Иранда экономикалық жағдайға қарсы жаппай наразылықтар күшейіп, билік ел бойынша интернетті толықтай өшірді. Халықаралық бақылаушылардың мәліметінше, соңғы 12 күнде қауіпсіздік күштері кемінде 45 наразылық білдірушіні өлтірген, олардың арасында балалар да бар.
Наразылықтар Иранның барлық 31 провинциясын қамтыды. Күрд аймақтарында дүкендер жаппай жабылып, жалпы ереуіл өтті. Кей өңірлерде демонстранттарға оқ атылғаны хабарланды. Оңтүстіктегі Фарс провинциясында наразылар бұрынғы Құдс күштері қолбасшысы Қасым Сүлейманидің ескерткішін құлатты.
Билік әрекеттерін құқық қорғау ұйымдары «шектен тыс күш қолдану» деп бағалады. Amnesty International қауіпсіздік күштері бейбіт тұрғындар мен кездейсоқ адамдарға да оқ атқанын мәлімдеді. Мыңдаған адам қамауға алынған.
Иран президенті Масуд Пезешкиян күш қолданбауға және халықпен диалог жүргізуге шақырды. Алайда елдегі экономикалық дағдарыс тереңдеп барады: азық-түлік бағасы бір жылда 70%-дан астамға, дәрі-дәрмек бағасы шамамен 50%-ға қымбаттаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігі наразыларды өлтіруді жалғастырса, Вашингтон қатаң шара қолданатынын ескертті. Ал Германия Иран билігінің әрекетін айыптады.
Сарапшылар бұл толқуларды Ирандағы соңғы үш жылдағы ең ауқымды наразылықтар деп бағалап отыр.