(Бақыт Беделханұлының “Дауа”  өлеңіне талдау)

/uploads/thumbnail/20241218160434419_big.webp

Дауа

Ызалы - жүрек, долы - қол,
Улы - сия, ащы – тіл!..
Абай

Аластасын,
Патша - тағын, Би - төрін!
Аластасын,
Бай-байшыкеш қи-көңін!
Адаспасын,
Артындағы азған ел,
Таласпасын,
Илемесін, ит-өлім!
Сүйремесін, су аяғы – құрдымға,
Мен - заманның сұрқы кеткен сиқы едім.
Бәрін, бәрін емдеу керек…
Бұл күнде -
Адам – ауру,
Қоғам – сырқат, жүйке-жүн!

Өкпе, реніш, ыза менен кек қайнап,
Екі қазақ бір-біріне шекті айбат.
Қырандарым қарғадайын қарқылдап,
Күннің көзін бұлтпен бірге боқ байлап,
Көп келеді,
Көк тұманның ішінде
Қолдарында қаны қызыл көк байрақ!

Сырқат-қоғам,
Сай-сүйегі сырқырап,
Жүрек мұздап,
Жұлын-жүйке шырқырап.
Ыңырсиды,
Сабыр, Төзім, Тағаты
Өз-өзіне - елі-бөтен, жұрты-жат.
Арман-құсым жерден ауыр ұшты - Ол да,
Шеңгелі-қан,
Балақ жүні бұрқырап!

Байтақ жатқан бетегелі бел барда,
Бекті аңсаған берекелі ел барда,
Текті кәні,
Темірқазық болардай?
Кетті бәрі,
Ез бен еріп енжарға.
Шарасызға дауа бар ма, ем бар ма?
Сен бұларға нағыл дейсің, енді, Алла!

Көңілімнің нуы-шекер, суы-бал.
Кірлеп кеткен жүрегің бе, жуып ал!
Бұл қоғамның мұңы-тәтті,
Тілі-ащы -
Тақ түгілі, тас-көтенді қуырар.
Ақиқат пен шындықтың да үні ащы.
…Жерден Мәді, шығар күн де туылар,
Шегірткедей шетте жүрген…
Құрылдап,
Қызылқолтық бақаның да уы бар!

…Алдау барда – дауа да жоқ, ем де жоқ.
Сенім еді -
Сендегі мен мендегі от!
Ал, не болды?
Бықсып жатыр дүние,
Қарыз-құрыз..,
Құнсыз..,
Арам теңге боп.
Байлығыңды ит сүйреді кермелеп,
Ертеңіне қарайды енді ел не деп?
…Зор Қоғамым – Қор болғаным,
Қайтейін,
Бір түнеп шық,
Әруақ қонған жерге кеп!..

Сайтан сарып санасына жын құсқан,
Қазағымды сүйем! – дейді, бір мыстан…
Азабын да қоса сүй – деп, айтып ем,
Мен - құспын – деп ұшып кетті күн құшқан!
Күн құша ма, көкке ұша ма, білмедім.
Қырықпышақтың қырында жүр қырылысқан.
…Тісі сыңғыр!
Тісі сынды өзінің
Неге, неге таусылмайды, бұл - Мыстан?!
                                 (Бақыт Беделханұлы)

                                Талдау

      Бақыт Беделханның “Дауа” өлеңі терең сатиралық мазмұнға құрылған, рухани-әлеуметтік мәселелерді қозғайтын лирикалық-философиялық көркем туынды. Туындыда ақынның қоғамдағы құлдырау, адамгершілік дағдарысы мен ұлттық болмыстың тозуы сынды өзекті мәселелерге деген жан айқайы көрініс тауып, өлең сөз өнерімен әдемі өрілген.

