Трамп әкімшілігі Гренландияны қаншаға сатып алғысы келетінін мәлімдеді

/uploads/thumbnail/20260109124852977_big.webp Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Гренландияны АҚШ құрамына қосу мүмкіндігін қайтадан күн тәртібіне шығарды.

БАҚ мәліметінше, Вашингтон Гренландия халқының әрбір тұрғынына 10 мыңнан 100 мың долларға дейін біржолғы төлем жасау нұсқасын талқылап жатыр. Халқы шамамен 57 мың адам болатын арал үшін бұл жоспардың жалпы құны 6 млрд долларға дейін жетуі мүмкін.

Ақ үй бұл қадамды ұлттық қауіпсіздікпен байланыстырып, Арктика аймағында Ресей мен Қытай ықпалына тосқауыл қою қажет екенін алға тартуда.

Трамп Гренландияның стратегиялық маңызы зор екенін, оның пайдалы қазбаларға бай әрі Арктикадағы әскери бақылау үшін шешуші аймақ екенін мәлімдеді. Алайда Дания мен Гренландия билігі аралдың сатылмайтынын қатаң айтып, бұл ұсынысты халықаралық құқыққа қайшы деп бағалады.

Еуропа елдері бұл бастама НАТО ішіндегі сенімге нұқсан келтіруі мүмкін екенін ескертуде. Ал Гренландия премьер-министрі АҚШ-ты қысым мен аннексия туралы мәлімдемелерді тоқтатып, тек дипломатиялық жолмен сөйлесуге шақырды.

Сарапшылардың пікірінше, Гренландия төңірегіндегі бұл талқылаулар Арктикадағы геосаяси бәсекенің күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

АҚШ-тың Гренландияға қызығушылығы жаңа емес. 1867 жылы Алясканы сатып алғаннан кейін Вашингтон алғаш рет Гренландияны да алу идеясын талқылаған. 1946 жылы АҚШ президенті Гарри Трумэн Данияға аралды 100 миллион долларға сатып алу жөнінде ресми ұсыныс жасаған, алайда Копенгаген бұл ұсынысты қабылдамаған. Соған қарамастан, АҚШ Гренландияда әскери базалар орналастырып, аймақтағы стратегиялық ықпалын сақтап қалды.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар