Қылмыс азаяды, киберқауіптер көбейіп, жер сілкінісіне негізделіп салынған тұрғын үйлер саны артып жатыр. Ресми статистика негізінде Қазақстанның ең үлкен қаласы - Алматының қауіпсіздігіне талдау жасап көрдік.
Алматы – Қазақстанның ең ірі мегаполисі және еліміздің маңызды әлеуметтік, экономикалық және көлік тораптарының бірі. Мұнда қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бірінші кезектегі міндет. ІІМ, Бас прокуратура және ТЖМ мәліметтері бойынша, соңғы екі жылда қала қылмысқа қарсы күресте оң динамиканы көрсетіп отыр. Алайда мемлекеттік саясат деңгейінде назар аударуды талап ететін мәселер де жоқ емес.
Қаладағы қылмыстық жағдай қандай?
Алматы полиция департаментінің ресми ақпараты бойынша, биылғы қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 10,3 пайызға төмендеген. Жеңіл және ауыр қылмыстардың азаюы ерекше байқалды.
Сонымен, тонау саны 29,3 пайызға, ұрлық — 33,2 пайызға, автокөлік ұрлау — 16,7 пайызға төмендеді. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың 9,4 пайызға төмендеуі байқалды.
Бас прокуратура 2024 жылы Алматыда 24 965 қылмыс тіркелгенін хабарлайды. Бұл ел бойынша жалпы санның шамамен 18,8 пайызы. 2023 жылы бұл көрсеткіш 27 834 жағдайды құрады, бұл оң динамиканы көрсетеді. Ал мемлекет бойынша қылмыс саны 5,3 пайызға қысқарды.
"Сергек" жүйесі және көше қауіпсіздігі
Құқықтық тәртіпті нығайтуға ықпал ететін құралдардың бірі "Сергек" бейнебақылау жүйесі болды. Алматыда 3000-ға жуық камера орнатылған, олар автоматты режимде жұмыс істейді және жол қозғалысы ережелерін бұзған заңсыздықтарды тіркейді. Бүгінгі таңда "ақылды" бейнебақылау жүйесімен әкімдік бірыңғай мониторинг және жедел басқару орталығы арқылы қала қауіпсіздігін бақылап отыр.
Полицияның мәліметінше, бейнебақылау көшедегі қылмыс деңгейін төмендетуге және патрульдік қызметтердің жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Алаяқтар азаймай тұр
Көшедегі қылмыс азайғанымен қаладағы киберқылмыс саны артып келеді. Ішкі істер министрлігінің соңғы мәліметі бойынша кибералаяқтық пен ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жасалған қылмыстардың үлесі елде тіркелген барлық қылмыстың 42 пайызын құрайды.
Бұл дегеніміз, 45 мыңға жуық қылмыс интернеттегі алаяқтықпен, фишингпен, шоттарды бұзумен және желідегі қаржылық алаяқтықпен байланысты. ІІМ бұған қатысты алдын алу шараларын жүргізуде. Бүгінге дейін күдікті қоңырауларды бұғаттау, жалған сайттарды анықтау, БАҚ және мессенджерлер арқылы алдын алу секілді шаралар жүргізілді. Алаяқтар уақыт өте келе түрлі айла-тәсілдер ойлап табатынды. Сол себепті бұл қылмыс түрін толық тыю қиынға соғуда.
Қаладағы сейсмикалық қауіп
Алматы сейсмикалық қаупі жоғары аймақта орналасқан және тұрғын үй жағдайы қалалық қауіпсіздіктің негізгі мәселесі болып қала береді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша, тұрғын үйлердің тек 14 пайызы жер сілкінісіне төзімділіктің заманауи талаптарына сәйкес келеді.
ТЖМ мен әкімдік өткізетін тұрақты оқу-жаттығулар төтенше жағдайға дайындықты арттыруға бағытталған. Алайда сарапшылар ескі тұрғын үй қорын ауқымды жаңғырту және жаңа құрылыстарға бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.
Алматылықтардың көбі жер сілкінісіне байланысты арнайы хабарламаның жедел түрде жіберілмейтініне наразы. Қалада төтенше жағдайлар кезінде ведомствоаралық өзара іс-қимыл жүйесі жұмыс істейді. ІІМ, ТЖМ және әкімдік жедел штабтар, SMS-хабарламалар жүйесі және үйлестіру комиссиялары арқылы жұмыс істейді. Дегенмен, құрылымдар арасында онлайн ақпарат алмасу үшін бірыңғай цифрлық платформаның болмауы хабарламаны уақытылы жіберуге кедергісін тигізбей қоймайды.
Тұрғын үй кешеніндегі жеке қауіпсіздік
Жеке қауіпсіздік компаниялары тұрғын үй және коммерциялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Алматыда қауіпсіздік компаниялары тұрғын үй кешендерін, бизнес-орталықтар мен мектептерді күзетеді.
Дегенмен, елде күзетшілерді даярлау мен қызмет стандарттарын реттейтін бірыңғай заңнама әлі жоқ. Бұл құқықтық олқылықтарды тудырады және халықтың жеке қауіпсіздік құрылымдарына деген сенімін төмендетеді. Ішкі істер министрлігі бұған дейін күзетшілерді міндетті түрде аттестаттау және лицензиялау туралы ұсыныстар жасаған болатын, бірақ тиісті заң жобасы әлі қабылданған жоқ.
Алматы қылмысқа қарсы күресте және қалалық қауіпсіздік жүйесін құруда оң көрсеткіштер көрсетіп отыр. Мегополистегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бұл бір реттік науқан емес, қаладағы жанашыр азаматтардың қатысуын талап ететін тұрақты процесс. Алматының қауіпсіз мегаполистің озық үлгісі болуға мүмкіндігі бар. Бірақ бұл үшін арнайы техника ғана емес, сенім, ашықтық және жүйелілік қажет.