АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан «Amal Bio» компаниясының алма бақтары қарқынды бау-бақша шаруашылығы жүйесі мен заманауи технологияларды қолданудың арқасында бір гектар жерден 60 тоннаға дейін алма береді.
«Алма бағы Іле Алатауының бөктерлерінде теңіз деңгейінен 500-800 метр биіктікте орналасқан. Бұл алманың қысқы сұрыптарын өсіруге тамаша мүмкіндік береді. Біз алманың бүкіл әлемге танымал 10 сұрыбын өсіреміз. Олардың барлығы қарқынды бау-бақша шаруашылығы жүйесіне өте қолайлы. Көшеттер солтүстік Италиядан жеткізілген. Әрқайсысының бағасы - 3,5 еуро. Бұлар аса биік өспейді, бойлары тырбиған. Сондықтан арасын 90 сантиметрден қалдырып еге беруге болады. Ал жергілікті алма көшеттерінің арасы әрине кем дегенде 4 метр болуы керек. Бір жақсысы, бұл жүйе көшетті отырғызғаннан кейін, келесі жылы-ақ одан өнім алуға мүмкіндік береді. Оның үстіне олар демалмайды. Жыл сайын жақсы өнім береді. Ал біздің алманың көшеттері тек бесінші жылы ғана өнім беретіні белгілі. Онда да бір жылы жақсы өнім берсе, келесі жылы демалады», - деді баспасөз туры барысында «Amal Bio» компаниясының директоры Асқар Сабыров.
Ол сонымен қатар қарқынды бау-бақша шаруашылығы жүйесіне белгілі бір технология керек екендігін айтты. Біріншіден, ағаштарды ұстап тұратын бетон шпалерлер, яғни қадалар керек. Өйткені, әрбір түп ағашта 80-ге дейін алма өніп шығады. Сондай-ақ, шпалерлер бақтың үстіне бұршақтан және күн радиациясынан қорғайтын тор жауып қоюға мүмкіндік береді. Ал бұл бір жағынан қосымша ылғал сақтайды.
«Тағы бір айта кететін жәйт, ол тамшылап суару жүйесі. Соның арқасында құнарсыз жерге де өнім егуге болады. Одан басқа, жер қыртысының құнарлы қабаты бүлінбейді және 1000 есеге дейін су үнемделеді. Бізде алма ағаштары барлығы 42 гектар жерге егілді. Ал 2017 жылға қарай, оны 100 гектарға жеткізуді көздеп отырмыз. Бірінші өнім 200 тоннаны құраған болатын. Биыл 400 тонна болды. Ал келесі жылы 1000 тонна алма жинауды жоспарлап отырмыз, - деді А. Сабыров.
Оның айтуынша, компания алдында бау-бақша базасында ғылыми орталық ашу жоспарда бар. Онда кез келген фермер алманың сұрыбы, күтімі, тыңайтқыш беру және басқа да сұрақтар бойынша ақыл-кеңес ала алады.
«Біздің агрономдар тұрақты негізде Батыс Еуропа елдерінде тағлымдамадан өтіп тұрады. Одан басқа, өткен жылы біз 2,3 тонна жеміс-жидек сақтауға болатын қойманы іске қостық. Ол Германиядан әкелінген 10 тоңазытқыштық камерамен жабдықталған. Онда алманы +2+4 градуста бір жыл жылға дейін ультратөмен оттегінде сақтауға болады. Бұл жерде алмаға тұрақты түрде қант, крахмал, және басқа да көрсеткіштер бойынша сараптама жүргізіліп отырады. Сондай-ақ, мұнда цитрус, жүзім және алмұрт жемісін сақтауға арналған екі камера орнатылған. «Даму» қоры шеңберінде біз тоңазытқыш қондырғылары бойынша 68 млн. теңге көмекқаржы алдық», - деді компания басқарушыларының бірі Камал Насыров.
Сонымен қатар, жеміс-жидек сақтау қоймасында сұрыптау және қаптау бойынша итальяндық қондырғы орнатылған. Ол сағатына 3 тоннаға дейін алма өңдейді. Яғни, жемістердіүлкендігі, салмағы және түсі бойынша іріктейді.
«Қазір көкөніс қоймасын да іске қосып жатырмыз. Оның да жалпы ауданы 6 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда 30 адам жұмыс істейді. Яғни, бізде жеміс ағаштарын өсіруден бастап, оларды қаладағы сауда орындарына жеткізуге дейінгі кезең түгел қамтылған», - К. Насыров.
Ол сондай-ақ, жобаның алғашқы кезегін жүзеге асыру үшін 70 млн. теңге инвестиция жұмсалғандығын айтты.
«Өтелу мерзімі шамамен 10 жылды құрайды. Сондықтан бұл ұзақ мерзімді жоба. Бірақ біздің мақсатымыз - тұрғындарды жыл он екі ай экологиялық жағынан таза, жоғары сапалы алмамен қамтамасыз ету. Өйткені, алмаларды алыстан тасудың қажеті жоқ. Және оларды тасу және сақтау үшін заманауи технологиялар қолданылады. Алманың жоғары сапасы, дәмділік қасиеті сақталды. Сәйкесінше, бағасы да шет елден жеткізілетін алмаларға қарағанда арзан болады. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің қолдауымен, заманауи технологияларды пайдаланып, жер мен суға ұқыппен қарайтын болсақ, Қазақстанда ең жоғары сапалы азық-түлік өндіруге болады», - деді А. Сабыров.
Дереккөз: Қазақпарат