              Өлең тақырыбы мен идеясы

      Өлеңнің басты тақырыбы – қоғамның рухани азғындауы, ұлттық құндылықтардың жойылуы және оны емдеудің қажеттілігі. Ақын қазіргі заманның бейнесін «Адам – ауру, қоғам – сырқат» деп сипаттап, осы дерттің тамырына үңіледі. Тамырынан ауырған ағашты бұтағынан емдеп жазуға болмайтынын ескертіп, мәселені түбегейлі шешудің жолын ұсынады. Өлеңнің идеясы – рухани сауықтыру мен адамзаттық құндылықтарға оралуға шақыру. Ақын қоғамдағы әділетсіздікке, алауыздыққа, енжарлыққа, алдау мен арамдыққа наразылық білдіреді. Сонымен бірге, ақиқат пен шындықтың қайта жанданарына деген үміт сәулесі де байқалады.

       Өлеңнің мазмұны мен құрылымы

     Өлең бірнеше мазмұндық бөліктерден тұрады:
     1. Қоғамның рухани дертін сипаттау:
Ақын заманды бейнелеп, адамзаттың адасуын «сырқат» метафорасымен жеткізеді. «Адам – ауру, қоғам – сырқат, жүйке – жүн!» деген жолдар қоғамның күрделі жағдайын қысқа әрі нұсқа суреттейді.
      2. Ұлттық болмыс пен құндылықтар:
Ақын қазақ халқының ішкі алауыздығын, біріге алмауын шенеп:
«Екі қазақ бір-біріне шекті айбат» деп ұлттық бірлік пен ынтымақтың жоқтығын ащы сынмен ашып көрсетеді.
      3. Тарихи-рухани құндылықтарды жоқтау:
«Текті кәні, темірқазық болардай?» деп ұлттық рухани көшбасшылықтың жоғалуына өкініш білдіреді.
     4. Үміт пен шарасыздық:
«Жерден Мәді, шығар күн де туылар» деген жолдар ақиқат пен әділдіктің қайта орнар сәтіне деген сенімін білдіреді. Бірақ қоғамның ауыр жағдайына байланысты шарасыздық басым екенін де жасырмайды.

      Өлеңнің көркемдік ерекшеліктері

      1. Метафоралар мен символдар:
Ауру мен емдеу метафоралары қоғамдағы дерттің тереңдігін ашып көрсетеді.
Мысалы: «Адам – ауру, қоғам – сырқат, жүйке – жүн!»
      2. Антитеза мен қарама-қайшылық:
Жақсылық пен жамандықты, үміт пен үмітсіздікті қарама-қарсы қою арқылы драматизм күшейтілген.
«Арман-құсым жерден ауыр ұшты – Ол да,
Шеңгелі-қан, балақ жүні бұрқырап!»
     3. Афоризмдер:
Ақын өлеңінде даналыққа толы ойлы жолдар кездеседі.
Мысалы: «Алдау барда – дауа да жоқ, ем де жоқ.»
     4. Тарихи және мифологиялық бейнелер:
  «Мәді» – әділдік пен ақиқаттың символы, ал «Мыстан» – қоғамдағы азғындық пен теріс қылықтардың жиынтық бейнесі.
       5. Тілдің өткірлігі
Өлеңде ащы шындықты ашып айтатын өткір жолдар көп:
«Сайтан сарып санасына жын құсқан,
Қазағымды сүйем! – дейді бір мыстан…»
     Бақыт Беделханның «Дауа» өлеңі – қоғамның рухани күйін терең ашып көрсететін өткір туынды. Ақынның әрбір жолынан ұлттық болмысқа деген жанашырлық пен мұң байқалады. Қоғамды емдеу үшін оның дертін ашып көрсету – басты қадам деп біледі. Ақын осы міндетті жоғары деңгейде орындаған. Өлеңнің көркемдік қуаты, метафоралық тереңдігі және әлеуметтік үндеуі оны заманауи қазақ поэзиясының жарқын үлгісіне айналдырады.

   Этнограф-жазушы, әдебиеттанушы, сыншы:
          Болат Бопайұлы

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар