Бірлік ауылында жаңа мешіт ашылды - Қызылорда облысы

/uploads/thumbnail/20170708201347680_small.jpg

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сырдария өзенінің сол жағалауындағы Бірлік ауылында жаңа мешіт халық игілігіне пайдалануға берілді, деп хабарлады Қазалы аудандық әкімдігінің баспасөз қызметінен.
«Рамберді ишан» мешітінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Нажмадин Шамұратов: «Қасиетті жұма күнінде ашылған жаңа мешіттің ынтымақ пен рухани достыққа шақыратын орынға, имандылық жолындағы рухани білім ошағына айналуына тілекшіміз. «Талап - пендеден, қолдау - тәңірден» дейді дана халқымыз. Талапты азаматтарымыздың ізгі істері оңға басып, құлшылық еткен әрбір адамның ыстық-ықыласы Алладан қолдау тапсын», - деп халықты көптен күткен қуанышпен құттықтады. 

Тәуелсіздік алған жылдары Қызылорда облысында 23 ғана мешіт болса, қазіргі таңда олардың саны 155-ке жетті. Бұл аймақтағы әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар рухани құндылықтарымыздың да жанданғанын білдірсе керек. 

Ал аудан бойынша 24 мешіт халық игілігі үшін жұмыс жасайды. Соның негізінде діни сауаты бар азаматтар саны артып келеді. Жастар ислам дініне ден қойып, имандылық пен адамгершілік қасиеттерді бойларына сіңіруде. Өткен айдың өзінде екі ауылда (Қ.Пірімов, Ақтан батыр ауылдары) жаңа мешіт пайдалануға берілді. Бүгін олардың қатары тағы бір мешітке көбейді.

Мешітке аты берілген Рамберді ишан Бұхара, Самарқанда діни оқу орындарынан дәріс алған емші әрі әулие кісі болған. 1896 жылы осы Бірлік ауылына келіп, алғаш рет Алланың жердегі үйі - мешітті салып, халықты имандылыққа шақырған. Ал кейін 1998 жылы азаматтардың қолдауымен азық-түлік дүкені мешіт ғимаратына беріліп, «Рамберді ишан» мешітін ашылған болатын. Одан бері 20 жылға жуық уақыт өтіп, мәслихат депутаты, кәсіпкер Бекқали Бекбауылов мешіт құрылысын жүргізуді қолға алған. Ауыл тұрғындары жомарт жанға алғыс білдіріп, сый-құрмет көрсетті. 
Мұнан соң жұртшылық арнайы астан дәм татып тарқасты. Өнерпаздар жырдан шашу шашса, жастар түрлі спорттан жарысқа түсті.

Дереккөз. Қазақпарат

Қатысты Мақалалар