РЕСЕЙГЕ КЕТКІСІ КЕЛЕТІНДЕРДІ БАЙЛАП ҰСТАЙМЫЗ БА?

/uploads/thumbnail/20170708201546447_small.jpg

Алдағы уақытта еліміздегі Ұлттық Бірыңғай Тестілеудің өту мерізімі өзгеруі мүмкін. Бұл туралы өткен аптада ҚР білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңадан жасалып жатқан «тың» жоба келер жылы сынақ түрінде енгізіледі. Министрліктің мұндай қадамға баруына елімізден Ресейге оқуға кететін жастардың күрт көбеюі себеп болған көрінеді.

Бұған дейін елімізде емтихан тапсыру сынағы тек жаз мезгілінде өтетін. Ал алдағы уақытта аталған сынақ жылына бірнеше рет ұйымдастырылатын болады. Бір жағынан министрліктің мұндай жобаны іске асыруы дұрыс та шығар. Өйткені, мектеп түлектері аталған сынақтар арқылы білімін артырып, қандай мамандық таңдайтынын айқындай түседі. Әйтсе де, вице-министрдің бұл бастаманы «Ресейге жастарымыз кетіп жатыр» деп  түсіндіруі түсініксіз болып отыр. Такир Балықбаевтың айтуынша соңғы жылдары көршілес елдің жоғарғы оқу орындары Қазақ еліне келіп, жастарды Ресейде оқуға шақыруын жиілеткен. Сондай-ақ ол үгіт-насихаттың арқасында қазақстандық жастардың көпшілігі Ресейде білім алуға талпынып отырғанын мәлімдеді.

Біз осы жоба арқылы жастардың өзге елге кетуіне тосқауыл қойғымыз келеді. Сондықтан Ұлттық бірыңғай тестілеудің тәртібіне осындай өзгерістер енгізудеміз. Бұл ретте Ресейдің, Американың тәжірибесіне сүйендік. Аталған жоба жемісін берсе, ҰБТ бір реттік науқан емес, түлектердің талап-тілегіне қарай өткізіледі, – дейді  Такир Балықбаев.

Қош, сонымен, ҰБТ мерізімінің өзгеруіне жастардың Ресейге жаппай оқуға кетуі негізгі себеп болып отыр екен. Әйтсе де аталған министрліктің «оқимын» деген баланың «бетін қақпай, белін буудың орнына» неге тосқауыл болып отырғаны түсініксіз. «Ілім іздеп Қытайға барсаңда артық болмас» демекші, дүние білімін қай жерден алсаң да артықтық етпейді. Бұл – бір. Екіншіден, еліміздегі білім беру жүйесі жақсы дамыған болса, жастар жаппай шет елге оқуға аттанбас еді ғой. Сондықтан да, министрлік «тосқауыл қоюға» асықпай ең әуелі еліміздің білім беру жүйесін дамытуы керек. Себебі, «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар».

Үшіншіден, Ресейге кетіп жатқан жастардың басым бөлігі өздерінің тарихи отанына оралып жатқан орыстар. Мәселен, елімізде тұрып жатқан диаспоралардың басым бөлігі өз болашағын Қазақ елімен байланыстырғысы келмейді. Сондықтан да олар өз отандарына оралып, Ресейге жаппай кетіп жатыр, кетпегендері кетсек дейді. Сонда оларды байлап ұстамақпыз ба? Олай болса, неге Аслан Сәрінжіпов басқаратын министрлік тарихи отанына оралғысы келетін орыс жастарының аяғына тұсау болып отыр? «Зорлап қосқан тазы түлкі алмайды» демекші Ресейге кеткісі келген орыстарға қанша жерден тосқауыл қойсақ та өз елдеріне кетеді. Ал бұған кедергі келтіру ақымақ адамның ісі. Ұзын сөздің қысқасы, Үкімет кетем дегенде, келем дегенде азаматтарға тосқауыл қоймауы керек.

Келем демекші, шет елде «отаныма оралсам екен» деп жүрген 5 миллионнан астам қазақ бар. Олардың басым бөлігі – қылшылдаған жастар. Сондықтан да министрлік орыс жастарына тосқауыл қоймай, «келем» деген қандастарын солтүстік өңірлерге әкелсін. Бұл, әрине, ең біріншіден «Мәңгілік ел» боламыз деп отырған елдің болашағы үшін маңызды. Ал, Такир Балықбаевтың Ресейге кетіп жатқан орыс жастарына қабырғасы қарс айрылуы қалай? Жалпы Білім және ғылым министрлігі Қазақ елінің болашағы орыс жастарында деп жүрген сияқты.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Астана

Қатысты Мақалалар