Ұлттық мемлекетте барлық сала ұлттық мүддеге негізделіп, соған сәйкес бағытта дамуы заңды құбылыс. Жалпы «ұлт» ұғымы тарихи қалыптасқан территориясы бар, ұрпақтар сабақтастығымен біріккен, мінез-құлқы, психикасы ұқсас, мәдениеті мен тілі бір, өзіндік атауы бар адамдардың жиынтығын құрайды. Ал, индустриалды дәуірде ұлт дегеніміз ең алдымен әлеуметтік-экономикалық, мәдени-саяси және рухани қауым. Біркелкі мәдениет үлгілерін тұтынатын, өзара экономикалық байланыспен біріккен мұндай қауымның тіршілігінде экономикалық факторлар үлкен рөл атқарады. Қоғам дамуының қозғаушы, шешуші күші ретінде елдегі экономикалық жүйенің сипаты барлық саладағы (саясаттан бастап, әлеуметтік ахуал, тұрмыс-тіршілік, дүниетаным және т.б.) өзгерістерді айқындайды. Халықтың әлеуметтік топтарға, жіктерге бөлінуінің негізі де осында жатыр. Қоғам біртұтас әлеуметтік жүйе болғандықтан, бір саладағы өзгеріс, жағымды әлде жағымсыз болсын, басқа саладағы өзгеріске міндетті түрде алып келеді. Еліміздегі экономикалық жүйенің әлсіздігін дәлелдейтін бір факті, – таяуда ғаламторда Қазақстан әлемдегі кедейшілік жайлаған елдер қатарына кіретіні жайлы ақпарат тарады http://qamshy.kz/home/show/1312 . Шет елдермен салыстыратын болсақ, кедейлік шегі дамушы елдер үшін – күніне бір адамға 1 $, Шығыс Еуропа – 4 $, дамыған нарықтық елдерде – 14,4 АҚШ доллары. Дамушы елдер қатарындағы Қазақстанда ресми статистика бойынша жарты миллион тұрғын кедейшілікте өмір сүруде. Ал, қазақстандықтардың 44%-ы ең қажетті заттарды ғана сатып алумен шектеледі. Ел тұрғындарының денсаулық жағдайын, сатып алу қабілетін, әлеуметтік жағдайын, тұрмысы мен өмір сапасын қамтитын бұл деректер мемлекеттің әлемдік беделін, мәртебесін қалыптастыруға тікелей әсер етеді.
Осы іспетті кереғар көріністердің себептерін іздеуден туған саналуан сұрақтар әрбір қазақстандықты мазалайтынына күмән жоқ. Дамыған озық елдер тәжірибесіне зер салсақ, олардың бәрі ең алдымен осы дәрежеге ғылыми білім мен өндіріс арасындағы байланысты жолға қоюдың арқасында жеткенін байқаймыз. Қазіргі таңда әлемдік экономикалық державалар мен үшінші әлем елдерінің даму деңгейі тым алшақ: батыс елдері постиндустриалдық қоғамда, нанотехнологиялар дәуірінде өмір сүріп жатса, Қазақстан деңгейлес дамушы елдер индустриалдық қоғамды енді құру үстінде. Еліміз нарықтық қатынастарға қадам басқалы жиырма жылдан асса да, осы жүйеге сай келетін шаруашылықты жүргізу тәсілдері, басқару, тұрғындардың өмір салты мен мінез-құлқы, іс-әрекеті, қысқасы, рационалдық қасиеттер басымдық ала алмай отыр. Әсіресе, еркін нарықтың басты жетістігі – өнеркәсіп өнімдерін еркін алмасуға қол жеткізе алмай келеміз. Сонау ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасов «Өнеркәсіп мәселесі – қазақ кедейінің тағдыры» деп, қазақ елінің экономикасын шикізатқа байлап қойғысы келген Ф.Голощекинге қарсы шыққан еді. Бұл мәселе әлі күнге өзінің өзектілігін жоймапты. Дүниежүзіндегі отын-шикізат нарығындағы құбылмалы ахуал экономикасы шикізат құнына тәуелді Қазақстан тәрізді елдерге жақсылық әкелмейтініне көзіміз жетіп болды. Жүргізіліп отырған реформаларға қарамастан, Қазақстан әлі де шикізаттық бағыттан арыла алмай-ақ келеді. Көптеген салаларды жемқорлық жайлауы себепті білікті кадрлар шеттетіліп, оның орнына кездейсоқ адамдардың еніп кетуі де дамуды тежеп отыр.
