ТАЛДЫҚОРҒАН- АСТАНА. ҚазАқпарат - 19 қазанда Қазақстанда ресми тіркелген дипломатиялық корпустың және әлемдік озық БАҚ өкілдері «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА нысандары, «Алтынкөл» стансасы, Қазақстан-Қытай халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығында болды (ХШЫО), деп хабарлайды ҚТЖ баспасөз қызметі.
АЭА-да кездесуге «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы мен ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ салған «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА жаңа экономикалық саясат «Нұрлы жол» бағдарламасы нысандарының бірі.
Президент Н.Назарбаев атап өткендей, «Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының негізі - инфрақұрылымды дамыту. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар экономикалық өсудің инфрақұрылымдық негізін қамтамасыз етуге бағытталған».
Жетіген - Қорғас, Жезқазған - Бейнеу темір жол желілері, Батыс Еуропа - Батыс Қытай автомобиль дәлізі мен Ақтау теңіз порты, «Қорғас- Шығыс қақпасы» АЭА Қазақстанның әлемдік көлік және сауда жүйесіне ықпалдасуын қамтамасыз етеді.
Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері, сондай-ақ Еуропа, Парсы шығанағы т.б маңызды бағыттардың тоғысатын жерінде орналасқан «Қорғас - Шығыс қақпасы» АЭА Жаңа Жібек жолы желісіндегі жүк ағындарын шоғырландыру орталығы болып табылады. Қазақстанның мультимодальдық логистикалық желісін дамытуға қолайлы мүмкіндігі, ірі өндірістік кәсіпорындарда және сауда жүйелерін ұйымдастыруда әлемдік деңгейдегі болашағы зор дистрибуциялық орталық болып қалыптасуға әлеуеті жеткіліікті.
«Қорғас - Шығыс қақпасы» АЭА-да дипломатиялық миссиялардың алдында «ҚТЖ» ҰК» АҚ вице-президенті Қанат Алпысбаев сөз сөйледі. «Қазақстан, Еуразияның қақ ортасында орналасып, транзиттік әлеуеттің дамуына ерекше көңіл бөледі. Бүгін, Қазақстан мен Қытай арасындағы құрғақ жүк дәлізі көлік-транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында шекарада 40 млн.тоннадан жоғары көлемде жүк тасымалдауға мүмкіндік беретін темір жол және логистикалық инфрақұрылым салынды»,- деді. Сондай-ақ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ көлік және логистика қызметтерін ұсынуға дайын. Соңғы 5 жылда Қытай-Еуропа бағдарындағы транзит көлемі 17 есе өскен.
Дереккөз: Қазақпарат