Дағдарысты дабыра қылу жауапкершіліктен жалтарудың жолы ма?

/uploads/thumbnail/20170708201552291_small.jpg

Бүгінгі таңда екінің бірі айтатын әңгіме – дағдарыс. Теңге құлдырады – дағдарыс. Инфляция – дағдарыс. Бензин қымбаттады – дағдарыс. Жұмыста қысқарту – дағдарыс. Еңбекақы кеміді – дағдарыс. Айналаның бәрі дағдарыс деп даурығуда. Себеп-салдары түсініксіз даурығу.

Дағдарыс туралы дақпырттың шыққанына да біраз болды. Әлемдік нарықтағы мұнай бағасы біз ойлаған («біз ойлаған» дегенде сол өкімет жобалаған баға ғой. Әйтпесе, сол қор биржасына көз тіккен қазақ жоқ) межеден төмендей бастағанда-ақ биліктегілер қылпылдап сала берді. Қылпылдамай қайтсін. Бюджетке түсетін кірістің басым бөлігі осы экспорттан, оның ішінде мұнай мен басқа да қазба байлықтарынан түседі.

Ал, мұнай болса ай сайын емес, күн сайын құлдырап барады. Арзан мұнайдың абыройдан айыратынын түсінген билік жоқ, бірақ. «Қарақтарым-ау, мұнай бағасы құлдырап барады. Қазынаға түсетін қаражат кеміп жатыр. Тығырықтан шығудың басқа да жолдары бар ма екен? Қарастырайық» деген бір басшы көрмедік. Мәселенің бәрін айналаға, қайдан келгені белгісіз дағдарыс деген дүлейге итеріп сап отыра беруді біздің басшылар әдетке айналдырып бара жатқандай. Күнде еститініміз: «Ойбай, дағдарыс! Әлем астан-кестең болыр жатыр. Ол бізге де келеді. Кеп қалды. Міне, келді. Бұл ештеңе емес. Алда бұдан да жаман апаттар бар» деген сияқты түңіліске толы, қара аспанды толтырған үмітсіз мәлімдемелер.

Осындайда билік алдыңғы жылдардағыдай жоқтан бар жасап, елді алдарқатудың жолын таба алмағаны ма деген ойға қаласың. Естеріңізде болса, 2009 жылы Елбасы Жолдауына сай ел көлемінде «Жол картасы» деген бағдарлама жасалып, жұмыстан қысқарғандардың екі қолына бір күрек ұстатқан, нарықта сұранысқа ие мамандықтарға бірнеше мың адамды қайта оқытқан, бюджет қаражатын тиімді ұқсатып құлағалы тұрған біраз мектеп пен аурухананы жамап-жасқаған, тіпті, қаншама жаңа балабақша ашқан осы билік емес пе еді? Ең құрығанда сол қарқында жұмыс істеуге болмай ма деп дал боласыз.   

Өкімет басындағылар осылай шарасыз күй кешкесін басқалар қайтсын. Алып өндірісті шыр айналдырған алпауыттар да, ірілі-ұсақты бизнесмендер де ойларына келгенді істеуге көшті. Дағдарысты сылтауратып жұмысшыларды қысқарту, айлық кесу сынды әрекеттер қалыпты жағдайға айналып барады. Мұның барлығы халықтың әл-ауқатының кемуіне, әлеуметтік қиындықтардың айналып кеп сол биліктің маңдайына таяқ боп қайта тиетінін ойлаған бір жан жоқ сияқты.

Елдегі экономикалық қиындықтарға сырттан келген себеп деп тек мұнай бағасының құлдырауын ғана айта аламыз. Басқасының барлығы іште шешілетін, әкім-қаралардың білім-біліктілігінің көрсеткіші болатын мәселелер. Бір мұнайға қарап отырған болса, осыған дейін өкіметтегілер құр отырған дейміз бе? Әлемдік тәжірибеде мұнай бағасының күрт төмендеуі бірінші ретт болып отырған жоқ. Әрбір ертеңін ойлаған ел, халық алдындағы жауапкершілігін сезінген билік түрлі жағдайларды ескеріп, осындай жағдайларда іске қоса қоятын қосалқы жоспарларды күні бұртын жасап қояды емес пе? Ендеше, біздікі не даурықпа?! Елдің сенімін күшейтіп, жігерлендіру орнына еңсесін езіп, кері тартуымыз қалай? Шынымен де, дағдарыс мәселені шешудің емес, кәсіби біліксіздікті бүркемелеудің оңай әдісі болғаны ма?

 

Дархан Мұқан

Қатысты Мақалалар