Қазақстандағы экономикалық дағдарыс мәселесі бүгінгі таңда қоғамның барлық деңгейінде, түрлі сахналарда, әлеуметтік желілерде, БАҚ-та, лауазымды тұлғалардың отырыстарында талқылануда, – бұл оның мойындалғанын білдіреді. Дағдарыс кезінде күнкөріс шегінде өмір сүріп жатқан тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мүлдем құлдырап, нашарлауға бет алады. Ал, әлеуметтік шыңыраудағы немесе перифериядағы топтардың үнемі шиеленіс пен қайшылық көзін құрайтыны белгілі. Осылайша, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық қайшылықтардың қаншалықты терең екенін біз дәл осы сәтте, қазақстандық қоғам мен ұлттық мемлекеттің маңызды құндылықтарына қауіп төнген кезде ғана айқын ұғынып отырмыз. «Не істеу керек?» деген сұрақ басқару деңгейінде талқыланып, халық соның шешімін күтеді. Дәл қазір мемлекеттік деңгейде шұғыл реформалар қабылдау арқылы қалыптасқан жүйені емдейтін, алға жетелейтін шаралар жүргізуге бүкіл қоғам сұранып тұр (қатардағы тұрғын да, кәсіпкер де, қоғамдық институттар да). Ғалымдар әрбір елдің экономикалық жүйесінің сипаты, даму деңгейі мен сол елдегі басқару типі өзара тығыз байланысты деп есептейді. Осыған орай әлем елдеріндегі демократия деңгейін білдіретін индекс (The Democracy Index) бойынша Қазақстан авторитарлық режиммен басқарылатын елдердің қатарына кіреді, бұл рейтингте еліміз 142-орында тұр (айталық, Қырғызстан 106-орында, аралас режим). Мысалы, демократия қағидаларын қатаң ұстанатын елдер жаңа ғасырда нанотехнологияларға негізделген 6-укладта өмір сүрсе, Қазақстан өнеркәсіптік өндірістегі 4-укладқа жаңа келіп кірді. Мұның өзі бүкіл қоғамның түбегейлі өзгеретін кезі келгенінің белгісі. Бұл үшін қазақстандық экономиканың даму әлеуеті шикізаттық парадигмадан бас тартып, зияткерлік экономикаға бағыт алуы, нарықтық жүйені жағымды күшке – қоғам үйлесімі мен бірігуінің, тәртіптің көзіне айналдыруы оң нәтижелерге жеткізетін бірден бір жол. Бірігуге қатысты бірер сөз: қазіргі заманғы өркениеттік парадигма тұрғысынан қарағанда ұлт ұғымы тіл, мәдениет, территория, салт-дәстүр бірлігімен қоса ғылым мен білім деңгейі, елдің техникалық даму дәрежесін қамтиды. Ұлт ұғымы ХІХ ғасырдан, индустриалды қоғамның пайда болуымен қатар қолданылып келе жатқанын ескерсек, қоғамның нығаюы, гүлденуі – ұлт-мемлекеттің сақталуының алғышарты. Ұлттық мемлекеттің дамуының әрбір кезеңінде белгілі бір факторлар жетекші рөл ойнайды, – бұл бүгінгі қазақ қоғамы үшін қазіргі шынайы экономикалық жағдайды дұрыс қабылдап, соған сәйкес әрекет етуден көрініс тауып отыр. Осы тұрғыда америкалық экономистер К.Макконелл мен С. Брю экономикалық саясат ұғымына «проблеманы түзету немесе оның пайда болуының алдын алуды мақсат тұтатын іс-әрекеттер бағыты» деген анықтама беріпті. Қазақстандық экономиканың алдында да қазіргі кезеңде дағдарыстан шығудың амалдарын іске асыру, еркін нарық құру арқылы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу, халықтың әл-ауқатын көтеру міндеттері тұр. Немістің белгілі экономисі Ф.Ноймарк та мемлекеттік бюджеттің атқаратын функцияларының арасында қаржылық-саяси, саяси, экономикалық-саяси міндеттерін айрықша атап өтеді. Бюджеттің саяси функциясының көмегімен мемлекет әлеуметтік-таптық жанжалдардың, шиеленістердің өршуін тоқтата алады, ымыраға жол ашады, әлеуметтік тұрақтылыққа қол жеткізеді.
Тағы бір көрнекті социолог-экономист Карл Поланьи өзінің тарихи-экономикалық «Ұлы трансформация» зерттеуінде саяси-әлеуметтік үдерістерге сипаттама бере отырып, «нарықтық экономика мен ұлттық мемлекетті жекелей емес, керісінше біртұтас құбылыс ретінде қарастыру қажет» деп тұжырымдайды. Мемлекет дамыған сайын экономикалық үдерістер де қоғамның басқа салаларынан оқшауланбай, олармен тығыз байланыста дамуы тиіс. Нарықты өз еркіне жібере салуға болмайды, бұл апаттарға алып келеді. Мемлекет қоғамды бағаның құлдырауы жағдайында нарықтан қорғау тетіктерін құруы тиіс, оның ішінде әлеуметтік жәрдемақылар төлеу және т.с.с. Тамыздағы жағдайдан кейін ҚР Президенті Н.Назарбаевтың әлеуметтік мұқтаж топтарға көмек көрсету жөнінде тапсырма беруі де шиеленістерді болдырмаудан туған шешім.
