Мемлекет – белгілі бір аумаққа иелік етіп, сол жердегі халықтың еркін дамуына мүмкіндік беретін, қоғам табиғатынан туындайтын ортақ істерді атқаруға қажетті басқарудың жоғарғы дәрежеде ұйымдасқан жүйесі, саяси билік ұйымы. Егемендікке ие және қоғамды басқаруды арнайы механизмдер (аппарат) арқылы жүзеге асыратын қоғамдағы саяси билікті ұйымдастырудың еркеше түрі, саяси жүйенің орталық институты деп жатамыз. Қашан болмасын мемлекеттің өз азаматтарының өмірі мен құқықтарының қорғалуы алдындағы жауапкершілігін жоққа шығара алмаймыз. Яғни, мемлекет өз азаматтарының әлеуметтік тұрғыда толысуына, қоғамға пайдалы білім алып, білімі мен тәжірибесін қоғам игілігіне жұмсауға қажет жағдайлар туғызуға міндетті болса, азаматтар өз кезегінде соған лайықты жауап қатады. Күш-жігерін ортақ іске – Отанын гүлдендіруге жұмсайды.
Бір қарағанда жалынды пафосқа ұқсағанымен, бұл – өмір заңы. Осы тұрақты үрдістің кідірмей қозғалыста болуын, тараптардың бір-бірі алдындағы міндеттемелерін бұлжытпай орындауын қамтамасыз ететін бір күш бар. Ол күш – әділдік күші. Әділдік болмаған жағдайда өзара сенім де болмайды. Сенім жоғалған жерде сүйіспеншілік пен адалдыққа орын жоқ екені тағы белгілі.
Күнделікті қат-қабат тіршілік барысында, сан тараптан ағылған ақпарат легінің ішінде жүріп адам мен қоғам, мемлекеттің дамуындағы адам факторы, адамдардың тұлғалық дамуындағы мемлекеттің рөлі деген мәселелер туралы ойланып жүрміз бе? Біз өзімізді қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезіне аламыз ба? Қоғам бізді қаншалықты қажетсініп отыр? Мемлекет пен адамның байланысын қамтамасыз етуші алтын көпір – әлеуеметтік әділдік деген бар ма өзі? «Бар» деуге ауыз бармайтын сияқты. Йә, ешкім қолына шоқпар алып, мемлекетке қарсы шауып жатқан жоқ. Әркім, хал-қадірінше еңбек етіп, әрекет жасауда. «Әйте қоймадың, бүйте қоймадың. Ана жерде ананы бермедің, мына жерде мынадан құр қалдым» дейтін масылдық санадағы жандар да сиреген қазір. Бірақ, сонда да адам мен мемлекет арасында сенімнен гөрі, санасушылық басым сияқты көрінеді. Қоғамдық үдерістерді реттейтін заңдар да сол сенімсіздік қағидаларына негізделгендей.
Сенім – ертеңгі күнге деген талпынысты қозғаушы күш дейміз. Біз ертеңіміз туралы не ойлаймыз. Армандарымыз қандай? Бізде арман деген бар ма жалпы? Жоқ сияқты ма? Иә. Армандауды қойғанбыз. Армандау үшін үміттендіруші бір күштер болу керек сияқты. Ал, біз болашағымызды көз алдымызға елестете алмаймыз. Елестеткен күнде де бұлыңғыр елестен ары ештеңе көре алмаймыз. Ертеңге сенбейміз. Тек бүгінгінің күйбеңіне бас қатырудан әрі аспаймыз. Тек бүгінмен өмір сүру әңгіме басында айтылған адамға да, сол адамдар алдында белгілі бір жауапкершілік арқалайтын мемлекетке де тән қасиет. Бәлкім, қасірет...