АСТАНА. ҚазАқпарат - «100 нақты қадам» мемлекеттік бағдарламасы алғашқы нәтижелерін де беріп үлгерді. Қазақстанда алғаш рет тым терең бұрғылау қондырғыларын шығаратын кәсіпорын өз өнімдерін шығара бастады. Бұл туралы «Айқын» газетінің сенбілік санында жазылды.
Қазақстан көмірсутек шикізатының мол қорының арқасында әлемдік мұнай индустриясының даму орталықтарының маңызды бір бөлігіне айналып үлгерді. Каспий теңізінің қазақстандық секторын игеруге ірі халықаралық мұнай-газ компанияларының жұмылдырылуы сөзімізге дәлел бола алады. Мұнай және бұрғылау компанияларының түрлі қызметтерге сұранысы, негізгі бағыты бұрғылау, мұнай кен орындарына стандартты емес жабдықтарды жалға беру, жөндеу және дайындау, мұнай мен газ кеніштерін жабдықтау болып саналатын «ЖігерМұнайСервис» ЖШС құрылуына себепші болды. Бұл кәсіпорын - жүз пайыз қазақстандық бірегей кәсіпорын.
Кәсіпорын КСРО Мұнай және газ кәсіпшілігі министрлігі құрылымына кірген «Ембімұнайгаз» АҚ-тың Өндірістік қызмет көрсету орталық базасының қайта құрылуы негізінде пайда болды. Қазір ол жеке компания және ірі бизнес субъектісі. Кәсіпорынның басты жетістіктері ретінде Теңіз бен Королевское кен орындарын бұрғылау жабдықтарымен қамтамасыз етуін, сондай-ақ «Ембімұнайгаз» ААҚ үшін диаметрі 273 мм-лік ұзындығы 100 шақырымдық Забурын - Мартыши мұнай құбыры құрылысын айтуға болады.
Бірегей кәсіпорынның мақтанышы - білікті кадрлары. Бүгінде кәсіпорын әлемдік деңгейдегі жетекші жабдық өндірушілерде оқып, сертификатталған жоғары квалификациялы қызметкерлермен қамтылған. 300-ге жуық жұмысшының бір бөлігі жабдықтарға далалық жағдайда қызмет көрсету жұмысымен айналысады. Кәсіпорын ИСО 9001, 14001, OHSAS 18001 стандарттарына сәйкес сертификатталған. Барлық шығарылатын өнім сертификатталған және ҚР-СТ талаптарына сай, өнім сапасын басқарудың интеграцияланған жүйесі енгізілген және үнемі бақыланады. 2013 жылы ЖШС API 7-1 және 5 SТ стандарттары бойынша өнім шығаруға сертификатталып, Америкалық мұнай институтының стандарттары бойынша өнім шығаратын қазақстандық алғашқы кәсіпорынның бірі атанды.
«Бәйтерек» холдингі McKinsey компаниясымен бірігіп, «ЖігерМұнай Сервис» ЖШС өңдеу саласында «ұлттық чемпион» атануға әлеуеті бар 32 компания қатарына қосқан болатын. Бұл тізімге бәсекеге қабілетті, елдің жалпы ішкі өнімінің өсуін, экономиканың диверсификациялануын, қазақстандық өнім экспортының өсімін, өнімділік пен рентабельділік өсімін қамтамасыз ететін компаниялар, сондай-ақ Қазақстан бизнесі үшін бүгінде маңызды саналатын жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндігі бар мекемелер кірді.
Қуаты күшті қондырғы
«ЖігерМұнайСервис» ЖШС бас директорының орынбасары Александр Яковлев: «Біздің кәсіпорын «100 қадам» бағдарламасының белсенді қатысушысы, біздің үш басым бағытымыз бар - ауыр типті бұрғылау қондырғыларын дайындау, мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылауға арналған алмаз кескішті бұрғылау долоталарын өндіру және көлденең ұңғымаларды бұрғылауды телеметрикалық қолдау» деп атап өтті А.Яковлев.
Биылғы жылдың сәуірінде кәсіпорынға «ҚМГ Бұрғылау» үшін Қазақстанда тұңғыш терең және өте терең мұнай және газ (7 мың метрге дейін) бұрғылау қондырғыларын дайындауды тапсырды. Жоба жарты жыл бұрын басталған болатын, ал сәуір айында тапсырыс беруші алғашқы орындалған тапсырысына қол жеткізді. «Бұл 7 мың метрден төмен терең ұңғымаларды бұрғылауға арналған алғашқы қазақстандық бұрғылау қондырғысы.
Біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен болған телекөпірге қатысқанымызда, ол қазақстандық кәсіпорынның мұндай қондырғылар шығара алатынын естігенде таңғалған болатын. Біздер мұны жасай алдық, бұрғылау қондырғысы шығарылды. Қазір Батыс Қазақстан облысындағы нүктеге орналастырылып, 6 мың метр тереңдік шамасындағы ұңғыма бұрғылануда. Бұл мұндай санаттағы алғашқы қондырғы және әлемдік стандарттарға сай келетін мұндай қондырғыларды жасай алатынымызды дәлелдедік» дейді Александр Яковлев.
