2014 жылдың желтоқсан айында Тараз қаласының оңтүстік шығыс беткейінде Жамбыл облысы жүйке аурулар интернат үйінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
Ең бастысы, ғимараттың ішіне кірмей жатып-ақ, есік алдындағы тазалық пен талапқа сай орнатылған пандустарды көрген кезде бұл мекеменің қызмет алушыларына барлық жағдай жасалып отырғанын білесің. Интернат үйінің директоры Мұрат Бердалиевтің айтуынша бүгінде мұнда тұратын азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсету саласы бойынша барлық жағдайлар жасалыпты. Қызмет алушылардың жағдайын жақсартуға, оларды қоғамға тартуға, әлеуметтік салада психолог, әлеуметтік қызмет көрсету мамандары, мұғалім-дефектолог, еңбек терапиясы нұсқаушылары, дене шынықтыру және музыка мұғалімдері, мәдени ұйымдастырушы мамандар аянбай еңбек етуде. Жүйке аурулар интернат үйінің ұжымы да Тараз қаласының қоғамдық өміріне белсене қатысып келеді. Мекеме 2013 жылы жүйке аурулар интернат үйлері арасындағы байқауда үздік шығып, «Ең үздік медициналық-әлеуметтік мекеме» аталымында бас жүлдені қанжығаласа, өткен жылы Алматы қаласында өткен турнирде шағын футолдан мекемелер арасында бірінші орынды иеленді. Мекемеде қызмет алушылардың қолынан шыққан бұйымдар жақында ғана Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұымдастырылған көрмеде де топ жарды.
– Мекемеде штаттық кесте бойынша 381 адам қызмет етеді. Қызмет алушылардың саны 500 адамды құрайды. Интернат үйінде стандарттық 8 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Олардың ішінде бірінші бағыт – әлеуметтік-тұрмыстық, екінші бағыт – әлеуметтік-медициналық, үшінші бағыт – әлеуметтік-психологиялық, төртінші бағыт – әлеуметтік-педагогикалық, бесінші бағыт – әлеуметтік-еңбек, алтыншы бағыт – әлеуметтік-мәдени, жетінші бағыт – әлеуметтік-экономикалық, сегізінші бағыт – әлеуметтік-құқықтық. Әр бағыттың қызмет алушының қоғамдық өмірге қалыптасуына тигізер пайдасы бар. Атап айтқанда, бірінші бағыт қызмет алушылардың күнделікті өмірде тіршілік әрекетіне көмектеседі. Екінші бағыт қызмет алушылардың денсаулығын жақсарту және қолдау әрекетіне бағытталған. Үшінші бағыт қызмет алушылардың қоршаған ортаға әлеуметтік бейімдеп, психологиялық жағдай түзеуге көмектеседі. Төртінші бағыт қызмет алушылардың тұрмыстық дағдыға үйретуге және педагогикалық коррекция мен оқуға бейімдейді. Бесінші бағыт қызмет алушының еңбек қабілетін қалыптастыру және еңбекке баулуға, оларға жағдай жасауға бағытталған. Алтыншы бағыт қызмет алушыға әлеуметтік-мәдени шараларды ұйымдастыру және сондай шараларға тартуға негіз болуда. Және жетінші бағыт қызмет алушының тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталса, сегізінші бағыт қызмет алушының құқықтық статусын демеуге немесе өзгертуге болмаса оларға заңгерлік көмек көрсетуге бағытталған. Интернат үйінің қызметкерлері осында тұратын науқастардың спортпен айналысуға деген ынтасын туғызуға көмектесіп, мәдени-танымдық қажеттеліктерін, қызығушылықтарын, сұрақтары мен қалауларын білдіруге мүмкіншілік жасауда. Сонымен қатар, алған білімдерін әлеуметтік маңызды мақсаттарға жұмсауға үйретеді. Олардың қызығушылығын және қоршаған ортаны танып-білуге, шығармашылық іс-әрекеттерге қатысуға, жаңа нәрсені білуге деген талпыныстарын қанағаттандыру үшін мекемеде стандартқа сай бірнеше үйірмелер жұмыс істейді. Олар – би, ән мен музыкалық аспаптарда ойнау үйірмелері мен мәнерлеп оқу топтары. Интернат үйінің тұрғындары өнердегі жетістіктерін нығайтуға облыс, қала көлеміндегі шараларға, фестивальдарға қатыстырылуда. Осы жұмыстардың нәтижесінде, интернатымыз соңғы үш жылдың белесінде интернат үйлерінің арасында ең үздік әлеуметтік-медициналық мекеме атағын жеңіп алды. Біздегі тұрғындар шахмат, дойбы жарыстарында үнемі жүлде алып жүр. Жаз айларында (21 шілде мен 3 тамыз) Лос Анджелес қаласында өткен арнайы Олимпиада ойындарында ел құрамасы сапында қатысып қайтқан (ел спортшылары 125 медаль иеленді) біздің қызмет алушымыз Тамара Василева волейболдан жақсы ойын үлгісін көрсетіп, әлемдік додада жүлделі 5-ші орыннан көрінді. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Спортта, өнерде болсын немесе басқа да еңбек терапиясы іс-шараларында болсын мұндағы мүгедек жандар нұсқаушылардың көмегімен қолөнермен, гүл, тал, жеміс ағаштарын егіп-өсірумен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қолжетімділігін арттыру мақсатында барлық жатын бөлмелер талапқа сай жабдықталып, қоларба жүретін жерлер мен пандустар стандартқа сәйкестендірілген. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінгі күні қызмет алушыларды интернат үйінде жеңілдетілген түрде, яғни соттың шешімінсіз орналастыра аламыз. Бұрындары соттың шешімі міндетті түрде сұралып келсе, қазір оның аса қажеттілігі жоқ, – дейді Ұлттық Медицина қауымдастығының Жамбыл облысы бойынша президенті, «Алтын дәрігер» және «Әлеуметтік сала қызметкерлерінің үздігі» төсбелгілерінің иегері, білікті басшы, тәжірибелі дәрігер Мұрат Әзімханұлы.
Расында, үш қабатты жаңа ғимаратта қызмет алушыларға бар жағдай жасалған. Интернат үйін директордың әлеуметтік сала бойынша орынбасары Салтанат Жантаева мен медицина бөлімінің меңгерушісі Анархан Джунусалиеваның жол бастауыман аралап шыққанымызда оған көзіміз жете түсті. «Мейірім», «Қарлығаш», «Үміт», «Шапағат», «Ізгілік», Ақниет, «Жаншуақ», «Оқшаулау» деп аталатын сегіз бөлімдегі тындырымды істер менмұндалап-ақ тұр. Көңілді осындағы жарымжан жандарға жасалып жатқан жақсылықтар толқытты. «Оқшаулау» бөлімінде интернат үйіне жаңадан түскен қызмет алушыға стандартқа сай 14 күндік бақылау жүргізіледі екен. «Үміт» бөлімінде қоларбаға таңылған 18 қызмет алушыға жеке палаталар қарастырылып, олар үшін сыртқа шығатын есік және сыртта пандус жасалған.
Қалай дегенде де, жүйке аурулар интернат үйіндегі тұрғындар бастарына түскен тағдыр талқысына мойымай, барлық мәдени шараларға атсалысып, өзге де интернат үйлеріндегі жандарға қайырымдылық концерттерін беріп белсенділік танытуда.