын мұсылманды кәпір деуге болмайтыны туралы хадистерден қуатты дәлелдер келтіріліп, дәрістер оқылуда. Нәтижесінде санасы мықтап уланған бірқатар азамат дәстүрлі ханафи мазхабына қайтарылды. Облыста теріс ағым мүшелеріне ықпал ету мақсатында бірнеше жамағаттың басын біріктіретін «Аманат клубы» құрылды. Осы азаматтар және ханафи жолындағы жамағат өкіл имам алдында біріктіріліп, олардың ауызбіршілігі нығайтылуда.
Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың бойында радикалды идеологияларға қарсы тұра алатын иммунитетті қалыптастырып, облыстағы діни ахуалды бақылауда ұстау және облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңес жұмысы және терроризмге қарсы күрес комиссиясының жұмысы арқылы бақылау талаптарын күшейтіп, облыстағы діни мәселелердің оң шешімін табуына ықпал ету.
Дерккөз: Егемен Қазақстан