Сағатбек Медеубекұлы. Баламасөз

/uploads/thumbnail/20170708150702796_small.jpg

Күреске шық,  қазақ!

Қадірлі дос!

«Кел балалар, оқылық!»- деді Ыбырай ХІХ ғасырда. «Оян, қазақ!»,- деді Міржақып ХХ ғасырдың басында.

ХХІ ғасырда  бар  қазақтың  көзі ашық, көңілі ояу. Оянған рухын ойланған санасы билеген  күйі жолайырыққа тірелді.

Бір жол алпауыт елдер әдейі жеделдете жүзеге асыруға асыққан жаһандану үрдісіне ұлттық ерекшеліксіз, яғни тілсіз, дінсіз, салт-дәстүрсіз, әдет-ғұрыпсыз еніп кетуге бастап кетті; Екінші жол сол үрдіске дүние дамуының табиғи жолының бірі деп қарап, ұлттық болмыстың барша тұрпатын сақтай отырып, жасқанбай да жатырқамай, сабырмен  баруға жетелейді.

Дәл қазір ұлтымыздың болмысы  тілімізге  тіреліп тұр. Тілімізді сақтап қалмасақ, басқа қаракеттің бәрі бекер. Тіл үшін күрес - мылтықсыз майданға шығып, ақпараттық  айқасқа түсу, қолдан келер бар күшті жұмсау.

Егер шынымен де ұлт тағдырын ойласаңыз, егер расында ұлтыңыздың ертеңі үшін алаңдасаңыз, қазақтың әр сөзін ұлттық құндылық әрі байлық деп қабылдап, сол байлықтың бір түйірі аяқтың астында қалмауы үшін әрекет етіңіз.

Қате жазылған жалғыз әріп түзелгенше шайқасыңыз.

Жарнамадағы дұрыс құрылмаған жалғыз тіркес қайтадан дұрыс жазылмайынша тынбаңыз. Соны жазған немесе жаздырған адамды мемлекеттік тілді қорлағаны үшін жауапқа тартыңыз.

Сырттан енген сөздің ұлт тіліндегі баламасын ұсыныңыз, сәтті табылған сөздерді  қолданысқа енгізуге күш жұмсаңыз.

Мен де өз әлімше күреске шықтым..

Өз тілімізде бар,  бірақ қолданысқа ене алмай жүрген сөздерді қаперіңізге салдым. Өзге тілден келген аталымдардың қазақша баламасын іздестірдім.     

Ұнаса, қолданысқа аларсыз, ұнамас ұсынғаным өзімде қалар, ал  Сіз өз тәжірибеңізді ұсынарсыз, әйтеуір тіл үшін күрес тоқтап қалмасын...

1. Жолда

 

Айналақ  

Жүргіншілер көлігіне мінгенім сол еді, қарадомалақ бала сайрап тұр:

-Келесі астанопка - паварот «Акимат» - дейді.

-Қарағым, «остановка» дегеннің қазақшасы -  «Аялдама», «поворот» дегеннің қазақшасы - «бұрылыс», -  деді егде кісі.

Қарадомалақ мән бере қарап тұрып қалды. Көзқарасында. «ә, солай  еді ғой» деген құптағандық жылт етті.

Сәлден кейін:

-Келесі аялдама перекірөстік «Палициа»,- деді дауыстап. Сөйтті де егде кісіге бұрыла қарады. Көзінде «енді не айтасыз?» деген сұрақ тұр.

Егде адам:

- «Перекресток» – «қиылыс»,  «полицияны» қазақ «жасауыл» дейді,- деді.

Қарадомалақ басын изеді де үнсіз қалды.

Егде кісі қоштасып тұрып:  «ал жолың болсын, балам»- деді де түсіп кетті.

Қарадомалақ  көліктегілердің бәріне естірте:

 -«Остановка» дегеніміз – аялдама, «поворот» дегеніміз – бұрылыс, «перекресток» дегеніміз –қиылыс екен, енді ұмытпаймыз... Келесі аялдама Қонаев көшесі...- деді.

Ертесінде дәл сол уақытта, дәл сол көлікте әлгі егде кісі,  әлгі қарадомалақ бала  тағы тоқайластық . Оған таңданатын дәнеңе жоқ.. Сіз уақытында жолға шықсаңыз, көлік  өз мезгілімен жүрсе, өзге жолаушылар да  кестемен жүріп дағдыланса, осылай болатыны заңдылық..