Ұңғыма ерекшелігі - оның бұрғылау қуаттылығы мен тереңдігінде. Мұндай бұрғылау кешені іргесінен бастап, барлық агрегаттар, күштік қондырғылар және электронды жарақтармен қамтылған шын мәніндегі кешен - Қазақстандағы бірінші. Қуаты жөнінен бірінші - 2,5 мың ат күші, жүк көтеру бойынша - 650 тонна және бұрғылау тереңдігі бойынша - 7 мың метр. Кешеннің негізгі мақсаты - мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау.
Бұған дейін аталған ұңғымаларды мұнай компаниялары Ресейден, Қытайдан және Еуропа елдерінен сатып алып келген болатын. Логистика қиындықтары онсыз да жоғары бағалы қондырғылардың құнын одан әрі қымбаттата түскен еді. Мұндай кешенді орта деңгейлі мұнай компаниялардың өзі сатып ала алмай, жалға алуға жүгінгенін атап өтсек жеткілікті деп ойлаймыз. Тапсырыс берушілер қондырғы сапасының жақсы екенін, ең бастысы, Қазақстанда өндірілген бұрғылау ұңғымаларын сатып алу мүмкіндігі туғанын айтып отыр. Бұл - шетелдік баламалармен салыстырғанда бірнеше есе арзан. Қондырғының қуаттылығы жоғары.
Елімізде бұрғылау қондырғыларын шығару қадамдары бұған дейін де қолға алынған болатын, алайда олардың қуаттылығы төмен - үш мың метрге дейінгі тереңдікте еді. Елбасымыз айтқандай, Қазақстанның байлығы 5 мың метрден төмен тереңдікте жатыр. Сол себепті жаңа өндірістің маңызының қаншалықты зор екенін түсіну қиын емес. Мұндай өте терең қондырғыларға деген сұранысты толықтай қанағаттандыру үшін, тап осындай он кешен қажет.
Әлемдік тәжірибемен әлемге құлаш сермеу
Бұрғылау қондырғысы Америкалық мұнай институтының барлық талаптарына жауап береді. «ЖігерМұнайСервис» ЖШС бас директорының орынбасары Александр Яковлевтің айтуынша, басты мақсат - отандық нарықтың сұраныстарын толықтай қанағаттандыру. Содан соң Ресей, Түркіменстан нарықтарына шығу. Бүгінде бірегей кәсіпорын алыс шетелден тапсырыс алу мәселесін қарастырып, бүгінде осы санаттағы екінші бұрғылау қондырғысын құрастыруға келісімшарт жасасуда. Қондырғының бағасы - 30 млн доллар, ол ең мықты америкалық, еуропалық құрылғылармен жабдықталған. Кәсіпорын жетекші халықаралық компаниялармен бірлесе жұмыс істейді. Жабдықтар шетелдерден сатып алынады, елде отандық өнімдермен толықтырылып, шетелдік әріптестермен тығыз қарым-қатынаста құрастырылады. «Мұндай жабдық шығаратын өндірушілердің барлығы солай жұмыс істейді - құрамдас бөліктер сатып алынып, кәсіпорында монтаждалады» деп түсіндірді Александр Яковлев.
«Катерпиллер» секілді әлемдік индустрия көшбасшыларымен кооперацияда болу кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Осы санаттағы бес қондырғыны дайындауға тапсырыс түсіп, шетелдік компаниялардан әріптестік орнату жөнінде ұсыныстар келуде. Бұл саладағы жетекші халықаралық компаниялардың бірімен өзара түсіністік жөнінде келісімшартқа қол қойылды. Отандық өнімге алғашқы тапсырыс берген «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы болды.
Жер қабатының тереңіне бойлап, жерасты қазба байлығын ел игілігіне айналдыруға мол мүмкіндік тапқан «ЖігерМұнайСервис»ЖШС бас директорының орынбасары А.Яковлевтің айтуынша, бүгінде кәсіпорын басшылығы жаңа қондырғыны дайындау жөніндегі келісімшартпен қатар, өндірісті терең модернизациялауды қатар жүргізуде. Бұл мақсатта шамамен 15 миллион доллар жұмсалмақ. Бірегей кәсіпорын өндірісті ең жаңа жабдықтармен қамтып, оны роботтандыру, автоматтандыруды жүзеге асыруды мақсат етіп отыр. Кәсіпорын жұмысы ауқымының кеңеюі бірінші кезеңде 150-ге жуық жаңа жұмыс орнын, ал кәсіпорын толық қуатына қосылғанда 500-ге дейін жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ел экономикасының әлеуетін мақсат етіп отырған кәсіпорын өндіріс қуатын арттырып, 5 жылдан соң, жылына тереңдегі 7 мың метр тереңдікке жететін 5 қондырғы шығаруды жоспарлап отыр.
Бағындырар белестерге қарышты қадам
«ЖігерМұнайСервис»ЖШС Қазақстанда баламасы жоқ тағы бір өнім түрін шығарады. Ол - бұрғылау долоттары. Кәсіпорын ел нарығындағы орнын сайлап үлгерді. Белсенді түрде Ресей нарығы игеріліп жатыр, Түрiкменстан нарығында байланыстар орнатылып үлгерілді. Болашақта Африка елдерімен тиісті қарым-қатынас орнату жоспарда бар.
