АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Ғылым ордасы» РМК кешенінде «Орталық Азиядағы тарихнама және деректер: өткені, бүгіні және болашағы туралы жаңа зерттеулер» атты Халықаралық семинар-практикум басталды.
Оған Халықаралық Түркі академиясының, Қожахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен бірқатар шет елдердегі жоғары оқу орындарының белгілі тарихшы-ғалымдары қатысуда.
«Таяуда Елбасы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында түркі әлемін жақындастыруда тарихтың маңыздылығына, сабақтастығына және тарихи сананың ортақтығына ерекше тоқталды. Шынында да тарих ұлттық сананы қалыптастырады. Сондықтан, тарихты тарихшылар жазуы керек. Өйткені Ататүріктің сөзімен айтар болсақ, тарихты жазу - тарихты жасаумен бірдей. Ал біз шын мәнінде тарихты жасаған ұлтпыз. Еуразия кеңістігінің соңғы 4 мың жылдығын алып қарайтын болсақ, оны түркілердің тарихынсыз қарау мүмкін емес. Бірақ, соңғы жүзжылдықта тарихты жазуда олқылықтар жібергеніміз өзімізге де, басқа да аян. Өйткені, тарихымызды жеңімпаздар жазып келді. Дегенмен, түркілердің өркениеті 4 мың жыл бойы өзінің тарихымен, мәдениетімен, жазуымен ерекшеленіп келді. Түркі өркениеті дүниені жаулап алушы көшпелі өркениет емес, адамзат тарихында ерекше орын алатын, ғылым мен мәдениеттің дамуына өзіндік үлес қосқан өркениет. Мұны енді тайға таңба басқандай етіп жазу тарихшыларымыздың міндеті. Бүгінгі жиын осы бағытты айқындауға, жазу әдістемесін анықтауға арналып отыр», - деді өз сөзінде Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дархан Қыдырәлі.
Айта кетелік, бүгінгі семинар-практикум барысында оған қатысушылар қолданыстағы және жаңадан айқындалған мұрағат деректері негізінде Орталық Азия тарихын зерттеудің әдістемелік мәселелерін талқылап, аталған саланың алдағы дамуына қатысты басым міндеттерді айқындайды.
Алқалы жиынның жұмысы одан әрі жалғасуда.
Дереккөз:ҚазАқпарат