Даму жөніндегі халықаралық институттар әлемнің түрлі елдерінің экономикасын қалыптастыруда «жергілікті ерекшеліктерді» қолдануды ұсынады, – өзінің даму ерекшелігін қатаң басшылыққа алмаған ұлт-мемлекет ұзақ өмір сүре алмайды. Осы ретте бүкіл экономикалық іс-шаралардың ұлттық, мемлекеттік, әлеуметтік астары бар екендігін қаперде ұстау біз үшін аса қажет. Мұндағы басты идея экономикалық саясатты жүзеге асыруда басқа бір елде табыспен жүзеге асқан дайын реформаларды көшіріп алу үнемі оңтайлы бола бермейтініне келіп тіреледі. Ал, дербес даму бағытын таңдау үшін қабылданған ұзақ мерзімдік стратегия сол елдің тереңде жатқан артықшылықтарына, оның тарихы мен мәдениетіне негізделуі тиіс. Оған қоса бұл стратегия халықаралық нарықтарға шыға алатындай тәсілді іздестіруі және талантты адамдарды, яғни адам капиталын тиімді қолдана білуі міндетті. Мұны Қазақстан міндетті түрде ескеруі тиіс.
Тарихтың жазуымен өткен жүзжылдықта елімізге түрлі ұлт өкілдері келіп қоныстанды, Қазақстан көпұлтты мемлекет деп санаймыз. Дегенмен, бұл дәуірде оқшау өмір сүретін, бір ғана ұлттан құралған мемлекет жоққа тән. Сондықтан, өз болашағын қамтамасыз еткісі келген әрбір ұлттық мемлекет ел құрамындағы диаспора өкілдеріне мәдени-тілдік мүмкіншіліктер берумен қатар, оларды мемлекетқұрушы ұлт төңірегіне топтастыру, сіңіріп алу (ассимиляция) үдерісін үздіксіз жүргізе беруі міндетті. Бұл үдерістің тағы бір қыры бар, – қазіргі дағдарыс кезеңінде қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымағы шын мәнінде сынаққа түскелі тұр, өйткені кез-келген қоғамдық мәселе оқшау шешілмейді, ол ұжымдық әрекет етудің нәтижесі болып табылады. Мәдениеті мен құндылықтары ортақ, тілі бір, мүддесі бір, консолидацияланған қауым кез-келген қиындықты еңсеруге қабілетті. Осы тұста экономикалық дағдарысты пайдаланып, одан шығудың жолдарын қазақстандық қоғамды біртұтастандырудың әдісі ретінде қолдану, ұлттың ұйытқысы етуге тырысу, топтасуға жетелеу ел мүддесінен туған қажеттілік. Ұлт ісінде ұсақ-түйек жоқ. Экономикалық фактор ұлттық сана-сезімнің нығаюына идеологиялық фактордан кем емес ықпал ете алатын құбылыс. Бұл мәселе бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға арналған Ұлт Жоспарындағы қазақстандық біртектілік идеяларына сәйкес келеді. Сондай-ақ, алдағы уақытта «100 қадам» Ұлт Жоспарының 89-қадамы бойынша мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына «Мәңгілік ел» құндылықтары енгізілетін болды. Осы орайда бүгінгі жас ұрпақ заманауи білімдерді игерумен қатар өзінің де, елінің де келешегі кемел, тұғырлы болуы ұлттық мемлекеттің нығаюымен, экономиканың гүлденуімен тығыз байланысты екенін терең ұғынуы тиіс.
Мәдениет пен тіл бірлігі арқылы біртектіленген қоғам мүшелері өз мүддесін ұлт-мемлекеттің болашағымен ұштастыруға ұмтылуы үшін осы территорияда өмір сүріп жатқан әрбір тұрғын өзінің, бала-шағасының, ұрпақтарының әл-ауқаты, игілігі осы мемлекеттің гүлденуімен, нығаюымен ғана қамтамасыз етілетінін сезінуден туады. Ұлттық мемлекетсіз ұлт та өмір сүре алмайтыны айдан анық. Ұлт-мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюы, ұлт құрылысы үздіксіз жүре беретін, ешқашан тоқтамайтын үдеріс, – ұлт та өзіндік төлтума бейнесін жоғалтпай сақтауы үшін өз мемлекетімен бірге жасасып, дамып, ортаға бейімделіп отырады. Ал, осы жолда кездескен қиындықтар мен кедергілерді жойып отырмаса, ұлт-мемлекет ыдырайды. Сөйтіп, рухы әлсіреген, бірлігі, ынтымағы нашар, жасампаздығы (креативтілігі) жоқ халық өзге озық жұрттар пайдаланатын этнографиялық материал есебінде болады. Экономиканың дамуы мемлекеттің әлемдік қауымдастықтағы бәсекеге қабілеттілігі деңгейін ғана емес, әсіресе, оның ұлт-мемлекет ретіндегі тұрақты дамуын айқындайды. Бұл қазіргі таңда Қазақстанның мемлекет ретінде сақталып қалуының басты шарттарының бірі. Тәуелсіз ұлттың экономикасы да тәуелсіз болуы міндетті.
Дина Тазабекова, «Ақиқат» журналының сайтынан қысқартылып алынған материал