«Бұл «100 қадам» бағдарламасына кіретін екінші бағыт - мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылауға арналған алмаз кескішті бұрғылау долоттарын өндіру. Өткен жылы біз айтарлықтай көп көлемде өнім шығардық, оның бір бөлігін саттық, қалған бөлігін өз қажеттіліктерімізге пайдаланудамыз. Сондай-ақ бұрғылау жабдықтарын жалға берумен де айналысамыз. Бұл нарық айтарлықтай үлкен, бүгінде біз Қазақстан нарығының 20-25 пайызына қол жеткіздік. Осы көрсеткішті 40-45 пайызға жеткізу жоспарда бар. Біз долоттарды Ресейге жеткізуді де бастадық. Олардың артықшылығы, сапасы жөнінен шетелдік өнімдерден еш кем болмаса, бағасы жөнінен 30 пайыз арзан. Қазір осы долоттардың шығару көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз» дейді А.Яковлев.
Бірегей және баламасы жоқ өнімдерді шығарушы кәсіпорын жұмысының тағы бір бағыты - көлденең және ылдилап орналастырылған ұңғымаларды инженерлік-телеметриялық демеу қызметі. Далалық отрядтар параметрлерді қазіргі уақыт режимінде өлшеуге мүмкіндік беретін гидравликалық байланыс арнасы бар, гамма-каротажа және резистивиметрия модульдарымен жабдықталған APS телеметриялық жүйесімен қамтамасыз етілген.
«ЖігерМұнайСервис» ЖШС бас директорының орынбасары Александр Яковлев: «Біз бұл бағытта да халықаралық компаниялармен иық теңестіре бәсекелесе алатын алғашқы жүз пайыздық қазақстандық кәсіпорын болдық. Бұл бағыт әлемде де, Қазақстанда да үлкен сұранысқа ие. Бұл бағытта жұмыс істей бастаған жарты жыл ішінде 120 ұңғыма бұрғыласақ, оның 20-сы көлденең ұңғыма. Бұл - өте жақсы көрсеткіш, және бір қуантарлығы, ешбір тапсырыс берушіден атқарылған жұмыс бойынша, шағым түскен емес. Бүгінде аталған бағытта алты бригада қызмет етуде. Әрі қарай, бригада санын көбейтіп, тағы да жаңа 50 жұмыс орнын ашу ойымызда бар. Бұл аталған қызмет түрі шетелге шығару мақсатында жасалып отыр. Қазір Ресейде жұмыс істей бастадық, бүгінге дейін 10 ұңғыманы бұрғыладық», - деп болашақтағы уақыт еншісінде басқа елдердің нарығын игеруді жоспарлап отырғандықтарын ашық айтты.
Сайып келгенде, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев телекөпір арқылы өндірісті қосуға рұқсат еткен айтулы күні: «Қазір 4-5 мың метрлік тереңдікті қазып жүрміз. Жалпы, сарапшылардың айтуынша, бұдан да төмен тереңдікте Қазақстанның байлығы бірнеше есе көп. Сондықтан да бұл жаңа технология - Қазақстанда бұрын болмаған технология. Бұрғылайтын қондырғыларды жасау сендер үшін зор бақыт. Сіздер тұңғыш оны игерген адамдар ретінде тарихта қаласыздар» деуі «ЖігерМұнайСервис» кәсіпорнының болашақта да серпінді қадамға сенімді қадам басуына себепкер болары сөзсіз.
Жалпы, қай мемлекеттің болсын, бәсекеге қабілеттілігін көрсететін оның экономикасы. Бүгінде Президенттің пәрменімен жүргізіліп отырған индустриалды-инновациялық саясаттың басты мақсаты экономиканы дамытуға арналған. Бұл жөнінде Елбасының «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа арнаған Жолдауында және «Қазақстан - 2050. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты стратегиясында нақты айтылды. Экономиканың қарқынды дамуы халықтың әлеуметіне де серпін береді. Халық жұмыспен қамтылып, өзінің отбасы - шағын мемлекетінің әлеуетін арттыруға мүмкіндігі болады.
2015-2019 жылдары жүзеге асырылатын индустрияландырудың екінші кезеңі экономиканың теңдестірілген құрылымын жасауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталуда. Жаңа жұмыс орындары елдің экспорттық әлеуетін арттыратын қайта өңдеу саласында, макроэкономикалық тұрақтылық пен оның өсіміне қаржылық негізді қамтамасыз ететін дәстүрлі шикізат секторы, инновациялық және қызмет көрсету салаларында ашылатыны көзделіп отыр. Бұл бағытта қара алтынды аймақ - Атырау облысында да ауқымды жобаларды жүзеге асыру мақсаты тұр.
Елімізде жүзеге асуы көзделген 2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Атырау аймағында баламасы жоқ, бірегей қазақстандық кәсіпорындардың қатары толығарына үмітіміз зор.