Қарадомалақ кешегі таныстарын көріп, арқаланып алды.

-Келесі аялдама...- деп барып кілт тоқтады да егде кісіге бұрылып: - Аға, аялдаманың аты «жасауыл» емес, «полиция» деп айтылады екен. Солай хабарлауға тиіспін,- деді кешірім сұрағандай үнмен.

-Аялдаманың атауынан бұрын «полиция» деген сөздің өзін қазақша бекітуіміз керек,- деді ағасы.

Қарадомалақ қазақша хабарлап келеді.

-Құрметті жолаушылар, жолақысын дер кезінде төлеуді ұмытпаңыздар. Келесі аялдама - «Сақина»,- деді саңқылдап. Егде кісі:

- Жоқ ,балам, олай емес. «Айналақтап қасыңнан кетемін бе?..»- деген әннің мәтінін талай естідің  ғой.

- Иә. «Сары бидай» әнінде айтылады...

- Ондағысы «шыр айналып қасыңнан кете алмаймын» дегені. Жолдың орысша   «кольцо» деп аталатын бөлігінде көлік шыр айналып жүреді. Оны қазақша «айналақ» деп атайды,- деді.

Қарадомалақ жерден жеті қоян тапқандай қуанып кеті.

-Құрметті жолаушылар! «Айналаққа дейін түсемін» деушілер болса, ертерек қамданыңыздар...

 

Кептелек...,

Автокөлік жүйткіп келеді. Тізгінші егделеу кісі.  Біраз үнсіздіктен соң:

-Пробкада тұрып қалмасақ, демде-ақ жетіп барамыз, -деді.

-«Пробка» дегеніңіз немене?

- Тығын...

- Жоқ «тығын» деп қазақ ыдыстың аузын жабу үшін тығып қоятын нәрсені айтады...

Тізгінші үнсіз қалды. Сәлден соң есіне бірдеме түскендей:

- Ә.. өткенде телевизордан айтты ғой деймін, жол бойындағы жарнамадан да оқыдым білем, «пробка» дегеніміз – кептеліс..

-Жооқ. «Кептеліс» деген сөз адамдардың арнайы, мақсатты түрде, жұмыла барып кептелу  ісіне (кептел + іс) байланысты айтылады...

- ЕЕ.. «Кептелме» еді ғой...

- Бұл да мағынаны толық ашпайтын сөз...

- Неге?

- Аталым, термин сөздер екіұдай,  яғни екі немесе одан да көп мағына бермеуі керек. Басы ашық, бір-ақ мәні бар сөз болуы қажет. Жаңағы «кептелме» деген сөзіңіз етістіктің бұйрық райындағы қызметті де атқарып тұр. «Сен барып өзің сыймайтын жерге кептелме» деген сөйлемді алалық. Бұл жерде «кептелме» сөзі аталымдық мағынасы жойылып, сөйлемнің тұрлаусыз мүшесі қызметін ғана атқарып тұр.

 - Сонда, қазақша  не дейміз?..

- Бұрнағы жылы «Егемен Қазақстан» газетінен оқыдым. Одан кейін біраз ақпарат құралдары айта да, жаза да бастады. Қазақтың «Ағын суда өткелек, керуен жолда кептелек бар» деген мәтелі бүгінде қайта қолданысқа енді. Ондағы айтпағы – «өзен тасып кетіпті, енді өткел жоқ» деп жасыма, өтетін бір өткелек табылады, «керуен жолда келе жатырмын» деп тасыма, бір кептелек кездеседі», яғни «қиындыққа кездестім» деп ұнжырғаңды түсірме, шығатын жол табылады; «жағдайым жақсарып кетті» деп дандайсыма, алдыңнан бір кедергі жолығады» дегені.

Жылда керуен өтіп жүрген жолда күтпеген жерден кедергі тап болып, көштің алды тоқтап, арты жиналып келіп тұрып қалады. Бұл ешкім күтпеген әрі уақытша жағдай. Автокөліктеріңіз де күтпеген жерде алдыңғы кедергіге бола тар жолға сыймай кептеледі. Ешкім әдейі келіп кептелмейді. Сондықтан да «пробка» деген төл мағынасына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын орысша жасанды сөздің орнына қолданылуы тиіс байырғы  қазақша атау – КЕПТЕЛЕК..!

(Жалғасы бар)

Сурет: thenews.kz

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар